Күн-Жария

«Жеңістен соң одан әрі рухтана түстім»: Универсиадада топ жарған Никита Акимов чемпиондығын қалай тойлайтынын айтты

Естеріңізде болса, Риддердің тумасы күні кеше Италияда өтіп жатқан қысқы Универсиадада 10 шақырымдық спринтте топ жарған болатын.
 

Қызығы сол, Швецияның мықтысы Кнут Викстрем марапаттау кезінде бірнеше рет басын шайқап, екінші орын тақиясына тар келгендей әсер қалдырды. Бірақ қазақстандық спортшының ату межесінде бірде-бір рет мүлт кетпей, жылдамдығы да жоғары болғанын ескерсек, онысы орынсыз сияқты.
Ал мәре сызығын үшінші болып кескен Украина үміті Богдан Борковский қарсыластарының қуанышына ортақтасып, қолаға еш қомсынбады. Шынтуайтында, көптеген сарапшы сол Борковский топ жарады деп болжаған еді.
10 шақырымды 23 минут 14 секундта еңсерген отандасымыз жарыстан кейін берген сұхбатында бәсекенің қаншалықты қиын болғанын айтып берді.
- Бұл жеңістің мен үшін маңызы зор. Мұның алдында аралас жарыста төртінші орын алып, іштей бармақ тістегеніміз бар. Енді одан әрі рухтана түстім. Әуелде Туриннің ауа райына бой үйрету қиынға соқты. Ал сайыс барысында еш қорықпадым. Тек соңғы сәттерде жеңісті уыстан шығарып алмайын деп қобалжығаным рас. Сәтті нәтижемді команда ішінде, достарымның арасында атап өтемін. Ал үйдегілер әлдеқашан тойлап бастап кетті, - деді Акимов.