Мәзір
1 наурыз, 2024 / JariaLike / Денсаулық

Абай облысының «денсаулығында» кінәрат көп

Абай облысының «денсаулығында» кінәрат көп Абай облысының «денсаулығында» кінәрат көп
Ашық дереккөзі

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегендей, қоғамның басты дертіне айналған сыбайлас жемқорлықпен күрестің тиісті амалдары қолданылып жатса да, қай саладан болсын, қаржылық құйтырқылықтың құлағы қылтиып тұратыны жасырын емес. Сол бағытта жемқорлықтың алдын-алу бағытында Абай облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті денсаулық сақтау саласына жүргізілген талдау қорытындысын жариялады.

Абай облысы әкімдігімен бірлесе өткізілген ведомствоаралық комиссия отырысында Семей қаласындағы онкологиялық орталыққа  жүргізілген тексеру нәтижесі түрлі күмәнді сұрақтарды туғызып отыр. Аталған орталық 2019-2022 жылдар аралығында  медициналық жабдықтарды өндірумен айналыспайтын компаниялармен 608 млн теңге сомасында 23 негізсіз шарт жасасқан. Ал заң аясында алып қарайтын болсақ, бұл жұмыстармен медициналық күрделі жабдыққа өндірген компания немесе аталған орталықтың сервистік қызметін меңгерген мамандар айналысуы тиіс.

Абай облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі департамент басшысының бірінші орынбасары Рүстем Тоқбергеновтің айтуынша, жүргізілген талдау барысында медициналық жабдықтарға жалған сервистік қызмет көрсету, медициналық қызметтерді асыра тіркеу, бас дәрігерлерді өз бетінше жұмыстан шығару, науқастарды жекеменшік клиникаларға жіберу кезінде жеке мүддені көздеу, дәрілік препараттармен айла-шарғы жасау және еңбекақы төлеу қоры бойынша ақша қаражатын жымқыруға байланысты бірқатар кемшіліктерге жол берілген.

«Жалпы, 2023 жылы мемлекет тарапынан облыс халқына 7 млрд теңгеден астам сомаға 400 мыңнан астам дәрілік препараттар бөлінді. Алайда, талдау нәтижесі дәрі-дәрмектердің бөлінген көлемі бағытталған жаққа жетпейтіндігін көрсетіп отыр», - деді Рүстем Тоқбергенов.

Сондай-ақ, аудандардың біріндегі аурухана дәріханасында жалпы сомасы 1,3 млн теңгеге препараттардың жетіспеушілігі анықталған.

Осы тұрғыда тағы бір айтар жайт, өңірлердегі сапалы медицинаның ең төменгі деңгейлік көрсеткішіне Абай облысы да ілігіп отыр. Экономикалық зерттеулер институтының (ERI) мәліметіне сүйенсек, өңірлердегі медициналық қызмет көрсету сапасының ең жоғары көрсеткіштері Ақмола облысында (62,6%) болса, ал  ең төмен көрсеткіштер Қостанай (29,9%), Шығыс Қазақстан (31,7%), Абай облыстарында (33,9%), орын алған.

Сәтжан Қасымжанұлы

Фото: Gurk.kz 

Көп оқылды: