Күн-Жария

Қазақстанда қасқырларды атуға рұқсат берілді

Ресми ақпаратқа сүйенсек, аңдарды аулау тек үй жануарларына шабуыл жасалғаны расталған жағдайда ғана рұқсат етілмек.
 

Inbusiness.kz дерегінше, жануарларды аулауға рұқсат жыл соңына дейін ғана жарамды. Анықталғандай, 2025 жылдың 15 қаңтары сағат 10:00-ден бастап қасқыр мен шибөрінің санын реттеу мақсатында арнайы рұқсат алуға болады. 
Тағыны аулау тек үй жануарларына шабуыл жасалғаны расталған жағдайда ғана рұқсат етіледі. Қасқыр мен шибөріні аулауға рұқсат алу ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің 2020 жылғы 30 желтоқсандағы №347 бұйрығымен бекітілген тәртіп бойынша жүзеге асырылады.
– Биологиялық негіздемеге сәйкес, Қызылорда облысы аумағында 2025 жылғы 15 қаңтарда сағат 10:00 бастап қасқыр мен шибөрі жануарларының санын реттеуге рұқсат алу мүмкіндігі қолжетімді болмақ.
Әзірленген биологиялық негіздеме шеңберінде Қызылорда облысы аумағында қасқыр мен шибөрі санын реттеуге бөлінген лимитке сәйкес, көрсетілетін мемлекеттік қызмет электрондық (толық автоматтандырылған) нысанда көрсетіледі, – деді Қызылорда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Р.Бурабаев. 
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті жануарлар санын реттеу биологиялық тепе-теңдікті сақтау және үй жануарларын қорғау мақсатында жүзеге асырылатынын жеткізді. Мамандар аталған қадам экологиялық жүйеге зиянын тигізбейтінін, керісінше, жануарлар дүниесін тиімді басқаруға мүмкіндік беретінін айтқан. 

Нұрбек Асқаров