Аймақ

Жезқазғанда кенші жер астына киіз үй тікті

Киіз үй иесінің қоятын жалғыз шарты бар. Дастарқан басында жұмысшылар арасында сыйластықты арттыру секілді түзу әңгіме айтылуы керек.

24 kz дерегінше, жергілікті кенші Ақбейсен Қайырбеков өзі істейтін шахтаның астына киіз үй тікті. 650 метр тереңдікте орналасқан қазақы үй ауыр еңбекте жүрген жұмысшылардың бір мезгіл бас қосып, шәй ішетін сүйікті орнына айналған. Жезқазғаннан 200 шақырым қашықта орналасқан «Жомарт» шахтасында 1 мыңға тарта кенші вахталық әдіспен жұмыс істейді. Ақбейсен Қайырбеков 2006 жылы кеніш іске қосылған кезден бері осында еңбек етіп келеді. Жеті қат жер астына киіз үй тігу идеясы отбасынан жырақта жүрген еңбеккерлердің өздерін бір сәт үйінде жүргендей сезінсін деген ойдан туған дейді ол. Төбені бекіту телімінің басшысы Ақбейсен Қайырбековтің сөзінше, барлығы 12 сағат жұмыс істейді. 
– Соның 1-ден 2-ге дейінгі аралығы түскі ас уақыты. Сондықтан таза жерде, таза үйде отырып түскі ауқатын ішіп жақсы боп отырсын деген ниет. Кейде бір сағыныш болады. Шіркін-ай шаңыраққа қарап отырып бір шәй ішсек қой деген. Мысалы, демалысқа барады этаж үйде тұрады. Қанда бар нәрсені сағынады. Сол сағынышты осының ішіне кіріп басса деген ой, – дейді ол.
24 kz ақпаратынша, киіз үй төріне қазақтың ұлттық аспаптары, тарихтан белгілі хандар мен батырлардың және осы өңірде өндірістің дамуына үлес қосқан ардагерлердің суреттері ілінген. Мұндағы орындықтың өзі ханның тағына ұқсатып жасалған. Ауыр еңбектен шаршаған кеншілер осында кеп шөл басады. Тек, үй иесінің қоятын жалғыз шарты бар. Дастарқан басында еңбек жағдайын түзеу, жұмысшылар арасында сыйластықты арттыру секілді түзу әңгіме айтылуы керек. 
Кеніштің бас инженері Ербол Биболов Ақбейсен Төкенұлының түрлі идеялары бар екенін алға тартты.
– Сол идеяларының ішінде біз қолдау берген осы киіз үй жобасы болатын. Салуға, орындарын дайындап, ішін безендіруге қолұшын бердік. Патриотизмді көтеруге пайдалы деп ойлаймын, – дейді ол.
Ақбейсен Қайырбеков киіз үйден бөлек, тағы бірнеше жобаны жүзеге асырған. Болашақта ол кеніш аумағын үлкен саябаққа айналдыруды жоспарлаған. Қазірдің өзінде көптеген жеміс ағашын жерсіндіріп, түрлі аң-құстың мүсінін орнатқан.