Театрлық жазбалар

Қадыр Жетпісбаев

Театр өнерінің міндеті, сахнаға аз да болса ұлтқа ұғымды ойлы саңылау түсіру. Қойылым алдында театр есігі жабылып, жарық сөніп, қараңғылықтың орнауы бекер емес. Ой сана арқылы көрерменнің жүрегіне сәлде болса сәуле түссе, өнердің ұтқаны. Бұл театр. Өнер рампасы. Сәуле. Жарық. Режиссёр.

Ойды оята білетін режиссёр болады. Олардың алғашқы көші ұстаз режиссёр А.Л. Мадиевский мектебін ашқандар. Солардың ішіндегі өз қоғамына (кеңестік) өзі солақайлау туған, Қазақстанның халық әртісі, ұстаз режиссёр Қадыр Жетпісбаев. «Солақай» деуіміз кемістігінен емес, керісінше, ерекше біткен өрлігінен. Даралығы.

Талант дүниеге келгенде қызғаныш пен көре алмаушылық қоса туады.  Қадекеңнің де кіндігіне қызғаныштың қызыл жібі қоса оратылып туғандай. Бірде-бір театрда орнықты жұмыс істеп, кең көсіліп, алшаңдай басып жүрген емес. Ең ұзақтау қызмет орны Ұйғыр театры. Қазақ театры режиссерлерге келгенде қашанда қиналып ашылатын есігі, Қадекеңе де жабық болды. Жұмыссыз жүрген  күндерінде кім оны іздеді, уақытында алмаған атақ дәрежесіне арашашы болғандар болды ма? Жоқ. Күмән көп жауап жоқ. Шындығында, осының бәріне ол соншалықты зәру болып, бас қатырған емес. Өзгенің талантына қуанбаса ренжіген емес. Азаматтық ары ұстамды, білімі мол, қызғаныштан ада.

Бұ жағдайдың біразын біледі–ау дегендерден бүгінгі күні сұрастырсаң: «енді ол кез солай болды ғой, ана ағаңда сол кезде тарыла қалды, енді солай болады ғой өзі қашанда» - деген сияқты жабағы жүн сыңар езу сөздерден құралған жымысқы жауап. Ешқашанда мәнді дұрыс есті жауап таппайсың. Сонда кім жауапты? Тек өткен өмір, өтеусіз өнер.

Қай заманның кезеңін алсаң да шенді–шекпенділер қашанда таланттыларын әу бастан талап өскен. Себебі, талант көп. Жазықсыз атып, жөнсіз таптап, себепсіз таласа да жетерлік. Таланттыны аямайтындардың алды қашанда ашық. Өнердің өзі «Гладиаторлар» мектебі іспеттес. Бүгін доссың ертең майдан. Іштен шалу мен сырттан қағудың айласына да амал жеткілікті. Триумф–финал. Финал – триумф. Сұраусыз бәсеке.

Қадекеңнің алғашқы өнер майданы М. Әуезов атындағы театр өнерінен бастау алып, қалған еңбек жолы «халық» театрларымен жалғасып, облыстық театр боп кете барады. Осы өнер жолының өн бойында талант ерекшелігі де жалғыз жарықтай өзгелерден оқшау болды. Онысы, өнер атаулыға біткен «үйлесімдік» пен «дәнекерлікке» деген ерекше дара қасиеті. Сахна талабы көрерменнің көңіл күйінің құлақ бұрауын дәл тауып, өнер атаулының жиынтығын кәсіби деңгейге көтерген көз тоятындай дәрежеге жеткізу. Өнер міндетінің негізі «үйлесімдік» пен «дәнекерліктен» тұратынын бірден-бір дәлелдей білген режиссёр. Әттең, бүгінде Қадекеңнің өзін сөйлетсең, осы ойымыздың ой жайлауына өзі-ақ көшіріп апарып, сахна өнерінің бар келбетін қай жағынан алсаң да өзі  ақ талдап берер еді.

Оқығаны мол білімді. Керексіздің өзін керек қылатын керемет қиялы өз алдына. Енді міне, бүгінде көп өнері көлеңкеде қалды. Жақсының артынан ешқашанда жаман сөз ерген емес. Қадекең жайлы қаншама жандардан жөн сұрасаң да, бәрінің айтары оның азаматтығы. Қай қойылымын алсаң да, айтпағы ұлтының ойы мен бояуы. Оның алғы шарттарын Қ. Мұқашевтың «Дала дастанымен» дәлелдеді. Тырнақалды алғашқы қойылымы да оған ә дегеннен оңай соқпады. «Халық жауының» қайтпас бейнесін, яки Ілиястың (Жансүгіров) бейнесін өнер сахнасына әкеле қою ол кезеңде отпен ойнаудың жаңа түрі. Ойнады ойнап көрді, ақыры жеңді. Арадай талап бергендерге ара тұрар жан таппаса да, алған бетінен қайтпады. Дегенмен, ілдә-ділдәлап жүріп өтер өткелден өте де білді.

