Риддерлік шаңғышылар ел құрамасы сапында Азия ойындарының күмісін олжалады
Қытай спортшыларын озу мүмкін болмады.
Қазақстан әйелдер құрамасы Қытайдың Харбин қаласында өтіп жатқан Азия ойындарында шаңғы жарысынан күміс жүлдеге ие болды. Эстафетада ел намысын Камила Елғазинова, Ангелина Шурыга (екеуі де Риддер), Ксения Шалыгина және Надежда Степашкина қорғады.
Ұлттық олимпиадалық комитет дерегінше, спортшылар 55:24.5 уақыт көрсеткішімен мәре сызығын кесті. Алтын жүлдені 53:59.3 уақытпен Қытай құрамасы жеңіп алса, Жапония 56:38.1 нәтижесімен үздік үштікті түйіндеді.
Айта кетейік, Камила мен Ангелина Риддер қаласындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің тәрбиеленушілері.
Асыл Айтбаев