Мәзір
27 қаңтар, 2024 / JariaLike / Руханият

Бұрынғы мен бүгінгінің арасын жалғаған әнші

Бұрынғы мен бүгінгінің арасын жалғаған әнші Бұрынғы мен бүгінгінің арасын жалғаған әнші
Ашық дереккөзі

Өнерден таласы бар кез-келген өнерпаз өзіне өріс іздейтіні анық. Біз де жасымыздан өнерге құмартып, домбыра ұстап, әнге әуес болғанымызбен, «әу» деп ән салып, ел алдына шыға қоймадық. Бәрі іште сайрап тұрады-ау, бірақ бір қысылу бар. Шешем байғұс марқайып қалғысы келе ме екен, бас қосқан ағайын, ауылдағы жиын-тойларда өнер көрсеткенімді қалайтын. Бірақ баяғы бір ұяңдық аяғымызды аттап бастырмай-ақ қойды. 1990 жылы мектепті тауысып, арманымыз Алматы деп алып ұшқанмен, сәті түспей елге қайттық. Аздаған шегініс...
Өткен ғасырдың сонау бір 28-30-жылдары бардың малын, жоқтың жанын алған қиын-қыстау кезеңдерде туған жерді артқа тастап, Қытай асқан ел, 1962 жылы отанға оралғанда, олардың көпшілігінің отының басы түгел келе қалған жоқ. Бірінің ағасы, бірінің баласы жат жұртта қалды. 1970 жылдардан бастап ол жақтағы ағайындармен хат алысып, 80-жылдардың аяғында екі ел арасында орнаған жылымық саясат туысшылап барыс-келістің басталуына жол ашты. Осы кездері анамыз арғы бетте қалған туыстарын іздеп, жыл жүріп құжат жинап, баруға әрекет жасады. Әсіресе, негізгі мақсат-мұрат – 26 жыл бойы Қытайда қалған қызын бір көруді аңасаған шешесінің (нағашы апам) арманын орындау еді. Құдай дәм жазып, 1988 жылы барып келді. Апамыз ондағы қалған балаларымен көрісіп, көңілі көнішіп, аса бір жоғары көңіл күймен қайтты. 
1990 жылдың тамыз айында апайымыз қызын алып мұнда келді. Бұл біздің Ақсуат ауданына (мүмкін Семей облысына) Қытайдан келген алғашқы «делегация» еді. Ақ түйенің қарны жарылып, ауылда айға созылған той болды. Осы кезде менің де томағам сыпырылып, алғаш ағайындар алдында ән салғаным бар. Шешем де қуанып қалды... Сөйтіп, алыстан келген апайымыз алғашқы бір айда ел-жұрт, бауыр-туғандарын аралап, екінші айда Ұржар ауданының Ново-Андреевка ауылындағы қайынжұртына баратын болып, мұндағы ағайындар бірнеше көлікпен керуендете құдалар жаққа аттанды. Апайдың келгенін естіп, қамданып отырған ондағы ел Ұржарға шыққанынан хабардар еді. Жолдағы Аягөз ауданының Тарбағатай ауылында тұратын қайнапайы Бейсен апамыз ағайын-туысымен бүкіл ауыл боп жолдан «керуенді» күтіп алады. Ширек ғасырдан аса уақыт көрмеген ағайын-туыспен көрісу, сағыныш пен қуаныштың көз жасы, бәрі-бәрі қосылып ұлан-асыр тойға ұласады. Сол тойда екі ғажап әнші елдің құлағының құрышын қандырып, таңдайының суын ағызады. Ағайынды аңсап, жерді сағынып келген апай елдің әнін тыңдап, көңіл тербеген көркем әнге егіліп те алады. Бір күннен соң бірқанша адам және қосылып келген қонақтарды Ұржарға қарай ала жөнеледі. Әлгі екі жігіт оларды әндетіп жолға салады. Үш-төрт сағат жүріп, Ұржарға жетіп, ондағы ағайын-туыстармен қауышып, көзайым болып, мауқын басып отырғанда, жаңа ғана әндетіп шығарып салған екі жігіт араға бір сағат салып, екі атпен тауды асып, іле соңдарынан жетіп келгенде біздің ақсуаттықтар қайран қалыпты. Мұнда да ағайын-жұрт алыстан келген баласына ақсарбас айтып мал сойып, дүрілдетіп той жасап, екі жігіт аңыратып ән салады. Үш-төрт күннен кейін апайды қайын жұртына қалдырып, ақсуаттықтар елдеріне қайтады.
