Әлеумет

Ақмола облысында жазғы дөңгелекпен жүрген 744 көлік тасжолдан кері қайтарылды

Ауа райының күрт бұзылуына байланысты 8–9 қараша күндері Ақмола облысындағы республикалық маңызы бар үш бағытта жазғы шинамен жүрген көліктердің қозғалысына шектеу қойылды.

Ақмола облысында полиция қызметкерлері қысқы жол жағдайына дайын емес, жазғы дөңгелекпен жүрген 744-тен астам автокөлікті республикалық маңызы бар тасжолдардан кері қайтарды, деп хабарлайды Jarialike.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

Ақмола облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 2026 жылғы 8–9 қараша күндері ауа райының қолайсыздығына байланысты үш негізгі бағытта уақытша шектеу енгізілген.

Атап айтқанда:

Астана – Щучинск;

Астана – Шідерті – Павлодар;

Көкшетау – Атбасар тасжолдары.

Бұл бағыттарда жазғы шиналармен жабдықталған көліктердің қозғалысына рұқсат берілмеді. Сонымен қатар ауа райы мен жол жағдайына байланысты республикалық автожолдардың жекелеген учаскелерінде жылдамдық шектелді.

Полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында күшейтілген режимде жұмыс істеді. Ведомство жүргізушілерге қысқы дөңгелекке уақытылы ауысу қажеттігі бұған дейін де бірнеше рет ескертілгенін атап өтті.

Тәртіп сақшылары көлік жүргізушілеріне сапар алдында ауа райы болжамын және жолдағы шектеулерді тексеруді, жылдамдық режимі мен қауіпсіз арақашықтықты сақтауды ескертеді.

Жол жағдайы туралы қосымша ақпаратты «ҚазАвтоЖолдың» 1403 байланыс орталығынан алуға болады.