Екінші атом электр стансасы Шығыс Қазақстанда салынуы мүмкін
«Қазақстан атом электр стансалары» компаниясының бас директоры Тимур Жантикин бұл туралы жуықта«Jibek joly» арнасына берген сұхбатында айтты.
Sozmedia.kz дерегінше, әлеуетті АЭС салу үшін бірқатар талап қойылып отыр. Ол алдымен сейсмикалық жағынан қауіпсіз, дүлей апаттардан қорғалған, адам қалың шоғырланған жерден алшақ және су тоғандарына жақын болуы тиіс.
Бұл жерде стансаны энергия тапшылығы байқалатын жерлерге салу басшылыққа алынған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұның алдында елде екі, тіпті үш атом электр стансасын салу жоспарланғанын және соның жобасын әзірлеуді жылдамдату керектігін баса айтқан болатын.
Тимур Жантикиннің сөзінше, бұған дейін республиканың қай өңірінде атом электр стансасын салу орынды екені талқыға салынды. Соған сәйкес бес аймақ таңдалды, оның ішінде Қазақстанның шығысы да бар. Енді алдыға қойылған талаптардың барлығы ескеріліп, нақтысы белгілі болмақ.
Оған қоса, Шығыс Қазақстанда ядролық энергетика өнеркәсіпте ядролық реакторлар үшін таблетка түрінде қолданылатыны ескерілуі мүмкін. Мамандар аталған облыста энергия көзі көп жұмсалатын өндіріс жұмыс істейтінін де есепке алулары кәдік.
Осыған дейін шенеуніктер құрылыс маңызына әр тараптан тоқталған болатын. Олардың сөзінше, егер артықшылықтар туралы айтатын болса, онда АЭС салу елдің ғылыми-техникалық және жоғары білікті кадрлардың өсуіне мүмкіндік береді. Құрылыс кезінде 8 000 адамға дейін жаңа жұмыс орындары және жаңадан екі мыңнан астам кадр пайда болатын көрінеді.