Театрлық жазбалар

Режиссер Мәмбетов

(Тылсым талант)

       Өнерге келу қуаныш, кету қасірет. Осы екі аралықта талантты жанға өнер біткенді  түгендеу де мүмкін емес. Ана қанымен туа біткен әр талант өз-өзін түгендеп талантынан танылса содан асқан қуаныш жоқ. Аз өмірдің бір сәттік наз көңіліндей ғана қысқа ғұмырдың бар айтары да осы.
          Қоғам. Өнер. Мәмбетов. Әз-аға, өткен өміріңіздің қысқаша мәліметі 1932 жылдың 2-ші қыркүйегінде Паласовка ауданы (Неміс автономиясы) Савинка ауылында дүниеге келіп, 2009 жылдың 17-ші қарашасында 78-жаста дүниеден озғаныңыз. Соңғы қызмет орын Астана. Туыс-туғаннан, анаңыздай аялап жеткізген жалғыз апаңыз Аққағаз Мәмбетова (театр актрисасы). Соғыстан оралмаған әке, дүниеден ерте кеткен ана, жетімдіктің мұң зары. Базарсыз балалық шақ көз жас. Жан жарыңыз Ғазиза Жұнбанова. Өмір қуанышы болған бес бала. Осылардың жеке-жеке ауыр жеңілді әр тағдыры өз алдына. Бұдан басқа өнердегі  бар жетістігіңіз кез келген жанның қалтасындағы қара телефонда жазылған. Өсу жолыңыз, қойған қойылымдар, не керектің  бәрі бар.  Әттеген-айы, соңғы кездегі жаныңыздың жалғыздығы мен елден бөлек елеусіздеу қалғаныңыз. Сансырау. Ой азабы. Сағыныш. Жалғыздық.
            Актер – Мәмбетов. Сіз, өнер жолына төрден келіп терезеден түскен жоқсыз. Алғашқы қадамыңыз кино жолымен (1948 жыл)  «Алтын керней» фильмінде Төкен бейнесі болса, 1959 жылы өзіңіз қойып өзіңіз ойнаған Халекеңнің (Мұхамеджанов) «Бөлтірік бөрік астында»-ғы Арыстан. Актерлық шеберлігіңіздің бас-аяғы да осы. Одан арғы мүмкіндік «Режиссура» екенін білгендіңізден болар Актер болып кетпесеңіз де, осы ауыр кәсіптің «бісмілләсін» бір адамдай білдіңіз. Ең бастысы ұлы өнердің алғашқы баспалдағы болған «Актер шеберлігі»-нің ыстық-суығын көріп, өткелінен сүрінбей өткеніңіз. 
         Әлем дүние сөзден басталып, дін кітәбі «Құран»-да сөзден құралған. Адамзат қоғамында адам болудың алғашқы қадамы осылай басталды. Бүгінде, сол ұлылықтың СӨЗ иесі «Актер ұлылығы» өшкен кер заманның кесіріндеміз. «Идиот» «идиоттар» мен ит өмірдің «идиотизмі». Алдыңғы ағалар бастаған классикалық үлгідегі (әлем бойынша) басты жетістік СӨЗ. Сөз иесі - Актер. Кино - көрініс, театр -  СӨЗ. Сөз ордасы. Білімің мен ғылымың да осы ұлы сөзден. Бүгінде сол құдіретті сөзден мән кетіп, қай қойылымды көрсеңде жалаң айғаймен жан баққан жарқ-жұрқ еткен түнек жарықтың у-шуы. Ащщы түтінге қақалған сахна, қадыры кеткен өнер. Одан қалса тапырақтап билеу. Жалпы, ән мен би драматургияға негіз емес екенін ұқпайтын ұры ұрпақтың көргенсіз ісі бой алды. Сөз мағынасын құдірет тұтып, астарынан ой ашып, кейіпкер бейнесіне орай БЕЙНЕ (образ) жасау деген ұғым сахнадан өшкелі қашан. «Образ» дегеннің не екенін білгенді қойып, ұқпайтын, білімсіздерден жаралған жетесіз көп шуылдақ азған тобырдың тойы. Режиссер тыңдау, сөз жаттау, ой тереңіне бойлаудан кетіп, қалта телефон арқылы сахнаға шыға салу, пьеса жаза салу, режиссер боп қойылым қоя салу, фильм түсіре салуда ерінбеген есерлердің ісіне айналды. Ақыл еске құрылған есте қалар бір түсінікті қойған қойылым, әлде кино болса онда қойдық. Ең ауыры, Тәуелсіздікті тәбәрік еткен «шарлатан» «делетант» надандардың, тарихи тұлғалар өмірін сахна экранда жұлым-жұлымын шығарып берекесін кетіргені. Тоқыраған театр, кері кеткен кино. Азу. Тозу. Құлдырау. Өнер мекені болған сахнада «Аруақтар» кебінінде өмір сүретін «Актер» құдіреті келместің кебінінде. 
Актер халқы қашанда Режиссер алдында жәутеңкөз екені де рас. Рөль бере ме бермей ме, одан қалса алар атағы мен қайырсыз шатағы. Бастары бірікпейтін, біріксе де көп армандары көзге түспейтін көлеңке өмір, жетім тұлға, ауыр азап иесі. Актер өнері бүгін былай ертең олай ойнайтын  көп ойыншы жалғыз топ, құрама команда. Бір сөзбен айтқанда сатқындығы ішінде, абыройы сыртына біткен көбі сатқын азы арлы бөлек жұрт.
      Мұндайда, Режиссер мамандығы актер біткенді жақсы көрсе де, (соңында) бәрін де жек көретіні және рас. Тек, мысал ретінде алғанда сол актерларға талай рет рөль беріп, бір рет бермесең жағаңнан алады. Итке талай жамандық жасап, бір рет жақсылық жасасаң өмір бойы табаныңды жалайды. Өздеріне салсаң шеттерінен талант. Театр өнері өсу үстінде. Ізденісте. Жаңа заман. Жаңа Қазақстан. Айналып келгенде өнер кәсібінің қадірін жойған шоумендердің шоуына айналған 60-театрдың емге көнбес ескі ауруы. Талантынан асып туған асылы болса, он режиссерды бір өзі бұйым көрмейтіндері де бар. Оның өзі әр театрдан алғанда 2-3 жаннан аспас. Жан дүние бітімі қоспасыз сом алтыннан жаралған дара талантта солар. Нағыз талантысы -  Актер. Дара тұлға. Өнер иесі. Бұл назымызды өзіңіз өз болып алғашқы кәсібіңізді АКТЕР жолымен бастағаннан айтамыз. Мұндайда адамның өз ойы өзіне жау. Ұрындыратын өз ісің. Қойылым жақсы болса актер жақсы, жаман болса режиссердан өткен жаман адам жоқ.  Айналып келгенде, драматург та емес, актер да емес бәріне кінәлі Режиссер. Қайырымы жоқ қайырсыз мамандық иесі режиссерлар осылай өмір сүрген. Әлі де солай өмір сүрерміз.   
        Осындайда өнерді кәсіп деп ұқпайтын кейбір надандардың өнерге деген сатқындығын көргенде, соларды қазақша сыбап боқтамай-ақ орысшалап «идиот» деуіңіздің алғашқы ащщы күйік запыраны өзіңізден осылай туды. Осы тәлсім сөз келе-келе Ф. Достоевскийдің «Идиот» ұғымы (Нақұрыс) тек өзіңізге ғана жарасқан жақсы сөзге айналды. Өнердегі жақсы-жаманды бір сөзбен қайырып «Режиссура» жолын идиоттармен «идиот» боп бастадыңыз. Орыс ұғымында «Последный поддонок, крайный подлец Режиссер» екені де рас.  Жасырын ойнайтын «алтылық» көзірлер мен талантынан туа біткен «Тұз» көзірлердің бәрі бір сіз үшін ортақ «идиоттардың» ортақ ойыншылары болды. Надандық. Тоқтық. Ақша деп ар төккен арамзалар. «Өмір театр. Бәріміз де Актермыз» - Сенатор Патроний. Греция.
         РЕЖИССЕР – МӘМБЕТОВ. 100 ақын, 100 жазушы болса да бір Режиссерға жетпейді. Өнердің өзгермес бір заңы осылай. Өнер өмірден жиған тәжірибеңізбен Мәскеу барып танымал ұстаз Н.М. Горчаков А.А. Гончаровтан білім алып, Мұхтар Әуезов театрында 38 жыл тапжылмастан еңбек еттіңіз (1957-1995 жыл). Ана сүтімен еніп құдай берген мінезіңіздің бар таланты да осы театрда өтті. Ара-арасында бір-екі рет биліктің пәрменімен «Қазақ-фильм» студиясында «Ән қанатында» 1966 жыл. «Абай» (фильм-спектакль. 1976 жыл) «Қан мен тер» 1978 жыл. «Жаушы» 1980 жылғы көркем фильмдерін түсіргеніңіз. Бұдан өзге Опера театрында сахналанған (А.Жұбанов. «Төлеген Тоқтаров» 1963 жыл) және, (Ғ. Жұбанова «Еңлік-Кебек» 1975 жыл) Бұл қойылымдар сізге келіспесе де (көрермен үшін) келісті көркем дүниелер болып тарихқа енді. Қоғамдық жұмыста «Қазақ Театр Одағы» ұйымын 1981 жылдан қамқорлыққа алып, 1970 жылдан «Режиссура» жолында шәкірттер дайындап өсіргеніңіз өз алдына. Бұл еңбектеріңіз өнер үшін өлшеусіз жасалған тынымсыз еңбектің өз жеке табысы. 1961 жылдан басталған «ҚР еңбегі сіңген қайраткер»-ден 2000 жылы «Халық қаһарманы» атағымен толықтай марапатталып менмін деген талантқа тән құрметті атақтар толықтай шешілді. Көңілге келетіні «қаһарман» деген сөздің (өнерге келмейтін) атақ атауының неше рет құбылып, соңында құрып тынғаны. Трагико-комедия. Сіз Халықтың «Халық артисі»-сіз. Өнеріңізді бағалаған елдің бағасы да осы.           
               Ғасыр ауысты. «Миллениум». 2000 жылмен бірге келген «көп нөльдер» өміріңіздің соңғы шағында Абай айтқан «Единица кеткен соң, не болады өңкей нөль»-ге тірелді. Нөльдер бас көтерген заман. Сұрағы көп жауабы жоқ жалған ғұмырдың соңғы ойыны осылай күш алды. Бұл да алды қуаныш арты өкініш жалған өмірдің өз сыбағасы. Астана. Суық орта. Бөтен ұжым. Мүдделес орта достардың жоқтығы. Өнердегі жалғыздық..
