Солтүстік, орталық, батыс және шығыс: 4 өңірдегі су қоймаларына жаппай су жіберіп жатыр
Су тасқыны кезеңіне қажет сыйымдылықты қамтамасыз ету үшін «су жіберу» режимінде жұмыс істейтін болады.
Kazinform дерегінше, мұның бәрі көктемде тасқын суды қабылдауға дайын болу үшін қолға алынды. Аталған агенттікке Су ресурстары және ирригация министрлігі өкілдері ақпар ұсынған.
Ведомство мәліметінше, бүгінде барлық су қоймасы белгіленген режимге сәйкес жұмыс істеп тұр және сыйымдылығын арттыру мынандай шаралары жүргізіліп жатыр:
1) Астана су қоймасындағы су көлемі 81%-ға дейін төмендетілді. 1 сәуірге дейін қоймадағы су көлемін 300 млн текше метрге немесе 73%-ға дейін азайтуды жоспарланып отыр
2) Ақтөбе су қоймасында 51 млн текше метрге жуық су бар. 1 сәуірге дейін ол 47,32 млн текше метрге дейін азайтылады
3) Батыс Қазақстан облысындағы Бітік қоймасында су көлемі 28,11 млн текше метрге дейін азайтылды. Бүгінгі таңда су қоймасынан секундына 4,8 текше метр су жіберіліп жатыр
4) Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасы 78% толып тұр. 1 сәуірге дейін қоймадағы су көлемі тағы 8%-ға азайтылады
5) Қарағанды облысындағы Ынтымақ су қоймасында 63,5 млн текше метр су бар. Көктемде тасқын суын қабылдау үшін су қоймасын 39%-ға дейін босату жоспарланып отыр
6) Ұлытау облысындағы Кеңгір қоймасындағы су көлемі 85%-ға дейін азайтылды. Көктемге дейін оны тағы 11%-ға жуық босату жоспарда бар;
7) Қостанай облысындағы Жоғарғы Тобыл су қоймасында 585,4 млн текше метр су бар. 1 сәуірге дейін су көлемі 499,37 млн текше метрге немесе 61%-ға дейін азайтылады.
Министрлік оңтүстік өңірдегі су қоймалары керісінше жұмыс істейтінін атап өткен.
— Солтүстік, батыс, орталық және шығыс өңірлеріндегі су қоймалары 2025 жылғы су тасқыны кезеңіне қажет сыйымдылықты қамтамасыз ету үшін «су жіберу» режимінде жұмыс істейтін болады. Ал оңтүстік өңірлердің су қоймалары керісінше «су жинау» режимінде жұмысын жалғастырады. Барлық режимдер «Қазгидромет» РМК-ның болжамдарына байланысты түзетілетін болады, - делінген хабарламада.