Қазақ жігіті Apple компаниясына басшылық қызметке тағайындалды
Жаңа қызметке отырған отандасымыз Ақтөбенің тумасы.
Nege.kz мәліметінше, әлемге әйгілі Apple корпорациясының басшылық қызметіне 29 жастағы Әділхан Қопабаев тағайындалды.
Ол Apple Inc. компаниясына Орталық Азия мен Армениядағы мемлекеттік саясат және үкіметпен байланыс бөлімінің басшысы болып келді.
Сүйінші жаңалықты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев хабарлады.
- Біздің отандасымыз, Apple компаниясында жетекші қызметке тағайындалғанын хабарлауға қуаныштымын! Бұл жаңа кезең оған көптеген жетістіктер мен кәсіби өсу әкелсін!, - деп жазды Жаслан Мәдиев фейсбук парақшасында.
Әділхан Қопабаев 1995 жылғы 9 шілдеде Ақтөбеде дүниеге келген.
Оңтүстік Кореядағы Ульсан ұлттық ғылым және технологиялар институтында, АҚШ-тағы Браун университетінде білім алған. Рокфеллер қоры тағайындайтын стипендияның иегері.