Күн-Жария

Елге есепсіз көмек берген ел ағасы

Сайрамбай Дөненбаевқа 2003 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалі мен 2012 жылы «Құрмет» ордені берілді

«Сайрамбайдың сансыз жылқысы», «Сайрамбайдың саумалы», «Сайрамбайдың сабантойы» деп жұрт тамсана айтып жүретін әңгімелерді Сіз де естіген боларсыз.  Шәушен шаруа қожалығының иесі Сайрамбай Дөненбаевты танымайтын адам кемде кем. Атымтай жомарт, мәрт меценат, ел ағасы ретінде оны біледі. Әкеден қалған 200 қойды 20 жылда 50 мыңнан асырған ол ауылына 21 әлеуметтік нысанды салып берген. Оның еңбек жолы ерте кезден, 5 жасында әкесі Әліқұлдың жанында жүріп, мал бағумен басталды. 1970 жылдары совхозда қой бақты, малшы болды. Әке балаға сыншы деген рас, 7 баланың ішінен осы Сайрамбай мал шаруашылығына бейім болды, оны Әліқұл бірден байқап, бақты.  Одан кейін 1982 жылдан бастап Алғабас қой кеңшарында жұмыс істеді. Содан бергі 40 жылғы жуық  уақыт  өз адал еңбек,күшімен өрлеп,жемісін көрді. Ол тек өзі ғана көріп қойған жоқ, төңірегімен түгел бөлісті. Ал 1986-1996 жылдары Алғабас қой кеңшарында аға шопан, бөлімше меңгерушісі, зоотехник болды. 1996 жылдан бастап өзі жеке  «Шәушен» шаруа қожалығын ашты. 1998 жылы Сайрамбай Әліқұлұлы зоотехнигін ертіп алып солтүстік аймаққа жол тартты. Павлодар облысы, Май ауданынан олар 300 бас еділбай қойын алып келіп, асылдандырған.Күндіз саудада, кешке шаруашылықта жүретін Дөненбаевтар әулеті алғашында бұл істі тек өз күштерімен жүргізді.Ол уақытта малшы алып, жұмысшы жалдайтын уақыт емес еді. Екі-үш жыл тәулік бойы мал күзетіп, мал бағуға тура келді. Бүгінде «Шәушен» шаруа қожалығының мал шаруашылығы саласында «Еділбай» асыл тұқымды қой мен «Шәушен» ет бағытындағы асыл тұқымды жылқы өсіруші деген мәртебесі бар.

ҰЙЫҚТАЙ БЕРМЕҢДЕР...ҰЙҚЫ ӨЛІММЕН ТЕҢ!

«Ұйықтай бермеңдер, ұйқы өліммен тең» деп айтып отыратын Сайрамбай ұйқы мен ауруға қарсы еді. Мал шаруашылығы саласында білімі болмаса да, тума талант еді, мал тануда оқыған білікті селекционерлерден кем түспейтін.

«Сан үйрену деген енді маған қиын болды. 10-ға дейін санай алмаймын. Содан әкем  10-ға дейін санатты, таяқтады,үйретті. Одан келесі күні жүздікті тез үйрендік, 3-ші күні мал санау менің мойнымда еді. Әкем аттан түсіп, мал санаған емес. Әкем маған «сендердің өмірлерін есеп болады деді. Біздің өміріміз есепсіз болды» деп  бір естеліктерінде өзінің айтқаны бар еді.

«Шәушен» шаруа қожалығына 2005 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жамбыл облысына жұмыс сапары кезінде арнайы атбасын бұрып, қожалық жұмысымен танысады, шаруа қожалығының иесіне сәттілік тілеп кетеді. Бұл іспен шектеліп қалмай, дәл осындай шаруаны елдің өзге де аймақтарынан бастауға ой салады. Тарап кетуі мүмкін ауылдарды ұстап қалу, оларды жұмыспен қамтып, жәрдем беру осындай атымтай жомарттардың қолында екенін айтып қалады. Содан Сайрамбай Дөненбаев 2007 жылы «Шәушен» шаруашылығын Астана іргесіндегі ауылдан жүргізуді қолға алады. Ол елордалықтарды ет пен сүт өнімдерімен қамтамасыз етуді көздейді. Көп ұзамай дәл сол істі ол Қарағанды облысынан бастауға ниет қылады.

