Елордалық медресенің студенттері сенбілікке қатысты
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында, медресе студенттері Астана қаласы әкімдігінің «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы МКҚК аумағын тазалауға атсалысты. Аталмыш шара «Дін істері жөніндегі басқармасы»ММ ұйымдастыруымен өтті.
Астана қаласы діндерді зерттеу орталығының директоры Алмас Әлімханұлының айтуынша , бұл шара Үкімет басшысы “Таза Қазақстан” акциясын жариялағаннан бастап , әр сенбі сайын өткізіліп жатыр . Акцияға Астана қаласы медресе-колледжінен 30 студент, Діндерді зерттеу орталығының 15 қызметкері және ҚМДБ имамдары қатысты.
Діни басқарма өкілі Нұрлан Байжігітұлы қарттармен арнайы кездесіп, олардың жай-күйімен танысты.
“Қарны тоқ адам мазарға барсын, қарны аш адам базарға барсын. Жас ұрпаққа өнегенің ізін көрсетіп, қарттарды зиярат етуге, науқас адамдардың көңілін сұрап, қолымыздан келгенше осы маңайға тазалалық жұмыстарын жүргізуге келдік” , - дейді ол.
Аға ұрпаққа құрметпен қарауды, өскелең ұрпақтың бойында жанашырлық, табиғат пен қоршаған ортаны аялау сезімін қалыптастыру мақсатында өткізілген бұл шараның берері мол болды.
"Тек тазалықпен айналысып қана қоймай, өмірлік сабақ алудамыз" , – дейді медресенің 2-курс студенті Серікұлы Мирас.
Сенбілік – бұл қоғамдық жұмыс қана емес, студенттердің туған өлкесін абаттандыруға, өркендетуге қосқан үлесі.
Айкөркем Бахтиярқызы
ЕҰУ студенті