Жәндік жинағыш мұғалім
Ұстаздың коллекциясында шамамен 200 жәндік бар.
Альфия Шаймарданова – Семей қаласындағы №20 мектепте биология пәнінен сабақ береді. Ол 11 жылдан бері энтомологиялық коллекция жинаумен айналысады. Яғни, түрлі жәндіктердің коллекциясын жасау басты хоббиі. Тіпті, ұстаз бұл ісін шәкірттеріне білім берудегі маңызды құрал деп санайды.
Ұстаздың коллекциясында шамамен 200 жәндік бар, олардың арасында сирек кездесетін Махаон көбелегі де бар. Жәндіктерді жинау барысында мұғалімге отбасы мен достары көмектеседі, әсіресе ағасының үлесі ерекше.
– «Оқушыларымның коллекцияға көзқарасы әртүрлі: кейбіреулері тітіркенсе, басқалары қызығушылық танытып, көптеген сұрақ қояды. Ең қуаныштысы – олардың жәндіктер әлемін зерттеуге деген ынтасы мен құлшынысының артуы», – дейді Альфия Шаймарданова.
Альфияның айтуынша, жәндіктер коллекциясы тек қана хобби емес, қазіргі білім беру бағдарламасында кей тақырыптарды толықтыруға жол ашады. Бұл коллекция арқылы ұстаз оқушылардың қызығушылығын арттырып, зерттеушілік қабілеттерін дамытуға ден қойған. Оқушыларымен бірге «Энтомологиялық коллекцияны жинау және құрастыру ережелері» бойынша жобалар жасап, зерттеулер де жүргізеді.
Коллекцияны толықтыру мақсатында ұстаз табиғаттың әртүрлі аймақтарына барған. Оның ішінде Бейбітшілік аралы, Қызылшағай орманы, Дельбегетей және Қыземшек таулары сияқты ерекше жерлер бар. Кейбір жәндіктер табиғи жағдайда өлген күйінде табылған.
Мұғалім алдағы уақытта жаңа экспедициялар ұйымдастырып, коллекциясын толықтыруды және шәкірттерімен бірлескен жаңа ғылыми жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Сәтжан Қасымжанұлы