Бұл туралы Парламент Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. " Келесі жылғы бюджетте қосымша қаражат бөліп, бірқатар мәселелерді шештік. Кейбірін ғана атап өтсем: Дарынды балаларды қолдау үшін халықаралық олимпиадада ел намысын қорғайтын балаларға дайындық лагерлерін ұйымдастыру, арнайы формамен қамтамасыз ету, жол шығындарын төлеу сияқты бағыттар үшін қосымша қаражат бөлінді. Оқушылар арасында робототехниканы дамыту мен мектептер мен колледждерде дебат қозғалысын қолдау үшін де арнайы қаражат қарастырдық. Балалар үшін мемлекеттік тілдегі контент жоқтың қасы. Сондықтан біздің ұсынысымызбен қазақша мультфильмдерге 300 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Дарынды жастар үшін «Дебат» пен «21 ғасыр көшбасшысы» атты тележобаларды ұйымдастыруға да арнайы қаражат қаралды. «Астана Опера» театрының қызметкерлерінің жалақысын көтеру мәселесі де қарастырылды. Жедел жәрдем бойынша бюджеттен бөлінетін тарифті көтеру бойынша да жұмыс жүргізілді. Дарынды балаларды қолдау, мәдениет пен денсаулық сақтау салаларын дамыту бойынша Мемлекет басшысының тапсырмалары бар, сондықтан Үкіметпен бірге осы мәселелер төңірегінде әрі қарай жұмыс жүргіземіз" деп жазды депутат.
ФОТО: tarbie.kz