Әлеумет

«Лайк баспаған» қызметкерлер қудаланып жатыр: Шымкент әкімінің орынбасары түсінік берді

Шенеуніктің айтуынша, мұның барлығы әкімдік тарапынан жасалған дүние емес

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек "Жастар ресурстық орталығының" қызметкеріне әлеуметтік желіде лайк баспады деген себеппен сөгіс берілді деген ақпаратқа түсініктеме берді, деп хабарлайды Jarialike.kz.

"Жастар ресурстық орталығындағы" лайк басу бойынша әлеуметтік желіде сөз тарады. Мұның барлығы әкімдік тарапынан жасалған дүние емес. Бізге лайктың қажеті жоқ. Біз «лайк басыңдар» деп ешкімді мәжбүрлей алмаймыз, – деді ол брифингте.

Оның айтуынша, орталықтың психолог маманына берілген ескерту оның жұмыс барысында жіберген нақты қателіктеріне қатысты. Ал “маған лайк баспады деп сөгіс берді” деген ақпарат жалған болып шыққан.

Психологқа сөгіс жұмыс барысында қате жібергені үшін берілген, – деп нақтылады Сәрсен Құранбек.

Сондай-ақ "Жастар ресурстық орталығының" басшысына қатысты мониторинг жүргізілгені белгілі болды. Оның нәтижесінде тек бір ғана мәселе емес, бірнеше жүйелі кемшілік анықталған.

Бұйрықтар мен еңбек кітапшаларын тіркеу кітабы жоқ. Басқа да кемшіліктер бар. Осының барлығын біз мониторинг барысында анықтадық. Ескерту берілгені лайк басқаны үшін емес, – деді әкім орынбасары.

Еске салсақ, бұған дейін Шымкентте «лайк баспаған» қызметкерлер қудаланып жатқанын жазған едік.