Спорт

Шығысқазақстандық шорт-трекші Әлем кубогі кезеңінде күміс медаль иеленді

Мұның алдында Азия ойындарында да жүлде алған еді.

Өскемендегі Amanzholov University студенті Зейнеп Құмарқан Квебек қаласында жалауын көтерген жаһандық жарыста үздіктер қатарынан көрінді. Ол осыған дейін эстафета жарысында Азия ойындарының күмісін олжалаған еді.
Үйеңкі жапырақ елінде жасөспірімдер арасында Әлем кубогі кезеңі өтіп жатыр. Байрақты бәсекеге С. Аманжолов атындағы ШҚУ-дың «Дене шынықтыру және спорт» білім беру бағдарламасының 19 жастағы студенті Зейнеп Құмарқан қатысты. Ол тек жарыс қожайыны, канадалық Виктория Жан-Батистке есе жіберіп, 500 метр қашықтықта екінші орынды жеңіп алды. Зейнептің көрсеткіші – 44,637.
– Бұл жетістіктер мені алдағы халықаралық бәсекелерде бұдан да үздік нәтиже көрсетуіме және көбірек жаттығуыма ынталандырады, – деді спортшы.
Айта кетейік, Зейнеп Amanzholov University-дің 2-ші курс студенті. Ол Өскемендегі мұз айдындарының бірінде жаттығады.