+35°: Елімізде мамыр айында күн ыстық болады
Ауа температурасы ай бойы өзгеріп отырады
"Қазгидромет" РМК республика бойынша 2025 жылдың мамыр айына арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Jarialike.kz.
Синоптиктердің болжамынша, мамырда Қазақстанның басым бөлігінде орташа температура нормадан 1° жоғары болады.
Шығыс Қазақстан облысында, Алматы облысының оңтүстік-шығысында, Жетісу, Абай облыстарында ауа температурасы қалыпты деңгейде қалады. Республиканың басым бөлігінде жауын-шашын нормадан аз болады.
Солтүстік-батыс және солтүстік облыстарда, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстарының оңтүстігінде, Алматының оңтүстік-шығыс бөлігінде, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Абай облыстарында ауа райы қалыпты күйде болады. Мамырдың бірінші онкүндігінде Қазақстанның басым бөлігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, кей жерлерде жел соғады.
Оңтүстік және оңтүстік-батыс облыстарда шаңды дауыл соғуы мүмкін. Кей күндері елде ала бұлтты, жауын-шашынсыз ауа райы сақталады.
Ауа температурасы ай бойы өзгеріп отырады:
республиканың батысында түнде +4+9°C-тан +9+14°C-қа дейін, күндіз +15+20°C-тан +22+30°C-қа дейін;
республиканың оңтүстік-батысында түнде +10+15°С-тан +12+20°C-қа дейін, күндіз +20+25°C-тан +25+33°C-қа дейін;
солтүстік-батыста, солтүстікте, шығыста, Қазақстанның орталығында түнде 0,+5°С, аяз 1-6°С +8+15°С, күндіз +10+18°С-тан +23+30°С-қа дейін;
Республиканың оңтүстік жартысында ауа температурасы түнде +5+12°С-тан +15+20°C-қа дейін, күндіз +18+25°С-тан +28+35°С-қа дейін біртіндеп жоғарылайды.
Оңтүстікте және оңтүстік-шығыста ауа температурасы күндіз +36 градусқа дейін жетеді. Бірақ +20...+25 градусқа дейін төмендейтін кезеңдері болуы мүмкін.
Егер арктикалық ауа массалары топырақ бетіне енсе, -2 градусқа дейін аяз болуы мүмкін.