Astana Hub резиденттері 90-нан астам елге IT-қызмет экспорттаған
2024 жылдың 9 айында Қазақстанның IT-экспорты ол 471 млн долларды құрады және алдыңғы жылдан 26%-ға көбірек өсім көрсетті.
Kazinform ақпаратынша, бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Үкіметте баяндады. Осы ретте 2026 жылы бұл көрсеткішті 1 млрд АҚШ долларына жеткізу көзделіп отыр.
− Қазақстанның IT-экспортын ілгерілетуде Astana Hub басты рөл атқарады, оның резиденттерінің саны 1,5 мың компаниядан асты, арасында 400 халықаралық ұйым бар. Өткен жылы олардың жалпы кірісі 620 млрд теңгені құрады. Бұл ретте экспорттан түскен табыс 227 млрд теңгені, яғни 479 млн долларды құрады, - дейді Ж. Мәдиев.
Astana Hub резиденттерінің экспорттық географиясы 90-нан астам елді қамтиды. Олардан басқа «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ тиесілі GovTech өнімдері алғаш рет экспортқа шықты. Мұндай шешімдердің қатарына Smart Data Ukimet, Smart Bridge жəне Интернет ресурстарының бірыңғай платформасы веб-сайт құрастырушысы кіреді.
− Қазақстанда ірі халықаралық IT-компаниялар мен шетелдік ITмамандарды тарту үшін қолайлы жағдайлар жасалған. Үздік 10 IT-экспорттаушының негізгі бөлігі – Қазақстанға көшуді ұйғарған шетелдік компаниялар. Нəтижесінде еліміз тек ірі қалаларда ғана емес, ел аймақтарында да жаңа жұмыс орындарын ашуда және экспорттық кіріс түрінде жаңа капитал алуда. «Цифрлық көшпенділер» деп аталатын шетелдік IT-мамандарды тарту үшін жаңа Digital Nomad Visa жəне Digital Nomad Residency бағдарламалары іске қосылды. Бұл тұруға рұқсат алудың жеңілдетілген онлайн процедуралары, - деп түсіндірді Цирфлық даму министрі.
Айта кетейік, Astana Hub стартаптары 6 жылдың ішінде $665,5 миллион инвестиция тартқан.