Күн-Жария

Өскеменде республикалық ақындар айтысы мәреге жетті

Айтыс жазушы Қалихан Ысқақовтың 90 жылдық мерейтойына арналды 

Көрнекті жазушы Қалихан Ысқақтың 90 жылдық мерейтойына арналған республикалық ақындар айтысы өтті, деп хабарлайды Jarialike.kz.

Еліміздің әр аймағынан жыр додасына қосылған 12 ақын ішінен екінші айналымға қарсыластарынан жоғары ұпай алған Серік Қуанған, Аспанбек Шұғатаев, Рүстем Қайыртайұлы, Жансая Мусина, Біржан Байтуов және Иранғайып Күзембаев сынды аузынан сөздің шырыны тамған жүйрік ақындар бір жарым сағат бойы өзара мықтыны анықтады.  

Айтыс барысында елдік мәселелермен қатар орынды әзіл-қалжың қамшының өріміндей өріліп, көрерменнің қолдауына ие болды. Облыс орталығында араға 10 жыл салып қайта ұйымдастырылған айтыс – ұлтымыздың ерекше өнері ретінде сағынған халықтың айызын қандырды. 

Қазылар алқасының бірауызды шешімімен алты сағатқа созылған жыр бәсекесінің бас жүлдесін таяуда ғана Тараздан бас жүлдемен оралған жерлесіміз, талантты ақын Серік Қуанған қанжығасына байлады.

Айтыстың бас жүлдесін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов өзі табыстап, айтысты жарты күннен астам тапжылмай тыңдаған көрерменге, сөз маржанын сапырған ақындарға, айтысқа арнайы келген ақын Жүрсін Ерман мен депутат Аманжол Әлтаевқа, сондай-ақ өзге де қазылар алқасына ризашылығын білдірді.  

Бүгін Шығысымызда сән-салтанаты жарасқан керемет кеш өтті. Айтыс өнерінің жанкүйерлері - сіздерге, от ауыз, орақ тілді, сәйгүліктей жүзден жүйрік шыққан, бүгін бағы жанып, бабы келіп тұрған айтыскерлерге - басымызды иіп үлкен рахметімізді айтамыз. Бұйыртса, Қалихан Ысқақ есімінің құрметіне арналған іс-шаралар легі жазда республикалық деңгейде Катонқарағайда да жалғасын табады. Қара сөздің хас шебері болған ағамыздың өнегелі өмірі – болашақ ұрпаққа үлгі. Сондықтан осындай рухани іс-шаралар жалғасын табуы тиіс. Қазақтың айтысы барда, рухымыз берік, болашағымыз айқын! - деді аймақ басшысы Н.Сақтағанов. 

Жүлделі бірінші орынға ақтық сайыста Серік Қуанғанмен сөз таластырған талантты ақын, семейлік Рүстем Қайыртайұлы лайық деп танылса, жүлделі екінші орынды қызылордалық Иранғайып Күзембаев пен павлодарлық Аспанбек Шұғатаев өзара бөлісті. Үшінші орын оралдық Жансая Мусина мен оңтүстіктен келген Біржан Байтуовқа бұйырды. Айтысқа үлес қосқан өзге ақындардың барлығына ел атынан қомақты сый-сияпат көрсетілді.