Алматыдан сақ дәуіріне тиесілі аю бейнесіндегі алтын мүсінше табылды
Алматының Наурызбай ауданындағы Қарағайлы қорымында жүргізілген археологиялық қазба кезінде біздің заманымызға дейінгі IV–III ғасырларға жататын алтын әшекей мен бірнеше адамның сүйегі анықталды. Мамандардың айтуынша, аю бейнесіндегі мұндай алтын бұйым Қазақстанда бұрын кездеспеген.
Алматы қаласының Наурызбай ауданындағы Қарағайлы қорымынан сақ дәуіріне тиесілі бірегей археологиялық жәдігер табылды. Қала әкімдігінің қолдауымен жүргізілген шұғыл қазба жұмыстары кезінде аю бейнесінде құйылған шағын алтын мүсінше мен көптеген адам сүйегі анықталған.
Археологтердің алдын ала зерттеуіне сәйкес, қорған біздің заманымызға дейінгі IV–III ғасырларға жатады. Оның диаметрі 25–26 метр, биіктігі шамамен 2,5 метр. Зерттеу барысында қорымның ежелгі заманда тоналғаны да белгілі болды.
Табылған алтын мүсіншенің басты ерекшелігі – оның аю бейнесінде жасалуы. Ғалымдардың болжамынша, бұйым бас киімді безендіруге арналған. Әшекейдегі арнайы тесіктер оның киімге тігіліп бекітілгенін аңғартады.
Алматы қаласы музейлер бірлестігінің директоры Ләззат Сағындықованың айтуынша, Қазақстан аумағында бұған дейін сақ дәуіріне жататын мұндай бейнедегі алтын әшекей кездеспеген. Бұл олжа Қара теңіз маңынан Алтайға дейінгі Еуразия кеңістігіндегі мәдени байланыстарды зерттеуге мүмкіндік береді.
Қазба кезінде алтын бұйымнан бөлек, қыш ыдыстардың сынықтары мен бірнеше адамның сүйегі табылған. Алдын ала болжам бойынша, қорғанда төрт ересек адам мен үш бала жерленуі мүмкін. Алайда олардың нақты саны әлі анықталған жоқ.
Алматы қаласы музейлер бірлестігінің аға ғылыми қызметкері Марат Нұрпейісовтің мәліметінше, көлемі осындай қорғандарға әдетте бір немесе екі адам жерленген. Сондықтан бір обадан бірнеше адамның сүйегінің табылуы археологтердің ерекше қызығушылығын тудырып отыр.
Қазіргі уақытта зерттеу жұмыстары жалғасуда. Алдағы уақытта антрополог мамандар тартылып, жерлеу рәсімінің ерекшеліктері мен табылған жәдігерлерге қосымша ғылыми талдау жүргізіледі. Зерттеу толық аяқталғаннан кейін құнды бұйымдарды Алматы музейінің экспозициясына енгізу жоспарланған.