«Қыз зорлады» деген айыпталған боксшы Жанқош Тұраровтың адвокаты не деді?
«Қыз зорлады» деген айып тағылған кәсіпқой боксшы Жанқош Тұраровтың адвокаты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Jarialike.kz.
Былғары қолғап шеберінің қорғаушысы Самат Мамұтовтың сөзінше, олар тергеп-тексеруге кедергі келтірмес үшін БАҚ өкілдерін енді ғана жинап отыр.
Айыпқа қатысты мәлімдеме жасамауымыздың себебі – тергеп-тексеруге кедергі келтірмейік дедік. Бірақ арызданушы Әнару Құрманәлінің уәждерін БАҚ өкілдеріне сұхбат ретінде айтып, Жанқош Тұраровтың ар-намысына нұқсан келтіруге бағытталған әрекеттерінен кейін қысқаша сұхбат берейік деп шешім қабылдадық. Әнару Құрманәлінің Жанқош Тұраровтың үстінен Әуезов аудандық полиция басқармасына берілген арызы бойынша қылмыстық іс тіркеліп, тиісті сараптамалар тағайындалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқаны барлығымызға белгілі. Жанқош Тұраров арызданушы Әнару Құрманәлінің арызында көрсетілген және БАҚ-қа берген сұхбатында зорлық болғаны туралы ақпаратты растамайды. Бәрі жалған, ойдан шығарылған деп есептейді. Ақиқат орын алатынына үміт артады. Әнару Құрманәлінің арызы бойынша қылмыстық іс тіркелгенінің себебі – зорлық-зомбылық туралы ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 32-бабына сәйкес қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істе жекеше жариялау, айыптау істері болып есептеледі. Арызданушының арызы бойынша басталған. Арызда көрсетілген деректерді тексеру үшін сот дәрігері тексеріп, басқа да сараптамалар өткізілуі қажет. Ал сараптамалар өткізу үшін қылмыстық іс міндетті түрде сотқа дейінгі бірыңғай тізілімде тіркелуі тиіс. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталған соң арызданушының арызы жалған болып шықса, яғни оған зорлық көрсеткені туралы көрнеу жалған сөз жеткізген болса, Қылмыстық кодекстің 419-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық жауапқа тартылады, - деді ол.
Фото: t.me/zakonkz