Күн-Жария

Қазақстанда қарасора өсіруге рұқсат берілуі мүмкін

ІІМ өндірістен бастап соңғы іске асыруға дейінгі барлық процесті бақылауда ұстамақ

Мәжіліс өндірістік мақсаттағы қарасораны өсіруге рұқсат беретін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Jarialike.kz.

Мәжіліс отырысында депутат Никита Шаталов ішкі істер органдары өндірістік қарасораны қалай бақылауға алатынын сұрады. Ол бұл қадам жаңа арзан есірткі түрінің пайда болуына әкеп соқпай ма деген алаңдаушылық білдірді.

Ішкі істер министрінің міндетін атқарушы Санжар Әділовтің айтуынша, ІІМ өндірістен бастап соңғы іске асыруға дейінгі барлық процесті бақылауда ұстамақ.

Өндірістік қарасора мен марихуана екі түрлі өсімдік. Өндірістік конопляда есірткілік әсер беретін тетрагидроканнабинол (ТГК) өте аз мөлшерде кездеседі, ол генетикалық тұрғыда да марихуанадан өзгеше. Сондықтан оның құрамында психобелсенді заттар болмайды, – деді Әділов.

Биыл 19 ақпанда инвесторлар тарту жөніндегі кеңесте Үкімет ІІМ-ге каннабис өндірісін дамытуға байланысты заңнамалық өзгерістерді әзірлеуді тапсырған. Бұл өзгерістер депутаттармен және Ауыл шаруашылығы министрлігімен келісілген.

Біз нақты айыруымыз керек: бұл бастама – өндірістік мақсаттағы қарасора өсіру туралы. Қазіргі заңнама бойынша ТГК мөлшері нөлге тең болса, бұл тыйым салынған емес. Есірткі бизнесіне қарсы комитет төрт кәсіпкерге лицензия берді. Заңнамада ТГК мөлшері 0,1–0,3 пайыз аралығында болады деп көрсетілмек. Яғни бұл – есірткілік әсері жоқ өндірістік қарасора, – деді Санжар Әділов.

Оның айтуынша, мұндай қарасора нашақорлар мен есірткі таратушылар үшін ешқандай қызығушылық тудырмайды.