Күн-Жария

Түркия Болу трагедиясынан кейін аза тұту күнін жариялады

Өрт 12 қабатты Гранд Картал қонақүйінде жергілікті уақыт бойынша 03:27-де басталған.

Kazinform агенттігінде ВВС-ге сілтеме жасап, сейсенбіге қараған түні Түркияның Болу провинциясындағы Карталкая тау шаңғысы курортындағы қонақүйден өрт шыққанын жазылды.
- Қаза тапқандар саны 76-ға жетті, - деп хабарлады ішкі істер министрі Али Ерликая.
Бұған дейін ол 51 адам қаза тапқанын хабарлаған. Зардап шеккендердің кейбірінің жағдайы ауыр. 
Өрт 12 қабатты (басқа деректер бойынша 11 қабатты) Гранд Картал қонақүйінде жергілікті уақыт бойынша 03:27-де басталған. Қазір Түркиядағы жалпыұлттық екі апталық мектеп демалысы басталды және шаңғы маусымының қызуына байланысты қонақүйде 234 адам болған. Болу губернаторы Абдулазиз Айдын алдын ала мәлімет бойынша, өрттің қонақүйдің төртінші қабатындағы мейрамхана аймағында басталып, жоғарғы қабаттарға тарағанын айтты. Қонақүй Болудың орталығынан біршама қашықтықта орналасқан. Өрт сөндірушілерге оқиға орнына жету үшін бір сағаттан астам уақыт қажет болды.
Құтқару жұмыстары таңертеңге дейін жалғасты, құтқарушылардың қонақүйдің кейбір бөліктеріне әзер жеткені хабарланды. 
Түрік ақпарат құралдарының хабарлауынша, кем дегенде екі адам қонақүй терезесінен секіріп, қаза болды. Кейбірі төсек жабындыларынан арқан жасап секіруге тырысты. 
Шаңғы нұсқаушысы Нечми Кепчетутан түрік телеарнасына қонақүйді жақсы білетіндіктен құтылып шаққанын, ал оның құрылымымен таныс емес қонақтардың жолы болмағанын айтты.
- Адамдар терезеден: «құтқарыңыздар» деп айқайлады. Өйткені іште түтін болды. 20-25 адамды шығарып алдық, - деді ол НТВ телеарнасына берген сұхбатында. 
Өрттің шығу себебі әзірге белгісіз. Әділет министрі Йылмаз Тунч тергеуге прокуратураның да қосылғанын айтты.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтты. Аталған оқиғаға байланысты Түркияда бір күндік қаралы күн жарияланды.