Аймақ

Ақтөбеде мектеп автобусын жүргізетін мамандар тапшы

Мыңдаған баланы тасымалдау үшін 145 автобус пайдаланылып жүр

Жүргізушілерге қажеттілік бар — басқарма

Ақтөбе облысында қазіргі кезде 12 700-ден астам оқушы күн сайын мектепке автобуспен барады.
Олардың бірі қашықта тұрса, енді бірі орын тапшылығынан үйінің жанындағы білім ордасына бара алмайды. Мыңдаған баланы тасымалдау үшін 145 автобус пайдаланылып жүр. 
Оның 53-і мектептікі болса, қалғаны жалдамалы. Ақтөбе облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, жүргізушілердің төрттен бірі зейнеткерлер. 
— Автобус жүргізушілерінің жас ерекшеліктері: 20-30 жас — 1, 30-40 жас — 13, 40-50 жас — 28, 50-60 жас — 51, 60-63 жас — 22, 63 жастан жоғары — 34. Автобус жүргізушілері санатының ерекшелігіне, жалақы төмендігіне байланысты мамандарға қажеттілік байқалып отыр. Осы қажеттілікті шешу мақсатында Еңбек кодексінің нормаларының негізінде зейнет жасына толған жүргізушілер жұмысқа тартылып, олармен еңбек келісімшарттары ұзартылып отыр. Қазіргі таңда зейнет жасына толған 34 жүргізуші жұмыс істейді. Жұмысқа қабылданбас бұрын қызметкерлердің денсаулық жағдайы тексеріліп, жұмыс істеуге қабілеттілігін растайтын рұқсатнама алынады. Сонымен қатар қызметкерлердің күнделікті рейс алдындағы денсаулық жағдайы да қаралады, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық білім басқармасы баспасөз қызметі. 
Мектеп автобусын айдайтын жүргізушілердің еңбекақысы еңбек өтілі мен разряды бойынша төленеді.
Мектеп автобусын жүргізуге жастар келе бермейді — зейнеткер әрі жүргізуші
Ақтөбе қаласындағы № 50 мектепке бірнеше саяжай аумағында тұратын балалар тасымалданады.
Жүргізуші таңертең, түске, кешке оқушыларды арнайы белгіленген орыннан алып кетіп, апарып тастауы тиіс. Барлығы 150 оқушы тасымалданады. 
— Мектепке 2023 жылы жұмысқа келдім. Соңғы үлгідегі автобус берілді. Бұл менен де ақылды көлік. Қандай да бір ақау болса сигнал береді. Автобуспен сайжай аумақтарында тұратын балаларды тасымалдаймын. Жол бұл жерлерде жоқтың қасы. Сонда да амалын тауып, тасымалдауымыз керек. Жастар мұндай жерге келмейді. Жалақысы аз. Өзім зейнетақы аламын, бұл қосымша табыс. Сонымен бірге жастар автобус жүргізу санатын да ала алмайды көбіне, — дейді 72 жастағы жүргізуші Серік Райымбаев. 
Жаңа оқу жылы басталар кезде мектеп автобустары міндетті түрде тексеріледі. Олардың техникалық жарақтылығын полиция өз бақылауына алған.
Еnbek.kz порталында ұсыныс та, сұраныс та көп
Ақтөбе облысы бойынша 1600-ден астам бос жұмыс орны ұсынылған. Көбі білім, медицина саласына маман іздейді.
Олардың арасында білікті дәрігерлер мен мұғалімдерге де сұраныс жоғары. Мәселен педагог-психолог, информатика, музыка пәні мұғалімдеріне 85 000-100 000 теңге аралығында жалақы ұсынады. Ал түрлі саладағы дәрігерлерге 250 мың теңгеден астам жалақы белгіленген.
Сонымен бірге мемлекеттік және бюджеттік мекеме қызметкерлері де жүргізушіні жиі іздейді.
Себебі мұндағы жалақы 85 мың теңгеден басталады. Әрі D санаты болуы тиіс.

Тасымал қалай жүргізіледі?

Елімізде «Шалғайдағы ауылдық елді мекендерде тұратын балаларды жалпы білім беру ұйымдарына және кейін үйлеріне тегін тасымалдауды ұсыну» мемлекеттік қызметті көрсету қағидалары бар.
Бұл — Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заң негізінде әзірленген қағида. Ереже бойынша жеке тұлға қалалық, аудандық білім бөлімі немесе білім беру мекемесіне «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕАҚ арқылы, не болмаса электрондық үкіметтің веб-порталын пайдаланып, өтініш береді. Өтініш қабылданғаны туралы хат жіберіледі. 
Еске салсақ, 2023 жылы желтоқсанда Ақтөбеде олимпиадаға барар жолда бірнеше оқушы жол-көлік апатына түсіп, көз жұмды. Сол кезде ата-аналар тасымалдау жұмысының дұрыс жүргізілмейтінін айтып шағымданған еді.