Күн-Жария

«Нашақор, ішіп-шегеді». Тұрғындар күзетшіні өлтірген адам туралы айтты

Алматыдағы элиталы үйдің тұрғыны күзетшіні асқан жауыздықпен өлтірген. Көлікпен үш рет мыжып, шалажансар күзетшіні тепкілеген. Марқұмның жақындары осы жайтқа қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды  Jarialike.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.

Телеарна мәліметінше, оңбай жараланған жігіт ауруханаға жеткізілгенімен, тілге келместен жан тапсырды. Нұрбол Қайыпбаевтың артында кәмелетке толмаған үш баласы қалды.

Тұрғындардың айтуынша, бұл оқиғаға екеуінің арасындағы кикілжің себеп болған. Күдікті азамат көлікті масаң күйде айдап қалаға шығуға тырысқан. Күзетші оған бұл әрекетінің заңғы қайшы екенін түсіндіруге тырысыпты.

"Ол қақпадан шықпақ болды. Нұрбол оны тоқтатпақ болды. Енді мас адам, жолға шықса қанша адамды өлтіреді. Сосын Нұрбол көтеріліп келді, ол қайтадан айналып келді. Нұрбол ана жерге көлігін қойды деді де, барып шлагбауымды жапты, қақпаның біреуін жауып, екіншісін жауып жатқан кезде анау қатты келіп үш рет қақты. Оның алдында сыраның шөлмегімен дүңгіршекті шақты", - дейді пәтер иелері кооперативінің директоры Әлия Досмайылова.

"Тек осы бір ер адам ғана үнемі шулатып жүреді. Нашақор, ішіп-шегеді. Кеше де ішіп-шегіп алған. Оқиға әлі көз алдымыздан кетер емес. Асқан қатыгездік қой бұл. Күзетші Нұрбол үнемі күдікті азаматқа, оның отбасына, бәрімізге көмектесіп жүретін. Қаскөй бұған дейін осындағы диспетчерге соққы жасаған. Талай рет полицияға жазғанбыз. Білмеймін, ата-анасы үнемі қорғап алып шығады", - дейді Данеля Сартай.

Сұмдық оқиға болған тұрғын үй кешенінің аумағы қанға боялып жатыр. Куәгерлердің айтуынша, күзетші ер адам бұл жерде шамамен 5-10 минуттай қансырап жатып, артынша ауруханада көз жұмған. Марқұмның артында шырылдап үш баласы қалды, олар 14, 10 және 5 жаста.

Нұрбол Қайыпбаев отбасының жалғыз асырушысы болған. Тұрғын үй кешенінде ол екі жылдан бері 165 мың теңге айлыққа жұмыс істеп келіпті. Анасы жазда 42 жасқа толар еді деп ботадай боздап отыр.