Өзі дүниеге келген Т.Рысқұлов ауданының Жарлысу ауылында өзі басқарып отырған шаруа қожалығының жас отбасы мен қызметкерлеріне 37 тұрғын үйдің  кілтін табыстады.2014 жылы ол өз қаржысымен Ашаршылық құрбандарына арнап аллея, ал 2018 жылы Жарлысу ауданына қарасты 4 ауылдық округтің балаларын қамтитын 92 орындық балабақша салды. Ауыл тұрғындарының игілігі үшін 300 орындық асхана, тұрғын үй кешендері,зәулім мешіт және медресе салып берді. Бүгінде жарлысулықтар жақсы істің куәсі болып, ізгіліктің пайдасын көріп отыр.Өзі шетел асып көрмеген, оның  көпқабатты зәулім үйі жоқ бірақ жыл сайын ауылына 50 миллион теңгеден астам қаржы бөліп отырған.  

ЕҢБЕК ЕРІНІҢ ИГІ ІСІН ҰЛЫ ЖАЛҒАСТЫРЫП ЖҮР

Адам ұрпағымен мың жасайды деген тәмсіл бар. Бүгінде бұл игі істі жалғап, әке ісін ары қарай Абай Сайрамбайұлы жүргізіп  отыр.Көзі тірісінде Сайрамбай Дөненбай «Шәушен» шаруа қожалығын Қарағанды облысынан бастап кеткен. Жоғалып кетуге таяу тұрған ауылды ұстап қаламын деген Сайрамбай Әліқұлұлы мешіт, мектеп салу ісін қолға алмақ болған.Алайда кенеттен денсаулығы сыр беріп, коронавирустан көз жұмады. Енді ол міндет, әке арқалаған жауапкершілік ұлы Абай Сайрамбайұлына жүктелді. Оның мақсаты да сол, әкем секілді “Атымтай жомарт” атанып, елге қызмет қылсам дейді. Ол әкей үлгермей кеткен істің шетін қайырып үлгерді,мешіт тұрғызып, уәде етілген жандарға үй салу ісін қолға алды.

АУЫЛ - САЙРАМБАЙ ДӨНЕНБАЕВТЫҢ АТЫМЕН АТАЛУЫ КЕРЕК

Құланның қоңыр даласын малға толтырған Қазақстанның Еңбек ері Сайрамбай Дөненбаев аман болғанда биыл мерейлі 60 жасқа толар еді. Ол 1965 жылдың 1 сәуірінде Жамбыл облысы Луговский (қазіргі Тұрар Рысқұлов) ауданы Алғабас совхозының Жарлысу ауылында дүниеге келген. Сайрамбай Дөненбаевқа 2003 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалі мен 2012 жылы «Құрмет» ордені берілді. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында 2018 жылы Қазақстанның Еңбек Ері атағын иеленді.

«Мен байлық жинап жатқан жоқпын. Қайта мен шаруашылықтағылардың қызметкерімін» деп, қарапайым қалпынан танбаған Сайрамбай Дөненбаев болам деген буынның белін буып, жастарға қолдау көрсетті. Көзі тірісінде жомарттық жолынан тайған жоқ, мұқтаж жандарға көмек берді.

Сайрамбайдың алдына жаяу келіп,тай мініп кеткендер көп дейді ауыл іші. Өзі туып,өскен,қызмет қылған ауыл атауын да Сайрамбай Дөненбаевтың атымен аталуын қалайды.Өңір,ел іші онсыз да бұл аймақты Жарлысу деп емес, Сайрамбайдың ауылы десе ғана жақсы біледі дейді.