Аяғын уқалатқыш Смановтың медресесі мемлекеттен миллиардтаған теңге алған
Қызығы сол, аталған медресе – мемлекеттік емес, жекеменшік мекеме
Кешеден бері басылым беттерінде де, әлеуметтік желілерде де Сарыағаш медресесінің бас ұстазы Әбужаппар Смановтың шәкірттеріне аяғын уқалатып отырған видеоcы тарап, көпшіліктің талқысына түскен еді. Имамның бұл әрекетін ерсі көргендер де, «Әбекеңнің балтырын уқалап отырған өз немерелері» деген пікір білдіріп жатқандар да бар, деп хабарлайды Larialike.kz Sadaq.kz сайтына сілтеме жасап.
Ел арасында резонанс тудырған жайтқа қатысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «қоғам наразылығын тудырған әрекетке жол бергені үшін мешіт имамына ескерту» жасады.
Басқарманың баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі барша мұсылман жамағатын құлшылық үйлерінде дауыс көтеріп сөйлемеуге, әдепсіз әрекеттерге жол бермеуге, ұрыс-керіс жасамауға шақырады. Жамағатты барынша мешіт әдебін сақтауға үндейтінін жеткізді.
«Әшкере» телеграм арнасының мәліметінше, медресе Сарыағашта орналасқан Сатыбалды Әбішұлы атындағы ислам орталығының құрамына кіреді. Арна мәселені алғаш көтерген журналист Ораз Әлімбектің мүфтиат жүйесіндегі былыққа қатысты жазбасын келтірген.
Құзырлы органдар мүфтиятқа келгенде түк көрмегендей айналып өтеді. Мынау Смановқа тоқтау болмаса, ертең табанын жалатып, бас бармағын сордырады ғой ақыл тоқтатпаған балаларға. Мынандай қорлыққа зайырлы қазақ қашанға дейін шыдайды? - деген болатын журналист.
Осыдан 6 жыл бұрын Қайрат Сатыбалдының аты дүркіреп тұрған кезде ашылған. Орталықтың аумағында бір мезетте 10 мың адам намаз оқитын үлкен мешіт және медресе шәкірттеріне арналған 29 оқу кабинеті бар. Медресе жалпы саны 600 балаға есептелген.
2019 жылдан бері медресеге мемлекеттен 1,9 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. 2020 жылы – 137 млн, 2021 жылы – 54 млн, 2022 жылы – 143 млн, ал 2023 жылы – 296 млн теңге бөлінген.
Биылдың өзінде Түркістан облысы Білім басқармасы тарапынан медресенің шығындарына 290 млн теңге бағытталыпты. Қызығы сол, аталған медресе – мемлекеттік емес, жекеменшік мекеме, - деп жазды арна.