Мәзір
18 наурыз, 2024 / JariaLike / Күн-Жария

Ұлттық құрылтай – Ұлттық намыс – Ұлт болашағы

Ұлттық құрылтай – Ұлттық намыс – Ұлт болашағы Ұлттық құрылтай – Ұлттық намыс – Ұлт болашағы
Ашық дереккөзі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзін тыңдағада ұлы Абайдың: «Қазаққа күзетші болайын деп, біз де ел болып, жұрт білгенді біліп, халық қатарына қосылудың қамын жейік деп  ниеттеніп үйрену керек» деген жанашыр сөзі еріксіз ойға оралды. Президент ойының Абай сөзімен үндесуін оның осы Құрылтайда  айтқан елдің ел болу бағытына ұсынған алты құндылығы дәлелдейді.

«Мен барлық пікірді қорыта келе, ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтарға тоқталғым келеді. Бұл, ең алдымен, Тәуелсіздік және Отаншылдық. Әр азамат Отанға деген сүйіспеншілігін сөзбен ғана емес, нақты іспен көрсетуі қажет. Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін терең сезініп, оны бағалай білуі керек. Біз әділетті мемлекет пен отаншыл, адал азаматтардың күш-жігерін үйлестіріп жұмылдыру және халқымыздың мәдени кодын үнемі заман талабына сай бейімдеп отыру арқылы ғана ең маңызды міндетімізді орындай аламыз, яғни қастерлі Тәуелсіздігімізді сақтап, нығайта түсеміз. Біз біртұтас ұлт және халықаралық қауымдастықтың жауапты мүшесі ретінде ұлттық мүддемізді, егемендігіміз бен Тәуелсіздігімізді қорғауға әрдайым дайын болуымыз қажет»,-деді. Президент келтірген қалған бес құндылық қастерлі Тәуелсіздігімзді, мызғымастай берік етудің, мәңгілік етудің, ел қатарына қосудың алтын кірпіштері іспетті. Олар: «Бірлік және ынтымақ; әділдік және жауапкершілік; заң және тәртіп; еңбекқорлық және кәсіби біліктілік; жасампаздық және жаңашылдық».

Иә, бұл ой, бұл тұжырымды, аталған құндылықтарды  Президент сыртттан алып, өзгелердің жолын көрсетіп отырған жоқ. Бұл құндылықтар төл тарихымызға, мәдениетімізге, болашаққа ұмтылысымызға негізделген. Сондай-ақ, барша азаматтарымыздың мүддесіне сай келетінін де айтып өтті.

Бүгінгі қоғам – «мыңмен жалғыз алысқан» Абайдың заманы емес, Халқымыздың бұғаудан босанған, еркіндігі бар, Тәуелсіз ел. Қарыштап дамыған технология, интернет, т.б. бір сәтте Әлемді алақаныңзға  әкеліп отыр. Қолыңыздағы смартфоннан секунтта Әлем жаңалығын көре аласыз, білімді табасыз, кез-келген ақпартыңызға қол жеткізесіз.  Ал ең бастысы, ағайын, елді дұрыс жолға бастап, әділетті мемлекет, әділетті мемлекеттің туын адал азаматтар көтереді деп, тіптім, адал табыс табудың да жолдарын  көрсетіп отырған Ел Көшбасшымыз бар.

Бұл күнді орта ғасырдағы бабаларымыздың аңсаған арманына қол жеткен заман деуге болады.  Жүсіп Баласағұн бабамыздың «Құтты білік» дастанында құтты қоғам құру, әлеуметті түзеп, кедейді-орташаға, орташаны – байға жеткізу, елдің әл-ауқатын  өсіріп, іргесін нығайту арман болған еді ғой. Ал дастандағы мына шумаққа назар салсақ, кешегі құрылтайдағы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жанайқайы, арманы, халқына сенімі  нешеме ғасырдан бергі бабалар арманы екен-ау демеске шарамыз жоқ.

«Жақсылардың көтер жебеп, еңсесін,

Жамандардан бүтін сақта ел шетін...

Заңды түзе, сұмдық сонда сасады,

Құтың өсіп, абыройың асады». (Ж.Баласағұн)

Үшінші құрылтайда халқына сенген Президент: «Біздің алдымызда үш айрық жол тұр: құлдырау, тоқырау немесе өрлеу. Біз әрдайым өрлеуді таңдаймыз. Әрине, өрге шығу оңай емес. Талай қиындық туындауы мүмкін. Соған қарамастан, тек алға ұмтылуымыз керек»,-деп, Ел болашағына апарар жолды анық көрсетіп берді.

