Руханият

Жанар Рахатқызы. Кемсеңдеген күндер мені есейткен...

Жан жүрек пе, ет жүрек пе ауырған?
Қайысып жүр қабырғам...
Қазан келсе құлазиды көңілім,
Айырылған бауырдан...
Уəдемді үйіп кеткем басына,
Жарығым-ай жасыма!
Алам десе алады ғой жаратқан,
Қарамайды жасына.
Сүйіктісін көрдім талай сатқанды,
Ол кімдерден сақтанды?
Кім жұбатар?
Өз-өзімді жұбатам!
Өп-өтірік, жаттанды...
Ал ауыры, ең ауыры бұл болса,
Қиналмас ем мен де онша.
Өлең түгіл өзіме де айталман,
Жанарыма мұң толса...

***

Бөкентаудың бөтендігі есейткен,
Бекем болын көп айтқандар есейткен.
Үрей үрген ішкі əлемнің бейнесін,
Көз алдымда көрсеткендер есейткен…
Кемсеңдеген күндер мені есейткен,
Күмілжіген түндер мені есейткен.
Біле тұра білмеуге де болатын,
Күнə барын үйреткендер есейткен!
Жалғыздығын үлгі еткендер есейткен,
Жауыздығын жыр еткендер есейткен.
Ақ ниеттен астар іздеп о тоба,
Көңілімді кір еткендер есейткен!
Қазан айы қазасымен есейткен,
Наласымен, жаласымен есейткен!
Ерте есейіп кеттің деумен кейіген,
Уақыттың күрсінісі есейткен…

***

Тәңірден тілемес тереңімсің,
Қорқамын түсуге тереңдеп.
Тағдырдан сұрамас биігімсің,
Күтпеші келер деп елеңдеп.
Сыймайтын маңдайға берсе өмір,
Қимайтын тіршілік көзіне.
Аяулы адамдар болады,
Көнбейтін тірліктің тезіне...
Қосылу сезімнің шыңы емес,
Шыңы емес бір болу мәңгілік.
Кеудеме сыймайтын жүрекке,
Жүрсем де жалаңаш тәнді іліп.
Мен сені қызғыштай қоримын,
Пенделік ниеттен, сезімнен.
Сонан соң өлердей қорғаймын,
Ешкімге қимайтын өзімнен.   

Есіл күндер 

Өз биігімде өзіммен таластым,
Өзіме өзім түрме де қаластым.
Тоңып үлгердім құшағыңда отырып,
Бәйшешек сынды қалған қар асты...
Қайтуға жол жоқ қалайша өткенде,
Барса келмеске аттанып кеткендей,
Байланып қалдым бауырмал ойларға,
Жарлық түскендей жасаған көктен де.
Өлшенеді немен тәкаппар биіктік,
Жарасатындай жабайы кісікиіктік.
Жарасады екен деп қалай жеримін,
Шықпаса да ештеңе... 
өлердей сүйіп түк!
Жалғыз күн келер желөкпе сеземін,
Ауырған сонша жүректе кеземін.
Есіл күндерді есінеп жүріп көп,
Несіне созамын?
Несіне еземін?!...
 
***

Жалғыздық төреші, ал есеп…
Теңесті!
Ойынның шарты жоқ!
Ол ойын еместі…
Менде жоқ, сіздегі бітпейтін ереже,
Есепті сезімдер, жəне де ой есті.
Жалғыздық – жын қонған ақиқат,
Маған жақ,
Кері оқылып тағдырым, оралды-ақ.
Керексіз күнделік өртеніп кеткендей
Дерексіз естелік уақытқа тоналмақ…
Жалғыздық екеу боп, түндерде ол білсе
Сыңары сіз болмас сезімің көзге ілсе,
Есептен жаңылып!
Ал менде шексіздік –
Басқаға, есепсіз, өлшеусіз, өзгеше…

***

Ымырт басса ымдасады кеңістік,
Ойға орап естелікті ең ыстық.
Мен бірінші кеткім келген өзіңнен,
Ал арғысы ештеңе емес еміс түк...
Қайтар жолдар қалды солай күрмеліп,
Түсінісу түнге қандай күрделі...
Құбыласы түгел емес біздегі
Сезіміміз бола алмады іргелі.
Сүрмегендей қатар жүрген ғасырды,
Жүрегімнен есіміңді жасырдым.
Сүйіп тұрып ұмыттым да өзіңді,
Тағдырымның мойынына асылдым.