           Қазақ Режиссурасында алғашқылардың бірі болып «Жоғары білімді Режиссер» жолын бастаған мезгіліңіз (1957 жыл). Ол кезең «көкауыз кукуруз» атанған Хрущевтың (1954-1964) заманы. Аз да болса елдің аузына су тамған жылымшы «жылымық жыл». Хрущевтың (Одақ көлемінде) өнер-әдебиеттегі саясаты «тартыссыз тақырыпқа» негізделген «гүл біткен ашылсын, бұлбұл біткен сайрасыны» (қытай саясатына орай) ұры ұранға айналып, сандуғаштар сайраған дәуір. Социализм. Коммунизм. Жасасын, жасасын. Ура, ура! Өтті кетті. Бітті солай.
     Театр өнерінің негізгі кредосы – тартыс. Ақ пен қара, жақсы мен жаман. Тартыс. Күрес. Жеңіс. «Комедия» «Драма» «Трагедия». Осы ұғымға қарсы  «тартыссыз тақырып» идеологиясы (соцреализм) қоғамдық ортаны бір жақты тәрбиеге көгендеп, әсіресе, ұлттық тіл мен әдет-ғұрыпқа қарсы бағытталған «Коммунизмге көшу құрылысы», айналып келгенде орыс мәдениеті мен тіліне үстемдік берген қитұрқы қу саясаттың зәлім көрінісіне ұштасты. Зардабын тартқан Қазақ, қазақ өнері, ертеңгі болашақ. 
       Өзіңізге дейін қазақ театрының қалыптасуына көз салсақ (1925 жыл) театрдың негізін салып қазығын қадаған Нарком Смағұл Сәдуақасов, Жұмат Шанин атылып, Қазақ театрының бас билігін «еврейлер билеген» кез. М.Н. Насонов. И.Г. Боров. М.И. Гольдблат. А.Л. Мадиевский.т.с.с. Қалай айтсақ та бұлардың еңбегі сол кездегі өнер жолын енді бастаған қазақ театры үшін өте зор болды. Театр тәрбиеленді, актер өсті, қазақ драматургиясы туды. Ол үшін оларға қазақ өнерінің рахметтен басқа айтары да жоқ. Басты кемшілік қазақ сахнасындағы қазақ режиссерының жоқтығы. Бұл жағдай, сахна өнері үшін ұлт кадрының, әсіресе Режиссердың болмауы кешірілмес күнә. Тұңғыш режиссер Жұмат ағамыз өз қазағына өзі жем болып ол кетті. Жазықсыздан жазықсыз атылғаны тарихқа аян, өнерге ауыр, сұм заман. 37 жыл. Өнердегі кейбір көрсетуші «кейіпкерлердің» сахна сыртындағы ойыны өлім болды.
                 Жіңішкенің соңғы үміті үзілер шағында 1957-жылдан бастап Әуезов театрының көшін бастадыңыз. Келуіңіз оңай болғанмен, театрға тән өсек-аяңнан сіз де құтылмадыңыз. «Орысша оқыған, тіл білмейді. Академик Ахмет Жұбановтың күйеу баласы екен» деген сияқты, күнделікті кертартпа тірлік өсек сөздер де желдей есті. Жаратқаннан бойыңызға енген талантыңыз болмаса, бір емес жүз Жұбановтың күйеу баласы болсаңыз да ештеңе шықпайтыны құдайға аян. Талант бағалап өнер көре алмайтын көрсоқыр ессіз надандықтың айтқыштары осылай сайрады. Сайраған. Әлі де сол. Сайраумен өсіп ойбаймен өсіп жүрген де өзіміз. Өзгерген өңіміз, адам болған жеріміз жоқ. Бұрыннан... 
        Театрға келген (тіл білмесеңіз де) алғашқы ұлтжанды нағыз қазақы қазақ Режиссер сізсіз. Өзіңіз қалыптастырған театр репертуарына көз салсақ қазақы үнде сахнаның қара қабырғасын қайта қалаған да өзіңіз. Әуезов, Мүсіреповты заман талғамына орай тарихи үнін қайта тудырып, не бір қазақтың жас драматургтарын да жетелеп жүріп жаздырып, сахна төріне шығардыңыз. Тізіп айтсақ, олар да өз алдына бір тарихтың көші. Сіздің алғашқы тосыннан туған ұтымды тәсіліңізге сол кезде Әуезов, Мүсіреповтың да оң қабағы онша болмады. Бар себебі, ежелден келе жатқан ескі тәсілдің ескірген ескі көрінісі. Баянның шалбары, Қозының қобыраған шашы мен суретшінің сүреңсіз кескіндемесі т.с.с. сыбыры көп сыры белгісіз (сыншылар бастаған) өнер тілінен аулақ туған оқшау ойлар. Қорыта айтқанда «сын түзелмей мін түзелмейді» деген сынның кекетпе өз міні.
         Алдыңғы бес жылдықта (1958-1964) режиссерлық тәлім-тәрбиенің билігін күшейтіп, мінезіңізге сай қатаң тәртіпті мықтап қолға алдыңыз. Театрда «Режиссер диктатурасы» орнамай өнер тумайтынын жақсы білдіңіз. Театр өнерін орнына қойған өз мінезіңізден туған өз өнеріңіз. «Мінез өнер, өнер мінез». Ежелден келе жатқан өнер қағидасы да осы. Әрине, бұл бастама театрға, әсіресе қазаққа ұнамайтыны бес енеден белгілі. Біраз жандардың театрдан кетуі, сырттан айтылған ғайбат сөздер де қоса қабаттасты. Сіздің алдыңызда қазақ театрына тәртіп орнатып, не бір үздік қойылымдарды қалыпқа келтірген И.Г. Боровта арыз айғаймен кеткен мықты режиссер. Тек мақтауды күтетін қазақ артистеріне бұл орнатқан тәртібіңіз онша ұнамады. Арыз. Кетісу. Келіспеу..
          Осы қарқынмен келер бес жылдықтың есебінде (1964-1971) өнердегі өрісті талантыңыз «Ана жер – Ана», «Қобыланды», «Қозы Көрпеш» қойылымдарымен өнер шымылдығы (тың түрде) өзгесе ашылды. Одақ, шет елге кім екеніңізді танытқан жемісті жеңісті жылдардың қуанышы тарих қойнауына «Режиссер Мәмбетов» болып  танылды. Жазылды. Таныттыңыз. Өзіңіз өсірген Қазақ театры Иран, Франция елінің сахнасында ой түйіп, бой түзеді. Қазақ театрының өнері өсіп әлемге танылған алғашқы тәуелсіздігіміздің таңы өнермен атты. Құрсауы мығым СССР-дың (орыс елі) құрсауын бұзып, ұлттың ұлылығын, елдің елдігін таныттыңыз. Құрсағынан бұлқынған өнердің толғағы кейде осылай туады. Бұл тарихтың өз көз жасы. Жаңалық. Ұлт рухы. Ой бостандығы. Кейде өнерді мойындатуға бір қойылымда жетеді. Дегенмен ерекше туған әсерлісі осылар. Ара-арасында қойған «комедия» «драма»-ларыңыз өз алдына. Соңғы соққы «Қан мен тер» Ә. Нүрпейісов (1973), «Ваня ағай» А. Чехов (1982). Сахна. Өнер. Табыс.
           Бұл кезеңді «Мәмбетов театры» дегендер де болды. Өнер сіздікі болғанмен театр мемлекеттікі. Бұлайша ат беріп айдар тағуға және болмайды. Бәрі де өткінші өмірдің алдамшы қу тірлігіндей ғана қысқа ғұмыр. Театр кімнен қалмаған. Не десе де «Мәмбетов дәуірі» екені құдайға аян.  Осы жерде айтпасқа болмас бір жуан сұрақ? «Мәмбетов театры» десек, ұлықтасақ, өзіңіз дүниеден қайтқалы бері «Қаһарман» атыңызға сай (адамша) дұрыс бір театрға атыңызды қимауымыз қалай? Жоқ емес бар. Оның өзі атыңызға сай еместеу жәй садақа көңіл. Дұрысы, тым құрмаса өзіңіз өмір бойы қызмет атқарған, өскен, өз Алматыңыздағы «Алатау» Ұлттық дәстүрлі театрға атыңызды берсе, Жаңа Қазақстан жаңармаса ескірмейді. Оны да ел болып күтейік. Көрейік. Тек, рушыл, жершіл ауруымыз қозып кетпесе. Әлде, жоқтаушысы жоқтың жолы осылай ма?.. Сіз тәрбиелеп өсірген шәкірттеріңіздің атында да айғайлаған не бір театр атаулары тұр.  Солардың атын шығарып өсірген де сіз едіңіз ғой? Ашып айтсақ бір семьядағы екі жанның атында екі театр. Өнердегі жеңіліс жеңіс соғыстан да жаман. Айтсаң да, атып құрта алмайсың. Қатты кетсең қуғындау. Сотталу. Жұмыссыздық. 
                Есте қалған бір естеліктің бірі 1967 жылғы Әуезовтың «Қара қыпшақ Қобыланды» қойылымы. Кезінде, сыншылардың сынына ілінген бұл қойылым, төрдегі төрелердің құлағын елең еткізген ерекше оқиға болды. Ұлттық көріністегі бұл қойылымның бар жазығы «Грек дәуіріне» негізделіп, көзге көрік бермейтін сахналық жабдығы мен  (декорация) үн-әуен музыкасының кері әсері. Одан да өткені, соңғы финалда Қобыланды батырдың қылыш көтеріп – «Қият, Қыпшақ ел қайда» дегені көне түркі жұртының күңіреген аруақты үніндей боп шыққаны да бір пәле болды. Сол заманнан осы күнге дейін келе жатқан «социалистік тәрбие»-нің өзгермес ұстаным, бұлтартпас сұрағы: - Мұнымен не айтпақ? Айтайын дегені не? Айтар ойын ұқпадық? Жас ұрпаққа қандай тәрбие? Мұндай режиссердан не күтуге болады? - деген сияқты күн көсем Сталинмен қалыптасып, қит еткенді қыйып түсірер қиыс сұрақ, темір тәртіп, қатаң заң. 
          «Қият Қыпшақ ел қайда?» сөзі (білгенге) «орыс шовинизмнің» қолында кеткен Қазақтың ата-бабадан келе жатқан ежелгі Аруақты сұрағы. Мұңы. Зары. Тарихы. Кремль бастап Қазақ билігі қостаған қызыл комунистер басқаны білмесе де сол замандағы идеологияның қырағы сыншы солдаттары мұндайда аянбайтыны хақ. Қазақ ұлтының адасу жолында өткен көкейкесті көз жасы да осы күнге шейінгі «Қият Қыпшақ ел қайда?». Ол - Алтын Орда. Қазақ хандығы. Жошы. Соңы, алты Алаштың ұрпағы Әлихан Бөкейхан бастаған ұлылар. Ел үні. Алғашқысы қазақ сахнасында туған «Кенесары – Наурызбай». Авторы халық жауы – Мұхтар Әуезов. Мұхтар Мағауин. Кейінгісі Ілияс Есенберлин «Қахар». Олжас Сүлейменов «Аз и Я». Биліктің бишігіне талай сабалып таяғына ұрынған осы мықтыларды өзіңізде біле жүріп бірге өстіңіз. Көрдіңіз. Ары тартса ұлттың арына келмей, бері тартса биліктің билігіне көнбейтін көне тарихты көндіре алмай (Орталық Комиттет) ЦК-ның сасқан жері де осы қойылымның осы сұрағы болды. Санаға салмақты мықтап салған қойылымда осы  «Қара Қыпшақ Қобыланды». Текетірес. Тартыс. Бірде-бір болған түсініксіз ойын. Көп көрермен. Өз тарихына өзі ие бола алмаған ел. Айғайға аттан қосқандар ежелден орысты зор тұтқан баяғы өзіміз. Әлі де сол. Орыс отырған жерде ой ойлаудан қорқатын кері кеткен елдің көнбіс ит тірлігі. Әзірше...