Келгесін болған жайды баяндап, барлық қызықтарды жіпке тізгендей қылды. Сондағы шешемнің қайта-қайта айтқаны – екі әнші болды. 
- Кім деген әншілер? Олар неғып жүр онда? Домбырамен айта ма? - деймін мен де.
- Иә, домбырамен айтады. Бір-екі жыл бұрын Қайрат Байбосыновтан оқып бітіріпті. Ол жаңағы Тарбағатайдағы апайдың қайнапайының ұлы екен. Аты Толу. Өзі Семейде тұратын көрінеді. Қасындағы Бекзат деген жолдасы екен, - деді. Менің «әу» дегенімді енді ғана көрген шешем:
- Шіркін-ай, сонымен танысып, ән үйренсең ғой, - деп, әсіресе, Толу деген жігіттің әншілігін айтып тамсанып отырды. Арасында ол бізге алыс та емес, құда бала болды ғой деп бір қояды.   
Иә, солай арада бір жыл өткенде шешем Семейге оқуға әкеп, бауырының үйіне орналастырып, қайтарында «Толу әншіні сұрастырып тауып алсаң» дегенді де ұмытпады. Ай жарым жатып дайындалып, Семейдің Шәкәрім атындағы университетінің филология факультетінің студенті атандық. 
1992 жылдың күзінде Әміре Қашаубаев атындағы республикалық әншілер байқауы Семейде өтті. Абай театрында. Үш күн конкурстың екі күнінде сонда жүрдім. Ән тыңдап, әншілерді көріп, ес кетті. Содан бастап бетіміз сал-серілерге қарай бұрыла бастады.
1993 жылдың көктемінде екі апталық практикадан өтетін болып, тобымызбен белгіленген мектепке келдік. Әр екі студентті бір класқа бөліп, сабақтарға қатыса бастадық. Наурыздың қарсаңы болғандықтан, әр класс наурыз мерекесіне арналған әртүрлі іс-шаралар жасап, қазақ салт-дәстүрінен көріністер көрсетуге дайындықтар жасап кетті. Өзімізге бөлінген кластың дайындығына барымызды салдық. Сөйтіп жатқанда бір кластың жетекшісі келіп:
- Бауырым, ән айтатын өнерің бар екен, менің класыма да көмектесесің бе? Тағы да әнші екі жігіт бар. Солардың бір жағына шығып, ойыңды айтып, балаларды көрініске дайындауға қол ұшын созып жіберсең, – деді. 
- Жақсы, барайын, - деп соңынан ілесіп класқа кірдім. Бізден әлдеқайда жасы үлкен екі жігіт отыр екен. Класс жетекшісі бізді таныстырды. Бірінің аты Бекзат, екіншісі Толғанбай екен. Толғанбай:
- Толу десең де болады, - дегенде аңырып тұрып қалыппын. 
- Ой, аға, мен сізді біраздан бері сұрастырып жүр едім, мен бәленшенің түгенше деген баласымын. Былтыр Қытайдан апайлар келгенде сіздер ән салыпсыздар. Содан шешем сіздің атыңызды айтып, тауып ал деп әбден тапсырып еді... – деп, арғы-бергіні қозғап, наурызды жайына қалдырып, өз әңгіме-сүрлеуімізге түсіп кетіппіз. Сол жерде Толу ағамыз бір ән сұрап, Біржанның «Он саусағын» айтқаным есімде қалды. Міне, әнші Толу – Толғанбай Сембаев ағамның атын ауылда жатып естіп, қалаға келгенде құдай жолымызды осылай түйістіріп еді. Содан бері аға-іні, ұстаз-шәкірт болып, сыйластығымызға сызат түспей келеді. 
Ең алғаш бір кассета ән жазып, қоржынымды халық және сал-серілер әндерімен толтырып, әншілік өнердегі кәсіби жолымды алғаш бастап берген болатын Толғанбай ағам. Сондағы «Сұржекей», «Қарғаш», Біржанның «Адасқағы», Әсеттің «Үлкен Ардағы», Ақан серінің «Мақпалы», С. Кәрімбаевтың «Ақ еркесі», Ә. Еспаевтың «Өзгеге көңілім тоярсың» әндері менің кәсіби әншілік өнердегі алғаш үйренген әндерім еді. 
Қазақта «Топырағынан дарыған» деген сөз бар. Толғамбай Сембаевтың туған жері Абай облысы Аягөз ауданының Тарбағатай ауылы. Осы бір шағын ғана Тарбағатай аталатын ауылдың топырағындағы қасиет оның сүйегіне біткен деп ойлаймын. 
Бұл шағын ауыл – кешегі қуғын-сүргіннің құрбаны, Тарбағатайдың күнгейі мен теріскейінің Ақаны мен Біржаны атанған Керімбайдың ән салған, күй шалған жері. Ол Керімбайдың аты мен даңқына құлағы қандырып, санасын суарып өсті. Ал әкесінің інісі, ерекше талант Асылхан Дүрімбаевты  көзімен көріп, әндерін тыңдап, оның қобыз бен домбырада тартқан күйлері мен скрипка, мандолинада ойнаған әуенін жадына тоқып, ағалы-інілі күйшілер Бәжінің Әділбегі пен Рахымбегінің атына қанып, Әділбектің ұлы Тортай күйшілердің күйін тыңдап, алдында ән салып ержетті. Ауылдағы Сұлтан Мәбдіханұлы, Амангелді Сәрсенбин секілді әншілер де үлгі алып, алдында қарап өскен ағалардың бірі болды. 
Төкеңнің ес біліп, ел тани бастаған уақытында оның жүрегіне сәуле құйған бір адам болса, ол – өнердегі де, өмірдегі де ағасы Тұрсынғазы Рахимов еді. Тұрсынғазыға қарап бой түзеп, соған ұқсап ән салып өскен Төкең, 1987-1989 жылдары Республикалық Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк студиясына түсіп, Қайрат Байбосыновтың класынан білім алады. Онан кейінгі өнер жолы Семейдің Әміре Қашаубаев атындағы филармониясында жалғасып, ондағы Мәдениет Ешекеев, Болат Сыбанов, Бақыт Үдербаева, Тұрсынғазы Рахимов, Келденбай Өлмесеков, Амангелді Жікенов, Жұмабек Қамбаров, Санақ Әбеуов сынды өнердің корифейлерімен байланысты болды. Біздің де Толғамбай ағамызбен танысып, біліскен уақытымыз осы кезге саяды. 
Сол танысқан уақыттан бастап, Төкеңнің ән, әнші, әншілік жайындағы әңгімелері біз секілді өнер есігін енді ашқан жасқа үлгі, өнеге, терең тәрбие, сабақ болды. Ол әншілік өнердің қыр-сырын ұлы ұстаздарынан алғанын аузынан тастамай отырады. Дегенмен, өзінің де ойға жақын, сөзге құнық, жаратылысындағы ақылға мол болмысы оның әншілігін байыта түскені анық. Оның сырт келбеті қандай нәзік көрінсе, ішкі жан дүниесі де сондай нәзік әрі қайратты. Соған сай дауысындағы сұлулық, нәзік иірімдер, әнді түсінуі, өзі көп айтатын әр әннің шындығын іздеуі, кілтін табуы, әндегі халды сезінуі, ән салып отырып «ойы мұңмен араласуы», соған сай дыбыс дірілінің жүрек дүрсілімен бірге соғуы, сөз бен саздың үйлесімін дәл түсініп, әр дыбысты үзілте, үзілдіре көркемдеуі – тек Толғамбайға ғана тән ерекшелік болса керек. 
Рас, ол өзі айтқандай, өзі дәріс алған Қайрат Байбосыновтан бастап, семейлік әнші ағалары Мәдениет Ешекеев, Болат Сыбанов, Тұрсынғазы Рахимовтардың жанына жай ілескен жоқ. Олардың қасында әрқайсысының әншілігінің ерекшелігіне үңіліп, зерттеп, өзінде жоғын солармен түгендеді. 
Әсіресе, 90-жылдардың ортасында өнерпаздың ешкімге керек болмай қалған өліара кезінде Мәдениет Ешекеевтің қасында жүріп, оның дүниесін танып, ішкі болмысын түсінуі, үлкен әншінің жалғызсыраған жанын аялауы – Төкең жүрегіне азаматтық пен арлылықтың бірдей қоныс тепкендігі емес пе?! Толғанбай Мәдениеттің жанашыр бауыры бола жүріп әншіліктің жаңа әлемін ашты. Ешекеев феноменінің сиқырына үңіліп, сырын ашуға ұмтылды. Ағасындай көріп қасынан табылған Толғанбайды Мәдениет «Толым, Толымым» деп баласындай көрді. Бұл аға мен бауыр, ұстаз бен шәкірт арасындағы түсіністіктің әке мен бала арасындағыдай жылылыққа ұласуы десе болғандай.
