Экономика

Кәсіп ашқысы келген Риддер тұрғындары 31 млн теңгеге дейін несие ала алады

Статистикаға көз жүгіртсек, соңғы жылдары облысты қойып, ел көлемінде мал басы көбеймеген.

Осы үшін облыстық Кәсіпкерлер Палатасының  директоры Қайрат Мамырбаев іскер азаматтар мен нәзік жандылар алдында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Олар мән-жайын түсіндірген «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша берілетін несиенің тиімділігі мен артықшылығы неде, олар кімдерге беріледі? Тарқатып жазып көрейік.
    Мәлім болғандай, Кәсіпкерлер Палатасы өкілдері түсінік жұмыстарын жүргізу үшін облыстың әр түкпірін аралап жүр. Себебі, барлығына қатысы бар. Әсіресе, ауыл тұрғындары үшін қолайлы көрінеді. Бірақ өзіндік шектеулері мен талаптары да жоқ емес. Шығыс Қазақстан облыстық Кәсіпкерлер Палатасының директоры Қайрат Мамырбаевтың айтуынша, мал шаруашылығы саласындағы жобаларға сақтықпен қарайды. 
 – Құс өсіру бойынша қиындық жоқ. Бройлер, мекиен тауық, күркетауық болсын – олардың қорасын шатырлап, жөндеу үшін осы жобаға өтінім беруге болады. Мал шаруашылығы бойынша несиелендірумен алғаш рет айналысып жүрген жоқпыз. Соңғы 10 жылда дәл осы бағытта белсенді жұмыс жүргізілді. Статистикаға көз жүгіртсек, соңғы жылдары облысты қойып, ел көлемінде мал басы көбеймеген. 2020 жылы «Жол картасы» бағдарламасын таныстыра бастағанда адамдардың 90 пайызы мал шаруашылығы бойынша жобаларын қорғады. Осы бойынша мониторинг жүргізілгенде, көбінің құжатында қаржылық бөлік мінсіз етіп жазылғанмен, іс жүзінде кемшіліктер көп байқалды. Бір адам көршісінің малына құжат рәсімдеп, қаржыны қалтаға басып қалғысы келген, – деді директор.
Осындай бармақ бастылық та байқалыпты. Біреу осы арқылы жаңадан несие алып, ескісінен құтылуды жоспарлауы мүмкін, енді бірі басқа бір дүние сатып алғысы келді ме екен? Облыстық Кәсіпкерлер Палатасы осы жайттарды тізбелеп шықса да, мал шаруашылығы бағытына қолдау үзілмейтінін алға тартты. 
 – Егер осы жағын әрмен қарай қолдасақ, соңында жүйелі жұмыс нәтижесін көргіміз келеді. Қолына миллион тиген адам мүмкін қайта өңдейтін шағын цех сияқты мекеме ашса қандай жақсы. Біреу жартылай дайындалған өнім, қазы, тұшпара немесе манты жасауы мүмкін. Мәселен, тұрғындар ішінен сүт бағытында нәпақа тапқысы келіп, сүт тартатын құрылғы сатып алу арқылы түрлі өнімдерін дайындаса, онда несие беруді қарастыруға болады, – деді Қайрат Нұржанұлы.
Айта кетер жайт, жеке кәсіпкерлік немесе шаруа қожалығы өкілдері биыл 9 млн 800 мың теңгеге дейін, ал ауылшаруашылық тауар өндірушілер кооперативі үшін 31 млн 400 мың теңгеге дейін несие ала алады.
Кәсіпкерлер Палатасының қаржы бойынша бас маманы Зиятдин Шамилов та бағдарлама ерекшеліктеріне тоқталды. Ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға көп көңіл бөлініп жатқан көрінеді. 
 – Ең алдымен бұл барлығының ішінде ең төмен пайыздық мөлшерлемеге ие. Жылына 2,5%. Туризм, қайта өңдеу және ауылшаруашылығы бағытына жарамды. Жасырын комиссия деген жоқ, толықтай ашық бағдарламаға негізделген. Бизнестің бастапқы кезеңі, яғни стартап жобалар үшін де тиімді. Өтінім берушілерге жас ерекшелігі бойынша талаптар қойылады. 23-60 жас аралығы болуы керек, – деді қаржы бойынша бас маман.
Тағы бір жайт, бұған қатысу үшін тұрғын кепіл қоюы керек. Ол не екенін бағалау компаниясы өкілдері орналасқан жері бойы нақтылайды. Зиятдин Шамиловтың сөзінше, бұған жылжымайтын мүлік қоюға болады. Нақты айтсақ: пәтер, коммерциялық ғимарат. Ең әуелі, елдімекен тұрғындары өтінім берсе дейді өкілдер. Басын бастаса, әрі қарай мүмкіндік молайып, ісі ілгерілеуіне негіз көп екенін жеткізді. Айтпақшы, ауылшаруашылық тауар өндірушілер кооперативі ретінде жас ерекшелігі талабына сай келетін анасы, әкесі және ұлы – үшеуі бірлесе Кәсіпкерлер Палатасына өтінім бере алады. 
Ресми ақпаратқа сенсек, былтыр тұтас облыс бойынша 1 млрд теңгенің несиесі беріліп, ұзын-саны 70-тен астам жоба қабылданды. Қазіргі уақытта қосымша 1,5 млрд теңгені игеру межесі тұр. Кәсіпкерлер Палатасы мамандары бизнес бастағысы келгендер үшін балама саналатын жетпістен астам жоба әзірлеп қойған. Адамдар ыңғайына келгенін таңдай алады.
 – Кәсіпкердің өзі ұсынған жобалары да қарастырылады. Өндіріс пен туризмді дамыту идеялары болса, қолдаймыз. Жалпы, өтінім беру үшін Өскеменде, Әуезов көшесі, 26 мекенжайындағы Кәсіпкерлер Палатасына жүгіне алады. Одан бөлек, онлайн өтінім беруге кедергі жоқ. Егер бизнес бастауға ниетті адам көп нәрседен бейхабар болса, тұрғылық жері бойынша кәсіпкерлік бөліміне барып, көкейде жүрген сауалын қоя алады, – деді бас маман.

Асыл Айтбаев