         Осыдан соң іштен тынсаңызда ұлтжандылықтың жолын қолға қолайлы басқа қойылымдардан іздедіңіз. Келер қойылымдарда ит идеологияның «өздері жемейтін, өзгеге бермейтін мая шөбін» билікке білдірмей майдалап тарттыңыз. Әріде жатқан арман ойыңызды «социализмге» орайластыра отырып «Ана жер – Ана», «Қан мен тер» повесть романдарын сахнаға жүйелеп (инсценировка) аса жүйкеге тимей, қазақтың көз жасына қарата сахнаға сай (авторлық келісіммен) түзеп, күзеп, атқан оқтай келістірдіңіз. Атқан оғыңыз әлде ауытқып, болмаса көздегеннен бе «компартия» нысанасына барып дөп тигені. Билік келісті. Бұның не дейін десе, өздері құрған қоғамның өз көрінісі. Демейін десе, ар жағында қылтиған үстемдік өмір, СССР тарихы. Қазақтың жасаураған көз жасы. Кедей шаруа. Тап күресі. Мойындаттыңыз. Мойындамасқа шара жоқ. Шошқаның өз майын өзіне қуырдыңыз. Бұл қойылымдарыңыз іштен шалған әдемі әдіс болды. Жауырынымен түскен Компартия. Билік. Таза қойылым. Таза көңіл. Браво. Мәмбетов – Режиссер. Талант. (Сонда да болса сәл сабыр...)
          Бұл қойылымның қарсы жауабын 1986 жылғы көтерілісте бас жарылып қара қайғы орнағанда бірақ білдіңіз. «Партия қайда болса біз сонда». Өткен өмір еткен еңбек бір сәтте  қара түнекке айналды. Қара суық «Желтоқсан». Биліктің бұл қойылымы Режиссер Мәмбетовты белгісіз біреу «автор-режиссер» боп осылай қорлады. Жаншыды. Тұқыртты. Қамады. Саяси жанрдағы жаңа спектальдің соңғы ойыны осылай аяқталды. Алаңға бекер емес дұрыс бардыңыз. Елдің талай жылғы төске таққан Орден медальдің артын өз көзіңізбен көрдіңіз. Білдіңіз. Ел атынан «ҚАҺАРМАН» атандыңыз. Алдыңыз. Өнерге рахмет, билікке лағнет. Финал. Жабылмаған шымылдық. Кек. Келер ойын (ескі қазақстан) басқа жол...
      Сәл шегініс. Театр тұғыры «Драматургия» болғанмен оны алып шығар арыстан мінез жолбарыс жүректі от актерлар болмаса, қойылым болмайды. Осы жерде (өз естелігіңіз) қолыңызға қонбай кеткен Кененбай Қожабеков, Нұрмұхан Жантурин, Әбілқасым Жаңбырбаевтай азулы актерлардан бұйырмаған өнер сыбағасы. Көңілге қаяуы да осы әңгіменің бітпес сөзі мен өсегі. Айып. Айыптау. Өтірік сөздің өтірікші авторлары.  
      Жантуринді бөле-жара айтсақ сіздің кезіңізде кемінде 8-9 қойылымда басты рөльдің бас тізгінін ұстаған – Актер. Бұл таза дерек. Тек, өкінішке орайы, қалыптан бөлек туған талант мінездің өз табиғатынан туған ой ұғымы, одан қалса ортақ өнерге ортақтысы келмейтін кейбір жандардың (Жантуринмен салыстырғанда) күбір-сыбыр, қыбыр-жыбырының жымысқы әрекетінен туған кері әсерлердің кей қылығы, бірге жүріп қатар өскен бастарыңызды бір театрға сыйғызбады. Сыйғызбаған кім, кімдер?.. Қаза берсең қуанышынан қайғысы басым болған бұл жағдай айналып келгенде сахна өнеріне ауыр соққы боп тиді. Біреу кетпей «біреуге» өнер жоқ. «Нұрмұханның театрдан кетуі театр үшін үлкен қасірет болды-ау» – деп, мұң шаққан Сәбира апамның (Майқанова) арғы айтпағы өз алдына. Көп сөз іште..