         Ендігі жол, адал жолға түсіп, мемлекетіміздің көсегесін көгерту. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген бабаларымыз.

Президент ұсынған құндылықтар жүйесі қоғамдағы барша жұртқа: ел басқарғандарға да, еңбеккерлерге де, ұстазға да, шәкіртке де, бала тәбиелеп отырған ата-аналарға да  бағыт-бағдар бола алады. Ең бастысы –  адал ниет, отаншылдық жүрек, таза намыс.

Қасым-Жомар Кемелұлы өнеге ғып ұсынған мысал бәрімізді ойға қалдырса екен: «Жапонияда, Оңтүстік Кореяда, Қытайда, Сингапурда жағымды мысалдар көп, осы елдер көпке үлгі болып отыр. Ал біз неге олардан кем болуымыз керек?..»

Әр адам өз орында, өз қызметінде  Адал азамат болса, яғни Абай айтқандай «нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүректің» иесі болып, әр ісін Әділетке сынатса, Қазақстан алдағы он жылда-ақ  биіктерді бағындырып, еңсесі биік Ел болады.  Себебі біздің мемлекет – жас мемлекет. Жастарымыздың үлесі көп әрі  қазіргі жастар өте талантты, креативті және жасампаздыққа құштар.

Мен бұл уәжімді ойдан шығарып отырған жоқпын. Себебі, өзім сенім білдіріп отырған жастардың ортасындамын. Халықаралық Назарбаев Университетінде қызмет жасаймын. Егер бейнелеп айтсақ, Университет –  жастарды балалықтан даналыққа апаратын үлен жол, ұлы көпір. Университетке дейін баланың орта мектебі, он бір жыл бойында үйреніскен  таныс ортасы, әрдайым бақылауда ұстаған ата-анасы, дайын ас, дайын төсегі, яғни «комфорт зонасы» болды. Студенттік өмір – басқаша. Балалар (көбі) ата-анасының қасынан кетеді, (дайын ас, дайын тамақтан да), өзбетінше өмір сүруге үйренуге тура келеді. Сабақ жүктемелері де артады. Жаңа орта, жаңа тұрмыс... Бірінші оқу жылы студенттерге ауыр да болып, үйін сағынып, оқуды тастап кететіндері де көп кездеседі. Ал кейбіреулері «еркіндік деген осы екен» деп, түбінде опық жегізер жолға түсіп жатады. Университетке оқуға түскен балалар  ата-аналарының бізге (универсиет ұжымына, оқытушы-профессорларға) аманаты, түптеп келгенде мемлекеттің аманаты.  Ал, аманатқа қиянат жасамау – парыз. Алдындағы: «әр адам (қызметкер) өз орнында Адал (білміді, мейірімді, тәрбиелі) болса» деген қағидамыз осы жерде қажет. Университетке жаңадан келіп, оқуын бастаған дайындық мектебінің және бірінші курс студенттеріне универсиет тәртібі мен талаптарын айтумен қатар, біріншіден ол балалардың ата-аналарына, жақсы білім берген мектептеріне, мұғалімдеріне, ең бірінші, қиындықты жеңе білген, жеңіске жеткен өздеріне ризашылығымызды айтамыз. Оларға университет – үлкен білім кемесі екендігін, мұнда өздеріндей  жеті мыңнан аса қазақстандық және шетелдік студенттердің білім алып жатқандығын, әлемнің ең үздік оқу орындарынан  оқытушы-профессорлар білім беретінін айтып түсіндіреміз. «Қазақстанның ертеңгі болашағын, экономикасын, ғылымы мен білімін, өнері мен мәдениетін дамытатын, Қазақстанның әлемге атын шығаратын өздерің боласыңдар»- деп, үміт-сенімді де артамыз. Үміт  өзінен өзі ақталмасы анық, үмітке, нәтижеге жету үшін студенттерге Адал (академиялық) білім беріледі және отаншылдық  тәрбие беріледі. «Академиялық адалдық» – Назарбаев Университетінің титулы. Бұл ­– бүгінде қоғам мойындаған шындық. Осы тәртіп (шындық)  студенттердің бойында адалдық, адамгершілік, өзіне деген сенімділік, ұстазға деген құрметті  тәрбиелеп қалыптастырады. Шетелдік профессорлардың тағы бір ерекшелігі  студенттердің ізденіп, өзбетінше жұмыс жасауына, ғылыми дерек көздерді қолдану мәдениетіне үйрететіндігі. Соның арқасында бүгінгі күні  оқытушы ғалым профессорлардың ғана емес, НУ студенттерінің де ғылыми еңбектері әлемдік рейтингі жоғары журналдардан жарық көріп жатыр. Оның үлкен  дәлелі 2023 жылы НУ зерттеу университеттерінің әлемдік үздік 30 пайызының қатарына енуі. (Times Higher Education World Universities Ranking рейтингіне алғаш рет енді).

Университетте кітапхана тәулік бойынша жұмыс жасайды. Және онда  кітап қорының, қолжазбалардың  кітаптан басқа цифрлық, электорныдық түрлері де бар.

Ал НУ студенттерінің тұрмыс-тіршілігі, жатақханамен қамтамасыз ету, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларының, асыраушысынан айырылған балаларға  көмек көрсету, денсаулықтарын жақсартуға арналған спорттық кешендер, т. б. берілген мүмкіндіктер  алдыңғы қатарда деп айтуға болады. Студенттерге осыншама  жақсы мүмкіндіктер берілуменмен қатар НУ-да заң мен ереже де бар. Және ол заң мен ереже баршаға бірдей.

Заң бұзушылыққа барған студент жатақханадан, университеттен шығатынын жақсы біледі. Университет басшылығы ондай тәртіпсіздікке жол бермейді. Келеңсіздікке жол бермеуге үлкен департамент студенттермен күндіз-түні жұмыс жасайды.

Ал енді тәрбие жұмысына келетін болсақ, Университет ашылған күннен бастап,  студенттердің бойында ұлттық бірегейлік сезімін қалыптастыру және негізгі ұлттық құндылықтарды сіңіруге, Қазақстанның бай мәдени мұрасын түсіну мен бағалауды тереңдетуге, Қазақстанды дамытатын, әділдік пен адалдық қағидаттарын бойына сіңірген адал көшбасшыларды қалыптастыруға арналған көптеген мәдени іс-шараларды, халықаралық симпозиумдар мен конференцияларды, әр түрлі тақырыптағы жоба жарыстарын, шығармашылық конкурстарды өткізді. Студенттердің  бойындағы өнерді ашу, болмаса бар өнерін дамыту, ұжымдық концерт, қойылымдар жастардың арасындағы достық, жолдастық қарым-қатынастың  күшеюіне, өз елінің  болашағына деген сенімінің артуына, ең бастысы, туған еліне деген сүйіспеншілігінің артуына көмектеседі.

Назарбаев Университетіне биыл он төрт жыл. Бұл көп уақыт емес, бірақ  НУ-дың алғашқы түлектерінің көбі   өздерінің магистрлік, докторлық білімдерін әлемнің ең үздік университеттерінде жалғастырып, абыроймен бітіріп, бүгінде еңбек рыногына араласты.

Атыраудағы үшінші құрылтайда Президентіміз  «Еңбекқорлық және Кәсіби біліктілік» маңызды құндылығымыз деп: «Өз кәсібін өте жақсы білетін, оған әбден берілген, еңбекқор адам ғана табысқа жете алады. Мен Мемлекет басшысы ретінде азаматтардың, әсіресе, жастардың көзі ашық, дүниетанымы кең болғанын қалаймын... Бала есейген соң қанаттанып, ұядан ұшуға тиіс. Басқа аймақтарда, тіпті, шетелде білім алуы қажет. Өзге жұрттың қалай өмір сүріп жатқанын көргені абзал. Сондай-ақ қай жерде өзіне және еліне пайдасы тисе, сол жерге барып еңбек етуі керек» деген сөзімен жастар әрекетінің берекеті бар екенін анық түсіндірді. 

Қандай оқу орны болмасын оның абыройы да, беделі де – оның түлектері. Уақыт безбені бәрін де өлшейді, екшейді. Болашақта ғылымда болсын, еңбек майданында болсын халықарылық білім ордасынан ұшқан түлектер үлкен биіктерді бағындыратына сенеміз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзі баршамызға рух беріп, «қайткенде Қазақ Еліне Адал азамат боламыз, қандай бастаманы қолға алсам екен» деген жігер сыйлады.

 

Гүлтас Құрманбай, Назарбаев Университетінің профессоры, Ұлттық Мәдениет Орталығының директоры

 

Көп оқылды: