Күн-Жария

Бибігүл Жексенбай. Еңбекқор адамның еңсесі тік

Президент Қ.Қ.Тоқаев атап өткендей, Жұмысшы мамандықтарының жылы қоғамымызда қажырлы еңбек пен кәсіпқойлық идеясын ілгерілетуге көмектеседі

«Адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі» деп Абай атамыз айтқан. Қазақ ежелден жыл он екі ай өзінің қажеттілігін тек еңбек арқылы қамтамасыз етіп келген халық. Еңбек адамды адалдық, табандылық, жауапкершілік сияқты қасиеттерге баулып игілікке жеткізеді.

Біз еңбекпен тәрбиеленген ұрпақпыз. Бала кезімізден әке-шешеміз еңбекке баулып, үйдің де, түздің де жұмысына араластық. Сабақ оқумен ғана шектелмей, бау-бақша, мал-жанды күтіп, қарадық. Тіпті 7-ші сыныпта құрбыларымызбен жазғы каникулда ауыл шетіндегі орман шаруашылығындағы питомникте балапан шыршаларды бағып, алғаш рет жалақы алып, мәз болғанымыз да есімізде. Әрине, ата-анамыздың арқасында еңбекпен келген табыстың қадірін де біліп өстік.

Озық әрі табысты елге айналу үшін қоғамда қандай құндылық үстемдік құруы керек десек, әрине еңбекқорлық пен адалдық үстемдік құратын болса ғана жетер жетістіктердің көп болатынын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында баса айтты.

«Адамды адам еткен – еңбек» дегендей, адамдықтың бір анықтамасы – еңбек. Ендеше, қоғамның да қоғам болуы еңбекпен тікелей байланысты. Мемлекет осыған баса мән беріп, жұмыссыздықты жоюға, жұртты еңбекке тартуға бағытталған маңызды бастамаларды жүзеге асырып келеді.

2023 жылы Мемлекет басшысы Әлеуметтік кодекске қол қойғаны белгілі. Бұл Кодексте адамдардың туғаннан кәмелеттік жасқа толғанға дейінгі әлеуметтік қолдаудың барлық жағдайлары көзделген: еңбекке қабілетті жаста жұмысқа орналастыру, еңбекті қорғау, әлеуметтік сақтандыру шаралары, қиын өмірлік жағдай кезінде әлеуметтік көмек көрсету, сондай-ақ сондай-ақ егде жасқа келгенде қараусыз қалмауы қарастырылған. Әлеуметтік кодекс – «Әділетті Қазақстанның» жаңа әлеуметтік саясаты деуге болады.

Білімге, жұмысқа немесе кәсіптік оқуға қатыспайтын жастарды білдіретін NEET (Not in Education, Employment, or Training) буынының өсуі елеулі алаңдаушылық туғызады. Бұл тенденция еңбек белсенділігінің жалпы деңгейін төмендетіп қана қоймай, қоғамда керенаулық көзқарастарды тудыратыны рас. Осы тұрғыдан алғанда, Жұмысшы мамандықтарының жылы жұмысшы мамандықтардың беделін нығайтуда, еңбек әулеттерін қолдауда және жастарды кәсіби өсуге ынталандыруда маңызды рөл атқарады. Еңбекті құрметтеуді іргелі құндылық ретінде қалыптастыру еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуының құрамдас бөлігіне айналуда.

“Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жолындағы негізгі бағыт-бағдар да Адал -адам , Адал еңбек-Адал табыс болады. Еліміздегі әрбір азамат осы басты құндылықтарды берік ұстануы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады. Сонымен бірге бұл Әділетті Қазақстан идеясымен үндесіп жатыр. Біз осы іргелі құндылықты ұрпақ санасына сіңіре беруіміз керек», - деді Мемлекет басшысы.

2024 жылғы қыркүйекте Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялады.

Президент Қ.Қ.Тоқаев атап өткендей, Жұмысшы мамандықтарының жылы қоғамымызда қажырлы еңбек пен кәсіпқойлық идеясын ілгерілетуге көмектеседі. Адал еңбек етуге ынталы жандарға мемлекет қашанда болмасын қолдау көрсетеді. Бұл «Адал еңбек – Адал табыс» қағидасына толық сәйкес келеді және Әділетті Қазақстанды құрудың іргелі факторларының бірі болып табылады.

Адал, қажырлы еңбек арқылы жетістікке жеткен азаматтар қашанда құрмет пен ықыласқа бөленеді. Өз саласының мамандарының арқасында ұлтымыздың жаңа сапасы қалыптасуда. Сондықтан да мемлекет еңбек адамдарының жағдайын, түрлі саладағы жұмысшы мамандықтары мен мамандардың беделін көтеру үшін дәйекті шараларды қолға алуда. Осындай шаралардың бірі азаматтарға құрметті атақтар беру болып табылады.

Мұндай марапаттар мұғалімдер, дәрігерлер және мәдениет қайраткерлеріне арнап енгізілді, инженерлерге, геологтарға, тау-кен игерушілеріне, көлік, ауыл және су шаруашылығы қызметкерлеріне, ғалымдар мен өнертапқыштарға да арналған құрметті атақтар енгізілетін болады.

Осылайша еселі еңбектің еленгені қоғамда еңбек құндылығының маңызын арттыра түсетіні анық.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Жұмысшы мамандықтары жылы деп жарияланған 2025 жыл құтты болсын!