      Бұл жағдай бір жақты кемшілікте емес. Сол кезде Нұр-ағамыздың театр мен кино өнерін қатар тізгіндеп көбірек көзге түсуі көпке ұнамағаны да белгілі. Театр актерына кино да керек. Жаман да болса жарнама. Алар ақшасы өз алдына. Дегенмен, өнерге шыдау керек, шыдам керек. Актер үшін кино өнері бүгін бар ертең жоқ. Оның зардабын (театр тұрғысынан) талай мықтылар тартудай-ақ тартты. Мұндайда, таланттың жан азығын өнер жолында қалдырмайтын – Театр. Театр – процесс. Театр жанды ерекше өнер. Өнер көшінен қалдырмайтын да театр. Өз өнерін театрдан гөрі киноға көбірек бұрған Нұрекең өмірден осылай өтті. Кетті. Оралмады. Оралтпады. «Ит өмірдің (өнер жолында) қапқанынан ырылы жаман болды». Араша түсер адамды қойып билік жақтан да үн қатқан жан болмады. Келіспей кетісу керісудің аяғы, есікті қайта ашпастай боп мүлдем жабылды. Соңы, опасыз өмір. Ұқпау. Ұғыспау. Режиссер тыңдамау. Болды осымен.
     «Шоқан»-ды сахналап Кененбайдан (Қожабеков) бас Актер шығарам деген үмітіңіз де үзілмес жерден үзілді. Ол кезде Кененбай ағамыздың да кинодан қолы босамай жүрген кезі. Бас бостандығы сахнаға сыймай, экран  бейнесінде «Қазақ өнерінің жұлдызы» атанған Кененбай Қожабековтің де атқа мінген дер шағы. Жүре келе Кененбай ағамыздың да кинодағы табысы жеке бастың ауыр тағдырына ұласты. Өнер адамына бұдан өткен ауыр соққы болмас. Өлшемі жоқ алдамшы өнерден тағдыр таланты осылай күй кешті. Сізге бұйырмаған (бұйыртпаған) дара талант, өнер иесі осылай өтті. Құса өмірмен кеткен сахнаның соңғы көз жасындай болған таза талант. Ауыр тағдыр.
        Уысыңызға ілінбей кеткеннің бірі дала қасқырындай бөлек мінезді, қас талант, кесек үнді Әбілқасым Жаңбырбаев. Ленин рөліне (Әуезов театры) келіп тұрып, театрға аларда тосыннан шамына тиген бір ауыз сөзді көтере алмай Әбекең де келген Семейіне қайта қайтты. Не десекте, өз театрына оралды ту көтерді. Мінезді талант өз талантымен өзі өсті. Бұл да болса өзінің өз жеңісі.
      Осындай қайратты дара таланттармен бірге жұмыс істемесіңіз де өмір бойғы іш наза өкініш ойыңыздан кеткен емес. Талант талантты өнерге қимаса да өлімге қимайтын ішқұса азапта өттіңіз. Осы үштік құрамда (Жантурин, Қожабеков, Жаңбырбаев) Грузияның Захава, Васадзе, болмаса, Шүкір Бұрхановтай актерлар талантымен әлемге танылып, Режиссурада Брехт, Питер Брук, Станиславский, Товстоногов сияқты Мәмбетов атыңыз тіптен дүрілдер ме еді. Бұл енді келместің кеселінде кеткен кер заманның өнердегі өз өкініші. 
      Кейде Режиссердың бағына талантты актерлардың жолықпауы да бір қасірет. Еңбек зая. Бағыңызға орай Ноғайбаев, Шәріпова, Молдабеков, Әшімов, Оразбаев, Тасыбекова, Мышпаева, Әуезбаева, Жайсанбаевтар бастаған жастардың өз уақытыңызға дөп келгені. Ойлары ортақ, оқыған, ниеттері дұрыс жақсы ұжым қалыптасты. Бұл да құдайдың бір сыйы. Одан өзге бұрыннан келе жатқан (тасада қалған) таланттар қаншама. Олардың да көз жасымен тағдырына жауапты сол Режиссер. Әр қайсысы бөлек-бөлек туған кесек тұлға жеке тағдыр. Бір режиссердың бір театрда 60-актерды бірдей ұстап, бірдей талантын ашуы да мүмкін емес.  Айналып келгенде, әр режиссер өз мүдделес таланттарымен топтасып топ құрады. Одан басқа жолда жоқ. Бұл актерға (адамға) қиянат болғанмен өнерге дұрыс. Мұндайда сөз жаман. Ірілендірмейді. Ірітеді. Режиссер сыйғызбайды. Бақталас. Тартыс. Талас. 
       Сіздің бақытыңызға орай сол заманда Үкіметтің өнер әдебиетті қолдауы да ерекше болды. Театрға керекті әр заттың әр шегесіне дейін қадағалап бар жағдайды жасаған жақсы заманда өмір сүрдіңіз. Қолдады. Қорғады. Өсірді. Бұл сөзді бүгінгі сор заманның сор азабын тартқаннан айтамыз. Өнерге деген миллиардтаған ақша бір бастың құлқынында. Корупция. Жемқорлық. Біз (өнер) осылай тындық. 
         Режиссурада адастырмай алып шыққан, негізгі бағыт, сара жолыңыз «Станиславский жүйесіне» негізделген еңбегіңіз, тазалығыңыз. Адалдық. Шындық. Қалай десекте, әлем бойынша сахна өнерінің ең таза негізгі ұстанымы осы «жүйе». Өнеріңіздің басты өлшемі (әр қойылымда) осы жүйемен жұмыс істегеннен еңбегіңіз жанды. Сахна шындығы сахнаның (өнердің) өз шындығында.  Табиғат тазалығы. Реализм. Одан басқаның бәрі қызыл өтіріктің жемісі, есер «эксперимент». 
          Соның бір дәлелі Станиславскиймен қатар өсіп Қызыл комунистерге қызмет еткен режиссер В.Э. Мейерхольдтың тірлігі. Театрды көшеге шығарды, ел ішіне еркін кіріп қатар отырып, театр ішін революция алаңына айналдырды. Осы әдісті сол кездегі театр көрмеген қара халықты театрға тартудың басты әдісі деп ұққандар да болды. Солай болды да. Өнердің негізгі жүйесі «кейіпкер жандылықты» «кейіпкер сынды» шоу «биомеханика»-ға айналдырды. «Реворматор» атанды. Атадық. «Биомеханика». Соңында өз басын өзі жұтып, Сталин әмірімен қаза болды. Солардың сол жаңалығы бүгінде думан-шоудың «ессіз эксперимент» мазағының басты ұстанымына айналды. Тарихтың қатаң заңы қайта соқты. Бұлардың бұл жаңалығын Тәуелсіз болған Қазақ елі жерден жеті қоян тапқандай қайталады. Министрі бастап, жандайшаптары қостап театр біткенді көшеге шығарды. Актер біткен той-томалақтың (сайқымазақ) арам ақша ойыншылары. Төрдегі өнердің басы босағада қалды. Айтатындары тек ақша, ақша. Экспримент деп арнайы фестиваль, конкурс өткізіп, жыл сайын арзан сән-салтанаттар ұйымдастырып ақша жеудің  басты ойыны көрермен түсінбес «көк жынды» ойынға айналды. Бар қазақ театры, өнері, шоуға айналып, шоумендер билеген заман. Осындайда ойға түсетіні қара нанмен жан баққан алдыңғы ағалардың (өзіңізде барсыз) өнер деп тер төккен қадір қасиеті қандай? Оған айтар сөз де жауап та жоқ. Биліктің билігі түсініксіз. Барар жері де белгісіз..
           Сөз дәлелді болу үшін сол кездегі сіз қойған «Қозы Көрпеш», «Айман Шолпан»-ның бүгінгі жын ойнақ көрінісі. Ақыл айтқыш жолбике талантсымақ өнерсіздерге шашылған ел қаражаты кімдерге кетпеді. Сырттан келген сұлу сүлей білгіш білгірлер. Одан қалса сотталу. Соттасу. Қазақ сахнасына ел көрмеген «жаңалық» келді деп бата берген аз ардагер, көп төре. Режиссер біткен жаңалық ашқыш, форма тапқыш. «Театр ізденісте, ғажап жаңалық, көрермен көрмеген сұмдық, талант туды» -  деп шуласып, бөркін аспанға атқан атқа мінерлер. Қуандық. Тойладық. Іштік. Жедік. Соңы, сол сіз жасап қалыптастырған театр өнерін (біржақты) қорлап тындық. Сіз көтерген Театр өнері бүгінде осылай күй кешуде. Жалған намыс. Арсыз тірлік. 
            Өнер жолы «эксперимент» дегенді өлсе де көтермейді. Эксперимент тәжірибе. Өнерге, әсіресе ұлттық өнерге «эксперимент» жасаған ессіздер де түбі оңбас. Өнерге керегі өз өнері. Өнерден өнер жаса. Театрдың талабы да сұранысы да осы. Басты талап тазалық. Тәртіп. Өнер атаулыны «жарнама жасандылық»-қа құрмау. «Плакат» өнердің арзан  әдісін қолданбау. Сатылмау. Сатпау. Сатқындыққа бармау. Сіздің Режиссурадағы негізгі ұстанымыңыз өміріңіздің соңғы кезіне дейін осы басты қағидалардан еш ауытқыған емес. Бұл - мектеп. Академия. Сөз құдіреті ой әрекетінің бірлігі. Өнер сахнасының өзгермес Темірқазық мызғымас құбыласы да осы. Соңғы жауап болса, ол өнер ақыреті.  
                Қорытынды ой. Баға. Қазақ өнеріне жасаған жақсылығыңыз өнер тарихына мәңгі мұра. Елдің өз өнерін өзіне асыл мұрадай қастерлеп, ата-жол салт-дәстүрді өз табиғатынан бұзбай жеткізгеніңіз. Баға жетпес құндылықтың өз бағасын өзіне қайтардыңыз. Өнерден өнер тудырдыңыз. Қазақ театр өнерінің көшін түзеп, барар бағытын (заман талабына орай) өнердің өз тілімен өзгерместей өзгерттіңіз. Қойдыңыз. Дәлелдедіңіз. Сізді, Қазақтың ойына келмейтін ора шолақ «метр» дейтіндерде болған. «Метр» деген бар болғаны өлшем. Мәмбетов өлшемі, Мәмбетов таланты басқа. Адастырмас «Аксиома» ұғымы да осы. Сіз жаман атқа қалып өсек аяңға қалып, менің шәкіртім, жерлесім, ауылым деп өнер ұжымын бұзған жеріңіз және жоқ. Өнер жолында сізге бәрі ортақ. Сіз бөлексіз. Келер уақытта өнердегі жақсы жаманның бәрі айтылар да, жазылар. Ол шындық. 
         Соңғы бас қосу. (2000 жыл) өзіңіздің «Қахарман» атағын алғанда (алты күн қасыңызда болып) өткен өміріңізге өзіңіз шолу жасап, өнерге жарасымды не бір наз өкпелеріңізді (сыр аша) айтқаныңыз: -  Әттең шіркін, Әлихан, Ахмет, Халел, Қарабаев, Тынышпаевтарды  жазып қояр ма еді - деп, бұларды сен жаз, қой, білімің жетеді, деген аманатыңыз. Аманатыңыз орындалды. Солардың әрқайсысын алғашқылардың алды болып жаздық. Қойдық. Әрқайсысы әр театрда кем дегенде 5-6 жылдан аса жүріп, әлі де қойылуда. Ел риза. Премьера. Алар баға көрер қызығын көрерменнің өзі айтты. Осының бәрі сіздің еңбегіңіз, сіздің тәрбиеңіз. Оған өнер куә.  
         Одан өзге көңілге ауыры, өзім көрген бір жайсыз жай. Естен ерекше кетпейтін  қиыны да осы. Өзіңіз өсірген Әуезов театрының көрермен залына көп көрерменнің бірі боп анандай жерде жалғыз отырғаныңыз. (Ұмытпасам, театрдың 75-жылдығы болар). Қасыңызға келдім. Жайғастым. Қарамадыңыз. Қаратпаған көз жас. Жалғыздық. Тек, қолымды қайта-қайта қысып, жіберместен іштен тындыңыз. Сөзсіз мұң ойлар. Өткен шақ. Соның бірі, әлде (театрдан кетердегі) өкпе, өкінішіңіз болар. Сол оқиғаны Фарида тәтем (Шәріпова), - «Ойпырай-ай десеңші, ойпырмай-ай, қайтейін. Өз-өзімді осы күнге шейін кешпейтінім, Әзекең кетерде, тым құрмаса орнымнан тұрып бір ауыз рахмет айтпағаным. Не албасты басты білмедім» - дегені болар. Әлде, басқа ой жеке бастың өкпелері ме? Неде болса, іште кеткен ауыр толғаныстың кешірілмес өз қайғысы.. 
           Жалпы, Режиссер  қызметі бір театрда ары кетсе 10-15 жылдан аспағаны ләзім. Жақсы талант осы аралықта бар берерін береді. Сіздің де алдыңғы он жылдығыңыз солай болған. Одан асса өнерге ауыр, театрға сор. Ар жағын кім білген. Сол кеткеннен қайта оралмағаныңызда алтын басыңыздың бағасы аспанда болар ма еді. Бұл бүгінгі сөз. Заман көші, марапат, мақтау, соңынан соғар тағдыр соқпағы бір басқа. Алдамшы өнер, баянсыз бақ. Айтуға ауыз жеңіл.    
           Қарашаның қаз қайтқан қаралы айында осыдан 15-жыл бұрын дүниеден қайттыңыз. Күнделікке жазғаным: «19. 11. 2009 жыл. Қазақ театр өнерінің қасиетін сақтап, абыройын асқақтатқан Мәмбетов, Әзекеңнің әділ жолы. Бұл қазақ сахнасының арлы ұятты намысты жылдары. Тек, өкініштісі, сіздей дара талант Режиссердың өмірден қайтқанын, ел болып ескеріп «7-апталық күн» бағдарламасы, неге айтпады? Басқа теле-каналдар неге үнсіз? Не үшін? Қалай? Сол кезде, Ресейдің актеры А. Абдулов өлді деп құлағы қарайған Қазақстандық ақпарат хабарлары апта бойы аза тұтып, 40-күн бойы қаза тұтты, көңіл айтты. Н. Караченцовы сырқаттанды деп жыл бойы жылаумен болды. Соның көбі өз қазағың. Алексей Баталовтың алаяққа кеткен екі сотық жері үшін бар Ресей жұрты аяқтарынан тік тұрды. Бұл да сол кез, сол уақыт. Орыс халқы ұлт ұяты «өнер иесінде» деп білді. Дәлелдеді. Ал, өз қазағың өз талантына екі қадам қабірі бұйырмаса да қыңқ демейді. Бір ғасырда бір туар тұлғамызға келгенде тұлыпқа мөңіреген сиыр құрлы жоқпыз. Көрге дейін көтерісу, одан қалса ем қонбас іштен тұнған ішмерез ісік. Көре алмау. Көрмеу». 
            Өзіңізден тәлім алып, көз көрген көңілге, өткен күннің бәрі ауыр. Жетпейтіні Өзіңіз. Жақсы көрсеңіз де жаман көрсеңіз де «идиот» деп еркелеткен бір ауыз сөзіңіз. Тәліміңіз. Тәрбиеңіз. Намысыңыз. Сұлу өнердің өз шындығын өзіне куә еткен (жарастырған) өз мінезіңіз. Сіз жоқсыз. Өнер жоқ. Бұл шындық. Бар айтарымыз, елден, театрдан алған сый құрмет тілеуіңіздің болашаққа деген амандығы. Бұл сізге деген жарасымдылық. Көрерменмен бір туған көңілдің  өз көз жасы. Өнер қайда да – ӨНЕР. Қалғаны, болмағаны келер заманның өз жақсылығынан. Ұлт үшін туған, ел мақтанышы Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетов (Әз аға).  
       Финал. Шымылдық. Сізге баға жоқ. «Өмір-өнердің» ендігі ойыны басқа ойын. Өз ойыңызда қоя алмаған бөлек дүниелер. Болмаса, өмір соңында бас жарылып  таяқ жеген Абай қасіреті. Әлде, реніші жоқ өнердің өз реніші болар. Жалғыз жарық. Одан өзгесі болса, бөлмеңізде қалған өмір бойғы серігіңіз қайқы қара трубка, шылым. Түтін қала. Шаң өмір. Өшкен жарық сөнген өмір. Жалғыздық. Режиссер өмірі осылай өткен. Өтеді. Бәрі де түс өмір...

Ерсайын Төлеубай. ҚР халық артисі. Құрмет, Парасат ордені. Режиссер, драматург.