Күн-Жария

Түркістан облысында бюджет қаржысын жымқырған білім бөлімінің бұрынғы басшысы 7 жылға сотталды

Басшылар мен бухгалтерлердің бәрі бірдей кінәларын мойындамаған

Түркістан облысы Сарыағаш ауданында мектепте жұмыс істемеген адамдарға төлем аударып, 500 миллион теңгеден аса қаражат ұрлаған білім бөлімінің бұрынғы басшысы Бауыржан Майрихов сотталды, деп хабарлайды Jarialike.kz.

Ол 7 жыл бойы бюджет қаржысын жымқырды деп айыпталып отыр. Бұрынғы басшы бұл қаражатты әріптестерімен бірге ұрлаған.

Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы мен есепшісі 2016 жылдан бастап 2023 жылга дейін білім бөлімі мен бөлімге қарасты мектепте жұмыс істемеген адамдар атын көрсетіп, үшінші адамға төлем аударып отырған. Сөйтіп, бюджетке 547 274 010 тенге залал келтірген, – деді судья.

Дегенмен басшылар мен бухгалтерлердің бәрі бірдей кінәларын мойындамаған. Есепші болып жұмыс істеген Гүлсара Өтегенова, Ақарыс Құдайберген мен Нұрсұлтан Жолшиев істеген істеріне өкініш білдіріп, ақшаны қайтарған. Сөйтіп, шартты түрде сотталды.

Өзге есепшілер кінәларын мойындаған, алайда, қаржыны қайтармаған. Білім бөлімін басқарған Бауыржан Майрихов, Дәулет Акатов пен Нұрлан Үсібаев қаражатты кайтармады, кінәларын да толық мойындамаған. Оларға 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.