Күн-Жария

АҚШ делегациясы Ресеймен келіссөз жүргізу үшін Сауд Арабиясына аттанды

Трамптың Таяу Шығыс жөніндегі арнайы өкілі кеше жолға шығатынын айтқан.

АҚШ президентінің Таяу Шығыс жөніндегі арнайы өкілі Стивен Уиткофф Украинадағы қақтығысты реттеу мәселесінде айтарлықтай ілгерілеу күтіп отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform ТАСС-қа сілтеме жасап. 
АҚШ президенті Дональд Трамптың Таяу Шығыс жөніндегі арнайы өкілі Стивен Уиткофф 16 ақпан кешінде америкалық делегация құрамында Ресеймен келіссөз жүргізу үшін Сауд Арабиясына аттанатынын мәлімдеді. Ол Украинадағы қақтығысты реттеу мәселесінде айтарлықтай ілгерілеуге үміттенетінін атап өтті.
- Мен бұл туралы тым егжей-тегжейлі айтқым келмейді, бірақ бүгін кешке мен сол жаққа аттанамын. Мен президенттің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі (Майк Уолтц) бірге барамын. Президенттің тапсырмасы бойынша біз кездесулерге қатысамыз. Ресей мен Украинаға қатысты маңызды прогреске қол жеткіземіз деп үміттенемін, - деді ол Fox News телеарнасының эфирінде.
Уиткоффтан Украинадан қақтығысты аяқтау үшін «өз территориясының бір бөлігінен бас тарту» талап етіле ме, деп сұрады.
-  Бұл - детальдар. Мен детальдарды елемей отырған жоқпын, олар маңызды, бірақ ең бастысы - сенімділік орнату. Барлығы бұл соғыстың аяқталуы керегін түсінуі тиіс. Президент (Трамп) бізге дәл осыны тапсырды. Осы соғысты лайықты аяқтау бойынша келіссөздер жүргізу. Біз осы бағытта жұмыс істейміз, - деп жауап берді шенеунік.
Оның пікірінше, Украинаны келіссөздер процесінен шығару туралы айту дұрыс болмас еді.
-  Украина - бұл келіссөздердің бір бөлігі. Трамп осы аптада Зеленскиймен сөйлесті, көптеген министріміз <…> Мюнхендегі қауіпсіздік конференциясы кезінде Украинаның әртүрлі өкілдерімен кездесті. Менің ойымша, бұл біреуді келіссөздерден шығарып тастау емес. Шын мәнінде, бұл барлық тарапты қатыстыру, - деді Уиткофф.
BBC мәліметінше, Сауд Арабиясына Украина делегациясы қазірдің өзінде келген.
-  Алдағы күндері Владимир Зеленскийдің Сауд Арабиясына сапарын дайындау үшін ондаған кездесу өтеді. Атап айтқанда, біз өңір елдерімен маңызды экономикалық келісімдерге қол қоюға дайындалып жатырмыз, - деп жазды Украина қаржы министрі Юлия Свириденко Facebook парақшасында.
Украина үкіметіндегі жоғары лауазымды дереккөздің хабарлауынша, Украина Ресей өкілдерімен Сауд Арабиясында өтетін бейбіт келіссөздерге шақырту алмаған.