Күн-Жария

Shakarim University-дің профессорлық-оқытушылар құрамы «Қысқы мектеп» курсынан өтті

Білім беру сапасын арттыруға бағытталған қысқы мектеп курсына университеттің 150-ге жуық оқытушысы қатысып,  жасанды интеллект заманына бейімделу үшін қажетті білім мен дағдыларды меңгеруге ерекше назар аударды.

15-17 қаңтар аралығында Shakarim University-дің профессорлық-оқытушылар құрамы «Қысқы мектеп» курсынан өтті. “АІ дәуіріндегі сын-қатерлер мен мүмкіндіктер: білім берудің интеллектуалды трансформациясы” деп аталған қысқы мектеп курсы заманауи технологиялар дәуіріндегі білім беру саласының өзекті мәселелері мен жаңа мүмкіндіктерді талқылауға арналды.

Білім беру сапасын арттыруға бағытталған қысқы мектеп курсына университеттің 150-ге жуық оқытушысы қатысып,  жасанды интеллект заманына бейімделу үшін қажетті білім мен дағдыларды меңгеруге ерекше назар аударды.

Shakarim University оқытушыларына арналған қысқы мектеп барысында  Astana IT University-дің сеньор-лекторы Арайлым Әшімбекова «Білім беру үдерісіндегі генеративті жасанды интеллект негіздері» тақырыбында курс өткізіп, қатысушыларды жасанды интеллект негізінде жасалған ChatGPT, Gemini, Deepl, Gamma app, Connected papers, Consensus және басқа да технологиялармен таныстырды. Оларды оқыту процесінде тиімді қолдану жолдарын  көрсетті.

Ұлттық тестілеу орталығының Ғылыми зерттеулер мен психометрика зертханасының меңгерушісі Ләззат Шинетова мен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің оқытушысы Альмира Искакова «Тестология: студенттердің білімін бағалаудың заманауи тәсілдері» тақырыбында семинар өткізді. Олар студенттердің білімін бағалаудағы заманауи тәсілдердің теориялық және практикалық негіздерін түсіндірді, тест тапсырмаларын құрастырудың психометриялық принциптеріне тоқталып, тест мазмұнының сенімділігі мен сәйкестігін (валидтік) қамтамасыз ету жолдарын нақты мысалдармен көрсетті. Семинар барысында қатысушыларға тест құруға арналған заманауи платформалар мен цифрлық құралдар таныстырылып, олардың қолдану ерекшеліктері түсіндірілді. Ал әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Жасанды интеллект және Big Data кафедрасының меңгерушісі Мәдина Мансұрова «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тәжірибесі: AI және Big data» тақырыбында  дәріс өткізіп, жасанды интеллект пен үлкен деректерді зерттеу және қолдану саласындағы университеттің жетістіктері мен бастамаларын таныстырды.

Шәкәрім университетінің Ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру орталығы өткізген «Студенттерді ғылыми-зерттеу жұмысына тартудың тиімді әдістері»  семинарында  орталық басшысы Әсемгүл Байқадамова студенттер арасында ғылыми белсенділікті дамытуға бағытталған кешенді бағдарламаны ұсынды, студенттер іс-әрекетінің түрлері талқыланды, ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысқан студенттердің статистикасы, республикалық және халықаралық пәндік олимпиадаларға қатысу нәтижелері ұсынылды. 2024 жылғы республикалық ғылыми-зерттеу жұмыстары байқауында қол жеткізген елеулі нәтижелерге ерекше назар аударылды. Бұл байқауда тапсырылған 83 жұмыстың 28-і жүлделі орындарға ие болған еді.   Қатысушылар студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамытудың маңыздылығын және университеттегі ғылыми бастамалардың өзектілігін атап өтті.

Ал Инновация дамыту орталығының жетекшісі Әділет Сүгірбай  Scopus тізіміне кіретін журналға мақала жазу тәртібі жайлы дәріс оқыды. Ол өз дәрісінде ғалымдар үшін ғылыми мақалалар жарияланымының маңызы туралы айтып, мақаланың стандартты құрылымымен таныстырды,  аннотациядан бастап қорытындыға дейінгі әр бөлімнің қалай жазылуы керектігін тәптіштей түсіндірді. Сонымен қатар, ол ғылыми мақаланың мазмұны мен стиліне қойылатын негізгі талаптарды атап өтті. 

Қысқы мектептің «Shakarim University: Сын-қатерлер мен мүмкіндіктер» деп аталған соңғы күнінде де бірнеше іс-шара ұйымдастырылды. Декандар, кафедра меңгерушілері, профессорлық-оқытушылық құрам мен құрылым басшылары қатысқан басқосуда  «Platonus жүйесі: Қазақстандық білім берудегі сандық трансформация құралы», «Университеттің даму стратегиясында айқындалған қызметтің негізгі көрсеткіштері: жоспарлау, мониторинг және нәтижеге қол жеткізу», «Ұлттық және халықаралық рейтингтер» тақырыптарында талқылаулар мен пікір алмасулар өткізілді. Әрбір баяндамашы өз саласы бойынша терең талдау жасап, университеттің сандық жүйелерді енгізу мен білім беру үрдісін жақсарту жолдарын қарастырды.

Бірнеше күнге созылған қысқы мектеп курсының түйіні университеттің оқу базасында  тимбилдинг түрінде өткен «Өзгеріске ашық бол!» психологиялық икемділік тренингімен түйінделді. Қатысушылардың көшбасшылық қабілеттерін жетілдіру, өзгерістерге бейімділігін арттыру, жақсы қарым-қатынас орнату, кәсіби өсуге ынталандыруды мақсат еткен тренингті  Психологиялық қолдау қызметі орталығының басшысы Шолпан Сәтиева өткізді.  «Кевин Мюррейдің «Көшбасшы харизмасы.  Өз командаңызды жетістікке  қалай ынталандыруға болады?» деген тұжырымына сүйене отырып, алты бағытты қамтыған тренингте  командалар көшбасшылық қабілеттерді жетілдіру,   психологиялық икемділікті арттыру үшін әртүрлі жаттығулар мен тапсырмаларды орындады. 

Тимбилдингте әрбір топ мүшесі жеке және топтық деңгейде тапсырмаларды орындау арқылы өздерінің көшбасшылық қасиеттерін көрсетуге және командадағы рөлдерін тиімді үйлестіруге мүмкіндік алды. Қарым-қатынас орнатудың тиімді тәсілдері мен топтық стратегияларды қолдану арқылы топ мүшелері бір-бірімен ынтымақтастықта жұмыс істеп, әртүрлі қиындықтарды жеңуге дағдыланды.

Қысқы мектеп курсының  Shakarim University оқытушыларына заманауи талаптарға сай жаңашыл көзқарастармен қаруландыруға және білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтеруге септігін тигізері анық.