Жаңалық атаулыға жаны құмар жанның жолы қашанда ауыр. Одан кейінгі Оралхан Бөкейдің «Қайдасың, қасқа құлыным?» қойылымы да тумай жатып тепкіге ілікті. «Енді бұдан кейін қолыма қалам алып, пьеса жазбаспын» деген Орекеңнің де көз жасын көрдік. Сондайда жасымастан күліп қойып, қан майданда жалғыз алысып жүретін тек Қадекең.

Осындайда келместің кемесінде кеткен «цензураны» да сағынады екенсің. Өнердің  күрестен тұратыны рас болса, оның жалғыз жауы ол кезде «цензура». Бүгінде оның бірі жоқ, енді кіммен алысарыңды да білмейсің. Мықты жау болмаған соң өнер де тоқырайды. Небір режиссёрлерды тірідей іреген сол қоғамға кейде риза боласың. Қандай нәрсенің жаманымен бірге жақсысы да болады ғой. Бізге сол керек

Қадекеңнің одан соңғы қойған қойылымдарының авторлары: Сәкен Жүнісов, Оралхан Бөкей, Әкім Тарази, Иран–ғайып секілді ат үстінен  алдырмайтын азулылар. Сәкен серінің «Өлі арасы» мен «Ажар мен ажалы» қандай еді десеңші. Осы «Өлі арадағы» Қадекеңнің режиссёрлық шешіміндей шешім, он жылдан соң Мәскеудегі «МХАТ» театрының сахнасында О. Ефремовтың «Сталевары» қойылымында көрініс тапты. Оны да кезінде көріп өстік. Олег Николаевичтің партия саясатына сай қойған бұл қойылымы Одақтың бірінші басшысы Л.И. Брежневтің қолдауымен мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Бір қызығы, осындай шешім үлгісін осыдан он жыл бұрын дәлелдеген Қадекең. Өйткені, жәутеңкөз жалтақ басшылар Мәскеуден жасқанды, қалған қайраткерлер болса өз көлеңкелерінен өзі сескенді. Алдын бермес ағалардың ауруы асқындаған шақтың ең күлкілі үрейі де осында.

Өнердегі озық тәсілдің осындай бір түрін Иран – Ғайыптың «Тың» қойылымында да дәлелдеді. Мәскеу тағы қайталады. Нақтырақ айтсақ, осы тәсіл біраз жыл кейін А. Калягиннің Мәскеудегі қойылымында тағы да қайталанды. Ұлы көсемніңде ет пен теріден жаралған қарапайым жан екенін режиссёр Қадыр неше жерден дәлелдесе де, мойындалмай–ақ өтті. Осы тәсілді алғаш сахнаға шығарған Қадекеңді Мәскеу неге елемеді? Бұл–әріден келе жатқан ұлтты тұқыртудың көне әдісі.

Қадекең кеңес заманында Мұхаңның «Хан Кенесін» жасқанбастан орыс театрының нақ төрінде талай рет қойды. О заманда әлі күнге дейін орыс театрлары қазақ дүниелері мен режиссёрлерін есіктен әрі аттатпай жатқанда, Қадекеңдікі шын ерлік. Қашанда өнер атаулыда өткел көп болғанымен көпір аз. Өз көпірін өзі ешкімге жалынбай–ақ, әр театрдан өзі ақ тауып алушы еді. «Хан Кенеден» басқа да қойылымдарымен орыс театрларының төрінде талай рет «атой салды» Қойылым үлгілерінің бәрінде де ұлттық ойдың сарыны аңқып, бояуы бетке ұрып тұрды. Бұны аз десеңіз, Абылай есімін айғайлатып тұрып өз баласына ат қып қойды. Ел үріксе де, Қадыр ағамыз қорықпайтын. Жалғыз ұлын елден ерек Абылай атағаны жазмыштың ауыр тағдыры боп соқты. Көлік апаты. Тосыннан келген жол апаты Абылайды қыршыннан қиып түсті. Өнерді өгейсіткені аздай, өмірдің соққысы қоса қапталдап қосыла тепті. Сонда да шыдап бақты. Шыдамасқа лаж қайсы, бір айналдырса шыр айналдыратын өмір, жар дегендегі жалғыз досы режиссер Жәкеңді (Жақып Омаров) де жетелей кетті.

Театр өнері екі дүниенің ортасына біткен ескі есіктей екені тағы да дәлелденді, ары  аттасаң ажал, бері аттасаң сахна. Мұндай жайттың өнер адамының өнеріне керек болғанымен, жеке басқа бұл ауыр сын. Көтермеске шара жоқ. «Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді». Бұл мәтел бір қарағанда өнер адамдарына айтылғандай. Өнер адамының өнері сахнада өткенмен, көптеген кейіпкерлері о дүниеліктердің бейнесінен сомдалады. Сөздері солардан болғанымен, ойыны мен ойы өздерінен. Кебенек–өнерден, кебін-құдайдан. Бұл бұлжымас көне қағида.

Режиссёр өз әлемінде өмір сүрген ортасының ықпалының ығында кетпей, қоғамның қарсы соққан желіне қасқайып қарсы тұрар келбетімен көрікті. Көңілге түйгені мол білімді Қадекең осындай. Қай репетициясын көрсең де, актерді алдаудың «алты амал» айласын жетік білгендігі сондай, әрқайсысын арқадан қағып-ақ алдына салып елпеңдетуші еді. Өз өнеріне өзі толғатып өз кіндігін өзі кесудің де шебері. Пьеса жоқ деп қарап отырмай, қағаз қаламын ала салып, баларға арнап бала боп, үлкендерге арнап дана боп, талай пьеса жазып, өз жазған пьесасын өзі түрлендірді.

Режиссёрлық ерекшелігі «мизансцена» арқылы көркемдеп түгендеудің нағыз білгірі. Мұндай үлгі әр режиссердің бағына ғана біткен. Фантазиясы молынан төгіліп, бүгінгі істегенін ертеңде ерінбестен қайта істеп, түрлендіруге келгендеде алдына жан салмайтын.

Бұ жолда талай өнер адамының арманы атақ атаулыны ала берсем, таға берсем, одан қалса басшыға жаға білсем ғой. Ортақол таланттардың ойыны өмірде де, өнерде де осылай. «Дәніккенен құныққан жаман». Жалғанның бұл жолынан Қадыр ағамыз жаңылмастан таза өтті. Уақытынан кеш алған халық әртісі мен алған үйі де соңғы сапарының соңғы күндерінде ғана қолына тиді. Оған да тәуба.

Өзін өнер өмірде алдамай, атақ үшін алыспай тақ үшін таласпай кеткен Қадекең бүгінде кімге болса да үлгі болғандай. Жалпы, талантты режиссёр өнер жолында әр театрда кем дегенде 3-жыл, әрі кетсе 7-жылдан кейін кеткені дұрыс. Бұл аралықта өнерге берері болмаған режиссерден одан әрі не күтуге болады. Таланттымын деген режиссёрдің өзі 7-жылдан соң қайталану ауруына ұшырайды, немесе театрды шаршатып, өнердің өзін өлтіруі де мүмкін. Әр нәрсеге уақыт төреші, ойланған жөн. Қадыр ағамыздың қадір сыйы да осында. Мүмкін, әр театрда 3-жылдан артық қызмет етпегені де содан болар. Бұл да өнердегі әулиеліктің бір көрінісі.

Бүгінде базармен бірге театр саныда өсті, қуанбасақ ренжімейміз. Базар бағасы қымбаттап, театр құны құлдырап, зиялы көрермендер кеміген кер заман. Одан қалса мазақ күлкі. Білімсіз режиссер, талапсыз актер, талантсыз режиссер. Өнер біткен шоу. Қазақ өнері дәл осылай кете берсе түбі оңбаспыз. Өнеріңді арың билемей ақша билесе ұлтқа келер ең ауыр соққы да осы. Білгенге мұның бәрі уақытша деп өзімізді өзіміз өтірік болса да уатқандаймыз. Дегенмен, Қадыр ағамыз сахнаны сағынумен күн кешіп, өнерді аңсаумен өмірін өткеріп, өнердің күн жағында тұрса да, өнерге көлеңке түсірмей өткен зерделі режиссёр. Қадыр Жетпісбаев осындай.

 

Ерсайын Төлеубай. ҚР халық артисі. Режиссер – драматург.