Экономика

Риддерде әуежай салынуы мүмкін

Ұшу инфрақұрылымы 60 шақырымды алады деп болжануда.

Қуанғаннан бұрын күмәнмен қарап жатқандар көп. Ресми ақпаратқа сүйенсек, қаланың бас жоспарының жобасы әзірленді.

Кеншілер қаласының алдағы уақыттағы дамуы турзиммен байланысты болғандықтан жауапты тұлғалар әр бағыт бойынша ұсыныстарын білдіріп жатыр. «Анатау» деп аталатын тау-шаңғы курортының құрылысы жоспарланып жатқанын ескерсек, тынығушылардың жол машақатын сезінбей, алаңсыз келіп-кетулері маңызды.

Шамамен алғанда ұшу жолағының ұзындығы – 1,5 шақырым. Ұшу инфрақұрылымы Риддер маңында барлығы 60 шақырымды алады деп болжануда. Бірақ әлеуметтік желі арқылы пікір қалдырып жатқан қалалықтар алдымен жол жөндеп алу керек десе, енді бірі әуежай салса, ормандарды құртады деп жазды.

 – Бірден айта кетерлігі, бас жоспардың әзірленуі қаланы қайта құрумен қабыспауы тиіс. Көбі мұны ауқымды құрылыс басталады деп ұғуы мүмкін. Бас жоспар бекіп, тиісті ведомствоға сәйкес түзетулер енгізілген соң белгіленген жерде жер қазатын техника, тас қалаушы бригада, электрдәнекерлеушілер бірден пайда бола қоймайды. Жоспар деген – қаланың болашағын көре білу. Бізге не керек, не нәрсеге ұмтылуымыз керек, соны түсінсек дейміз. Бұрынғы бас жоспар осыдан сегіз жыл бұрын, 2008 жылы бекітілген болатын. Содан бері кейбірін біржақты еттік, кейбірі сол күйі шешімін таппады, – деді қалалық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімінің басшысы Марат Тұңғышпаев.