Ол Тұрсынғазының да сал-серілер өнерінен негіз тартқан әншілігі мен композиторлық өнерінің тереңдігін, асылдығын түсініп, жанына ерді. Тұрсынғазы әндерінің ішкі иірімі мен бұрылысы, терең қайырымы Толғанбайлар арқылы жаңаша ырғақ, бөлек бояу, ерекше бедерлермен өрнектелді. Төкең Тұрсынғазының да талантының табиғилығын, өз үні, өз мәнері, өз айшығы барын, жасында жүрегіне сәуле құйған ағаның өнердегі жанкешті тірлігін бағалап, өмірден өткенінше басында тұрды, қасында болды. Бұл да – Төкеңнің адалдығы, азаматтығы. Төкең ағаларды қадірлей жүріп, олардан көп үйренді. Бірақ ұқсаған жоқ. Аға мен бауыр, ұстаз бен шәкірт арасы шығармашылықта жақындай түскенмен, өзін таныту арқылы дараланып, бөлектене берді. Ұқсамауы содан. Бұл күнде өз жолы қалыптасқан әншілігі – осының айғағы.  
Оның орындауындағы «Сұржекей», «Қарғам-ау», «Қарғаш», «Аққұм», «Гауһар тас», Біржан салдың «Алқаракөк», «Адасқақ», «Жалғыз арша», «Жамбас сипар», Абайдың «Көзімнің қарасы», «Сегіз аяқ», «Бойы бұлғаң», «Ата-анаға көз қуаныш», Ақан серінің «Майдақоңыр», «Құлагер», «Мақпал», Әсеттің «Інжу-маржан», «Қоңыр қаз», «Үлкен Ардақ», Балуан Шолақтың «Ғалия», Үлебайдың «Дудар-ай», Естайдың «Жайқоңыр», Ә. Еспаевтың «Өзгеге көңілім тоярсың», С. Кәрімбаевтың «Ақерке», Т. Рахимовтың «Нені аңсаймын», «Мен сені сағынғанда» сынды т.б көптеген әндер оның айтуындағы бір үлгі болып қалыптасып, бұрынғы мен бүгінгінің арасын жалғап жатқан нәзік пернедей сезіледі. Бұл әндердің барлығы Қазақ радиосының «Алтын қоры» арқылы халық жүрегіне жетіп отыр. Сонымен қатар, ән шығарушылық өнерінде де сәтті талпыныстар жасап, «Қош, кермиық келіншек» әні Қ. Байбосыновтан бастап, көптеген әншілер репертуарынан орын алды. 
Оның зерделілігі, көп оқитындығы, сөз білуі, арғы-бергі ел-жер тарихы мен шежіресінен сыр тарта айтатын әңгімешілдігі – бір бөлек сөз. Ал қазақ, орыс және шетел әдебиеті классиктерін құныға оқып, оны талдай отырып сөз тербеуі – ән мен әдебиеттің егіз екенін көрсететіндей ішкі интеллектісінің байлығын байқататыны анық.
Толғанбай Сембаев өнерді ағартушылықпен ұштастырып, Семейдің Мұқан Төлебаев атындағы музыка колледжінен бастап бірнеше шәкірттер тәрбиелесе, бүгінгі күні Қазақ ұлттық университетінің доценті болып қызмет етеді. Көптеген шәкірттері республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаты атағына ие болып, олардың өзі ел таныған әншілерге айналып келеді. Төкең «Сағынбасқа не шара», «Сұржекей» секілді ән жинақтарының құрастырушысы және «Татьянаның хаты», «Абай әндері және орындау ерекшелігі», «Тұрсынғазы әндері» секілді басқа да бірнеше ғылыми мақалалары республикалық және шетелдік басылымдарда жарық көрді. 
Бұрынғы мен бүгінгінің арасын жалғап келе жатқан Толғанбай ағам бүгінде 60-тың асуына шығыпты. Құтты болсын! Сіздің өзіңізден кейінге көрсеткен үлгі мен өнеге үлкен, еткен еңбегіңіз бен төккен теріңіз мол. Егер өнердің құны бар болатын болса, базарланбай шын бағалануы тиіс. Ал сіздегі өнердің басы биік, бәсі қымбат, аға!

Еркін Шүкіман

 

Көп оқылды: