Перизат Ізім. Сүюдің азабына тағы түстім
Мен сізді қатты сағынып жүрмін, сағынып жүрмін жақсы адам,
Білесіз бе сіз, менің жаныма жақынырақсыз басқадан?!
Сағынышым мен аппақ сезімдер айналып кетіп ақ бұлтқа,
Алақаныңызға ақ ұлпа болып жаусыншы сосын аспаннан.
Алақаныңызда сағыныштарым аппақ қар болып ерісін,
Бойыңыздағы дір еткізіп бір сезімнің биоөрісін!
Еріп кеткенше еркелейінші, еркелейінші ессіз бір,
Еркелетіңіз есімді алып сүйген болсаңыз мені шын!
Кінәламаңыз сағына берсем, сағына берсем себепсіз,
Кінәламаңыз! Сағынуыма лайық болғансыз демек сіз!
Құзар шың менен тереңдікті қалайтын мына мен үшін,
Өзіңе ғана тән, өзіңе ғана тән биіктігіңмен ерексіз!
***
Қателессем, Тәңірім, кешір мені,
Періште емес жын қақты осы мені...
Ар алдында бір сәтке есеп бермей,
О несі екен, көңілдің есіргені,
О,Тәңірім, кешір мені!
Тұңғиық сырға толған тазалығым,
Кірлетсем ар алдында жазалымын.
Әйелдік әлсіздікке бой алдырсам,
Тәңірім, бер енді өзің жазамды мың.
Адастырма ақ жолдан, сақта құдай,
Қалдырма «жаман» деген атқа бұлай.
Көңілім нәпсіге еріп желіккенде,
Санамнан жарты ақылдың қашқанын –ай,
АРЫМДЫ САҚТА ҚҰДАЙ!
***
Күзді сүйем, күзге айтам бар мұңымды,
Пенделерге қашырмай қадірімді.
Қайырлы түн тілемей білесіз бе,
Өкпелетіп қойдыңыз алдың күні!
Күз бүгін алай – дүлей бұлқынады,
Бұл күн де өтер- кетер, ұмытылады.
Сағынғаным болмаса сізді алыстан,
Жүрегімнің ашқам жоқ құлпын әлі.
Сары күз салды маған тағы уайым,
Сарылып бір –ақ жанды сағынайын.
Кем дүние! Өмір ғой, барлық жанның,
Қона бермес басына бағы дәйім.
Табайын бақытымды сағыныштан,
Жан емеспін мен –дағы алып –ұшқан.
Кей – кейде кеуде тұсым ауырады,
Сезім деген жасырын жарылыстан!
***
Сағасына келдім де сағыныштың,
Сары мұңнан сапырып қанып іштім.
Сезімнің ғажабына сеніп жүріп,
Сүюдің азабына тағы түстім.
Үндемейсіз сырымды ұғып тұрып,
Білмегендей боласыз біліп тұрып.
«Жағдайың қалай?» дейсіз, не қыл дейін,
«Бәрі жақсы!» дей салам күліп тұрып.
Тағы неге кезіктің тағдырыма,
Мені жақсы депсіз ғой барлығына.
Мен болсам жанарымды жуып алдым,
Жасырып Алматының жаңбырына.
12.05.22ж сағ:12:30
***
Баяны жоқ мына жалған бес күнде,
Ұнайын деп жүргенім жоқ ешкімге.
Тағдырымның сынағына иілмей,
Қарсы қарап жүзіп келем көшкінге.
Қателессем сөкпеңіздер жабыла,
Қаяу салып жараланған жаныма.
Наркескенге намысымды жанып ап,
Дақ түспесін деп келемін арыма.
Таңдайымда запыраны зарықтың,
Тағдыр мынау аямайды тағы ұқтым.
Мүлт кетсем-ақ итше талап тастайтын,
Әй, пенделер пиғылыңа қанықпын!
19.05.22ж 19:55
***
Көк троллебус «сүйегі» сықырлаған,
Көңіл күйдің көнбей тұр ырқы маған.
Қара жердің кіндігін тесетіндей,
Қара нөсер жауынның сұрқы жаман.
Түнермеген біраздан бүйтіп аспан,
Сұп-сұр асфальт, сұр қала сиқы қашқан.
Тәнімді емес, жанымды жауратып тұр,
Селт етпей мына қоғам ұйқы басқан.
Қара талдың шаштары жалбыр-жалбыр,
Таяқ жеген қатындай Тағдырдан бір,
Оратылған күшікті бір-ақ тепті,
Жұғым іздеп қайыршы қалбырдан құр.
... Сылбыр тамшы еңсемді езіп кетті,
Сандалған ой көшені кезіп кетті.
Табанына ыза өткен көршім кеше,
Жұмыс іздеп шет елге безіп кетті.
Қоғам сиқы...
қарнымды ашырып тұр,
Құлдық сана... қадірімді қашырып тұр.
Бүрсең-бүрсең халқымның күйін көріп,
Кеудемде бір ыза-кек ашынып тұр!!!
Не істесем екем...
27.09.2023ж
***
Қаладан таппай бір медет,
Даланы аңсап тұрамын.
От кеуде мына қызыңды,
Бауырыңа басшы, Тұраным!
Тұраным- далам, дарханым,
Сағынышымды сарқамын.
Маңдайым тосып тұрар ем,
Майда желіне Арқаның.
Сырласа алмай түнменен,
Көрісе алмай күнменен.
Құрысын бүйткен ғұмырым,
Далада сайран сүрмеген.
Сырласар мұнда Ай да жоқ,
Қаныға алмаймын жәйға көп,
Маған да аса жоқ пайда,
Менен қалаға пайда жоқ.
Сексеуіл, жыңғыл, жүзгені,
Бетеге, жусан, изені.
Балығы ойнап күмістей,
Көлінде шоршып жүзгені.
Бәрін де көңіл аңсады,
Түсіме кірер таңсәрі.
Кетемін бір күн өзіңе,
Қаладан мына шаршадым!
15.12.22ж 18:40
***
«Өмір деген не?» деп бүгін сұрақ қойды бір інім,
Езуіне қыстырып ап қызыл шоқты шылымын.
«Өмір деген, өмір деген...» жауабы жоқ көп сұрақ,
Менде де аса ол жайында айта-тұғын жоқ білім.
«Өмір» дейді бір білгіштер, мына жалған бес күнді,
Өмір бірақ аямайды мүлт кетсең-ақ ешкімді.
Мен де талай сүрінгенмін таяғын жеп тағдырдың,
Зәһарының улы дәмін татып жүріп ес кірді.
Белестерді бағындырып, асқаным жоқ асудан,
Бәз біреудей сақтанбадым ыза жерді басудан.
Біреу күліп, біреу мінеп, тас атса да тасадан,
Күнім үшін кездерім жоқ жантықтарға бас ұрған.
Не айтайын інім саған, әлі бәрін білерсің,
Өзің ғана өміріңе өрнек салар шеберсің.
Сүрінсең де сүрлеуінен сан соқпақта құлама,
Ал, қалғанын Тәңір берген тағдырыңнан көрерсің!
10.06.2023ж 13:27
***
Талдар шешіп жапырақ-сырғаларын,
Түнеріп ашпай аспан сұр қабағын,
Көш түзеді жыл құсы жылы жаққа,
Дегендей «бірдеңеден құр қаламын».
Шығарып сап көңілдің тырналарын,
Мұң тамшысын сия қып жыр жазамын.
Сап-сары сағынышқа оранып ап,
Жұмбақ жанның күтемін бір хабарын.
Суық түнге сүйдіріп қыз жамалын,
Жасырамын жанымның мұздағанын.
Күрең күзге сыбырлап сыр айтамын,
Күткендей тағдырымның бір ғажабын!
Қош деумен күзді қимай қалып барам,
Тәбәрік қып сары мұңды алып қалам.
Өлеңнен жан дертіме дауа іздеймін,
Шабыттың киесіне шалықтаған!
15.10.22ж 12:20