ХХ ғасырдың ортасы – соғыстан кейінгі КСРО халықының тұрмыс тіршілігінде үлкен бетбұрыстар орын алған ерекше кезең саналды. Дәл осы 1950 жылдары қала мәдениеті жаңа арнаға бұрылып, адамдардың күнделікті өмірінде жайлылық пен «мәдениетті тұрмыс» стандарттары қалыптаса бастады. Осы дәуірдің материалдық мәдениетін, эстетикалық талғамы мен әлеуметтік тарихын айғақтайтын ең басты тұрмыстық заттардың бірі – ыдыс-аяқ пен ас үй жабдықтарына арналған ағаш буфет болып табылады.
Бүгінде сирек кездесетін осындай дүниелердің бірін Кәмен Оразалин музей-үйінің қонақ бөлмесінен көруге болады. Өткен тарихтан сыр шертіп, үнсіз тұрған көне буфет – өткен ғасырдың тынысын бүгінге жеткізіп тұрған асыл мұралардың бірі.
1950 жылы сатып алынған бұл жиһаз өз дәуірінің сән-салтанатын, шеберлік дәстүрін және тұрмыс мәдениетін айқын бейнелейді.
Кезінде мұндай буфетке екінің бірінің қолы жете бермеген. Сапасы мен сәні үйлескен бұл бұйымды ауқатты, талғамы жоғары жандар ғана иелене алған.
Жазушы оны алғашқы кітабы «Жексен» повесі жарық көргенде сатып алып, ұзақ жылдар бойы тұрмыста пайдаланған. Сондықтан бұл жәдігер тек жиһаз ғана емес жазушы өмірінің бір бөлшегі, өзі өмір сүрген дәуірдің куәсі іспеттес. Жылдар табымен уақыт ізі оның сыртқы келбетіне әсер еткенімен, құндылығын кеміте алған жоқ.
Биыл күрделі жөндеуден өткен көне «буфет» толық қалпына келтіріліп, музей төріне қойылды. Оған себеп, Әке мұрасына деген құрмет пен баға жетпес сүйіспеншіліктің арқасында жазушының ұлы Елдар Оразалы жоғары дәрежелі кәсіби маман өз қолымен бастапқы болмысын сақтай отырып, құнды дүниені жасап шықты. Сексен жылға таяу тарихы бар көне «буфет» ынта–жігердің, ұқыптылық пен ыждаһаттылықтың арқасында қайта жаңғыртылды.
Бүгінде бұл буфет Кәмен Оразалин музей-үйінің ең бағалы жәдігерлерінің қатарынан орын алады. Оның әрбір өрнегі мен бөлшегінен өткен заманнның лебі еседі. Музейге келген әрбір жан осы бір көне бұйымға көз тоқтатып, тарихпен тілдескендей әсер алады. Өткеннің өнегесін бүгінмен жалғаған бұл жәдігер музейдің ғана емес, ұлттық мәдени мұрамыздың да қымбат қазынасы болып қала бермек.
ОРАЗАЛИНА Қарлыға
Бекенқызы
Кәмен Оразалин музей-
үйінің меңгерушісі,
жазушының келіні