"Жалақымызды көтерсін!": «Астана-Зеленстрой» мекемесінің жұмысшылары наразылыққа шықты
Басқа да айтылар проблемалар бар
Бүгін «Астана-Зеленстрой» мекемесінің жұмысшылары наразылыққа шыққан болатын. Олар компанияның бас кеңсесіне барып, жалақы мәселесін көтерген еді, деп хабарлайды Jarialike.kz.
Астана әкімдігі не дейді?
Осы оқиғаға қатысты Астана қаласы әкімдігі мәлімдеме жасады.
Әкімдіктің хабарлауынша, 21 сәуір күні таңғы сағат 8:00-де жүргізушілердің рұқсат етілмеген жиналысы өткен. Жиналғандардың негізгі талабы – жалақыны көтеру.
Осы ретте атап өтерлігі, 2024 жылы жүргізушілер мен механизаторлардың барлық төлемдерді қоса есептегендегі орташа айлық жалақысы 690 746 теңгені құрады. 2024-2025 жылдар аралығында барлығы 15 мәрте сыйақы берілген. Сонымен қатар, кәсіпорын қызметінің маусымдық сипатын ескере отырып, қараша айының ортасынан наурыздың ортасына дейінгі қыс мезгілінде ұжым ішіндегі әлеуметтік шиеленісті болдырмау мақсатында жүргізушілер мен механизаторларға жалақы кәсіпорынның өз қаражаты есебінен тұрақты түрде уақтылы төленіп отырды. Сондай-ақ, кәсіпорында 1 жылдан артық жұмыс істеген қызметкерлерге бір айлық жалақы көлемінде сауықтыруға арналған жәрдемақы қарастырылған. Жиналғандармен мекеме басшылығы тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізілді, – деп хабарлайды әкімдік.
"Директор боқтап сөйлейді..."
Біздің мұнда жиналғандағы мақсатымыз – айлығымызды дұрыс бермейді, берген жағдайда да окладтан төмендетіп береді. “Айлықты көтереміз” деп келе жатқанына үш жыл болды. Мұнда айтары бар наразы адамдар көп. Басқа да айтылар проблемалар бар. Директор боқтап сөйлейді. Қазір осында тұрмыз. Мұнда учаскелік полиция келіп тұр. “Жол жаппаңдар, қырғын төбелес болмасын” деді. Бірақ бізге төбелес немесе басқа ештеңе керек емес, тек қажетті айлықты көтерсін деп отырмыз, – дейді жұмысшылардың бірі.
Еске салсақ, «Астана-Зеленстрой» — Астана қаласының аумағын көгалдандыру және абаттандырумен айналысатын мемлекеттік кәсіпорын. Компания 2005 жылы бұрынғы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын «Зеленстройдың» негізінде құрылған. Компания ағаштар, бұталар, гүлзарлар мен газондарды егіп, күтіп-баптау, қалалық саябақтар мен скверлерді абаттандыру, фонтан жүйелерін күтіп ұстауға, ландшафтық жобалау және көгалдандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге жауапты.