ШҚО-дағы екі ауданда жұмыс уақыты 1 сағатқа шегерілді
Мұның алдында Катонқарағай ауданында осындай жағдай болған еді.
Ақпаратпен Өңірлік коммуникациялар қызметіндегілер бөлісті. Соған сенсек, 24-ші ақпаннан бастап Марқакөл және Үлкен Нарын аудандарында жаңа жұмыс уақыты енгізілді. Енді жұмыс күні 08:00-де басталып, 17:30-да аяқталады, түскі үзіліс 12:00-ден 13:30-ға дейін.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, өзгеріс таңның ерте атуы мен кештің батуымен байланысты, бұл тұрғындарға күндізгі уақытты тиімдірек пайдалануға мүмкіндік береді.
- Шешім тұрғындармен талқыланғаннан кейін қабылданды және жергілікті халық оны қолдады. Сондай-ақ, бастаманы жергілікті мобильді топ өңірлік басқарма басшыларынан құралған пікірталас барысында қарастырды, - делінген ақпаратта.
Қаңтар айында осындай жұмыс тәртібі Катонқарағай ауданында енгізілген болатын. Енді оған өңірдің басқа аудандары қосылды.
Құзырлы органдардың хабарлауынша, барлық 40 мекеме жаңа жұмыс уақытына көшті. Сондай-ақ, мектептер, балабақшалар мен медициналық ұйымдар үшін өзгерістер минималды болды, себебі олар бұрын да 08:00-де жұмысын бастайтын.