«Жасым небәрі 18-де болатын»: Риддерден Ауғанстанға 200-ге тарта сарбаз аттанған
Ұйымдастырушылар алдымен ауғанда көз жұмғандардың құрметіне бір минут үнсіздік жариялады.
Биыл кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 36 жыл толды. Кабул, Шинданд, Герат және басқа да аумақтардағы қанды қырғын қазір естеліктермен өрілсе, сол уақыттағы қарулы қақтығыс тарих беттерінен өшпек емес. Соғыстың бел ортасында жүрген азаматтар бүгінде алпысты алқымдаған жандар.
Риддер тарихи-өлкетану музейі қызметкерлері оларды жылда оқушылармен кездестіреді. Өскелең ұрпақ аға буынның өткенімен танысып, жауынгерлік рухпен сусындаса дейді. Мектептер ауысып отырады. Осы жолы жиын өтетін жер деп №5 мектеп таңдалды. Үшінші қабаттағы кабинеттердің біріне 5-ші сынып оқушылары топталып, ақпанның 12-сі күні, түскі сағат 13:00-де кездесу басталды.
Тарихи-өлкетану музейіндегі тарих бойынша маман Светлана Никифорованың сөзінше, жиырманың ары жақ бері жағындағы жігіттер Отан алдындағы борышын өтеуге кетіп, әрі қарай Ауғанстанда соғысады деп еш аңдамаған. Екі жылын аман-есен өткеріп, елге келген бойда қойған мақсатына қарай ұмтылады десті жақындары мен ата-аналары.
Ұйымдастырушылар алдымен ауғанда көз жұмғандардың құрметіне бір минут үнсіздік жариялады.
– Кеңес әскерлерінің ол жаққа жіберілуінің бірден бір себебі сол, КСРО-ның оңтүстік бөлігіндегі елдерден қорғау үшін ауған халқына әскери көмек жіберу. 1978-89 жылдары Ауғанстан көшбасылары әскери көмек сұрап, бірнеше мәрте жүгінді. КСРО оларды қару, техникалармен қамтып, азаматтық және әскери мамандарды жіберді, – деді Светлана Никифорова.
18-ге жаңа ілінген, көбі 20-ға енді толған 196 риддерлік жат жұртқа жол тартты. Соның ішінде бес жауынгерді «Қара қызғалдақпен» (АН 12 ұшағы) әкелді. Орысша атауы «Черный тюльпан». Жақындары қоштасып үлгерсін деген оймен осындай мүмкіндік жасалған. Ауғанстан түбінде не болып жатқанын бүкпесіз айту мүмкін емес еді. Сарбаз жазған хаттағы әр сөйлем басшылық тарапынан тексеріліп тұратын. Олар үшін күмәнді тұстар байқалса, шимайлап тастайды. Бастысы, амандық-саулық сұрасса жеткілікті деп санады. Қалай дегенмен хат жазу – ата-анамен тілдесудің жалғыз жолы.
– Ауғанстанға аттанғанда жасым небәрі 18-де болатын. Әскери қызметімді Шинданд қаласында өтедім. Ол Адраскан елдімекенінен 30 шақырым жерде. Біздің мақсат – өзен арқылы өтетін көпірді күзету еді. Мен болған жер – саперлік батальон. Жер-жерге мина қойып кетеді, соны тауып, қауіптің алдын алдық. Төңіректі тау қоршап жатыр. Тақыр құздан басқа түк көрмейсің. Өсімдік атаулы өзен маңында, – деді Алексей Ананьев.
Ал Александр Казновский Кабул қаласының өзінде болды.
– Әскер қатарына шақырылғанда 20 жасқа толдым. Менің міндетім жаралыларды санитарлық бөлімге жеткізу еді. Орталық госпиталь Кабулда орналасқан. Жау жоқ жермен жүріп, қатер сезілсе, қарсы әдіс қолдануға әзір болдық. Жарақаттанған сарбазға алғашқы көмек көрсетудің маңызы зор, – деді Александр Казновский.
Екі ардагер жас кездерінде бірін-бірі танымаған. Тіпті қанды қасап барысында да жолдары түйіспеді. Тек елге оралған бойда, ауған соғысына қатысқандардың басын қосқанда танысты. Александр Ананьев жат елде 24 ай, Александр Казновский 22 ай болды. Еңбек демалысы берілмеді. Сөйлемдерін сүзгіден өткізіп, хат жолдауға рұқсат етілгенімен, фотосурет жібере алмайды.
Екі жылда болған оқиғаны асықпай айтып берсе, әсерлі әңгіме желісіне сюжет дайын тұр. Бірақ мұңды естеліктерді еске түсіру де оңай емес. Бастысы, азаматтар еліне аман-есен оралған. Олардың құрметіне концерттік нөмірлер де ұйымдастырылды. Ал оқушылар ардагерлер айтқан әңгімені тапжылмай тыңдады.