Күн-Жария

Аймағамбетов Астанадағы оқиға туралы: Ата-аналарды жазалау мәселені шешпейді

Мәжіліс депутаты психоневрологиялық қызметтерді реформалау керегін айтуда.

Kazinform мәліметінше, Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов кеше Астанадағы тұрғын үйлердің біріндегі лифтте болған балаға шабуыл жөнінде пікір білдірді.
− Жақында лифтте болған оқиға — жай ғана трагедия емес, өзекті мәселелердің көрінісі іспеттес. Бұл жағдай жүйелі кемшіліктерді ашып көрсетті: психикалық тұрақсыз жасөспірім кез келген балаға шабуыл жасауы мүмкін еді. Мұнда тек ата-аналарды жазалау мәселені шешпейді, ерте анықтау, бақылау, алдын алу секілді кешенді тәсіл қажет, − деп жазды депутат өзінің Telegram каналында. 
Мәжіліс депутаты психоневрологиялық қызметтерді реформалау керегін айтуда. Атап айтқанда, кәмелетке толмағандардың психикалық бұзылыстарын диагностикалау мен емдеуді жетілдіру, оңалту бағдарламаларын дамыту, мінез-құлықты бақылау және туыстарын психикалық ауытқулары бар адамдарға күтім жасау ережелеріне үйретуді ұсынды.
− Ата-аналармен жұмысты күшейту керек. Егер қауіпті адам жақын маңда тұрса, көршілер мен мектепті міндетті түрде хабардар ету керек. Есепте тұрған адамдардың жағдайы мен мінез-құлқын жүйелі тексеріп, агрессивті азаматтарды бақылау, қауіп төнген жағдайда уақытша оқшаулау мүмкіндігі болуы қажет, − дейді А. Аймағамбетов.
Психикалық ауытқуы бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды да қолдау жөнінде айтылды. Бұл үшін әлеуметтік қызметкерлерді тартып, үздіксіз және басымдықпен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету керек. Психологиялық қызметтердің жұмысын жандандыру қажет.
− Ата-аналарға кәмелетке толмаған балаларының құқықбұзушылығы неге әкеп соғатынын түсіндіру жұмыстарын жүргізген жөн. Егер отбасы баланы бақылауда қиындықтарға тап болса, мониторинг пен оңалту қорытындысы бойынша қосымша қолдау шаралары қабылдануы тиіс. Бұл жағдайда барлық қызметтердің жедел әрекет етіп, білікті медициналық көмек көрсеткенін және қылмыстық іс қозғалғанын атап өткен жөн. Бүлдіршіннің тез сауығып кетуін және мықты денсаулық тілеймін. Ал біз психологиялық қызметтер саласындағы мәселелерді шешуге бағытталған заң жобасы бойынша жұмыс істеп жатырмыз, − деді Асхат Аймағамбетов.
Айта кетейік, кеше елордадағы тұрғын үйлердің бірінің лифтінде белгісіз жасөспірімнің кішкентай балаға пышақпен шабуыл жасағаны туралы ақпарат тарады. Шабуыл жасаған жасөспірім арнайы психоневрологиялық есепте тұрған.
Қазір баланың өміріне еш қауіп төніп тұрған жоқ, онымен психолог жұмыс істеуді бастады.