Трамп әкімшілігі бір жыл ішінде АҚШ-тан бір миллион мигрантты депортацияламақ
Ұлттық қауіпсіздік департаментінің мәліметі бойынша, 2025 жылдың басынан бері АҚШ-тан 117 мың адам шығарылған
АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі мемлекет басшысы ретіндегі бірінші жылында елден миллионға жуық заңсыз мигранттарды депортациялауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Jarialike.kz.
Бұл туралы The Washington Post газеті жазды.
Бұл Барак Обаманың президенттігі кезінде (2009 — 2017) бір жыл ішінде 400 мың адамды депортациялау бойынша алдыңғы рекордтан едәуір асып түспек, – деп атап өтті басылым.
Белгілі болғандай, сарапшылар бұл санды шындыққа жанаспайды деп санайды. Өйткені бұл тапсырма үшін қаржыландыру мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері жеткіліксіз. Сонымен қатар, газет атап өткендей, мигранттардың көпшілігі сотта депортацияға қарсы шығуға құқылы.
Трамп сайлау науқаны кезінде АҚШ-тан "миллиондаған" мигрантты депортациялағысы келетінін айтты.
Трамп әкімшілігіне елден қанша адамды жер аударғанын бақылау қиын болады. Өйткені шенеуніктер тиісті ай сайынғы статистиканы жариялауды тоқтатты, – деп жазады басылым.
The Washington Post сілтеме жасаған Ұлттық қауіпсіздік департаментінің мәліметі бойынша, 2025 жылдың басынан бері АҚШ-тан 117 мың адам шығарылған.
Еске салсақ, бұған дейін АҚШ мигранттарға заңды қатаңдатқан болатын.