Ақтөбеде 60 млрд теңгеге шыны ыдыс шығаратын зауыт салынады
Ақтөбеде жылына 256 млн дана шыны ыдыс өндіруге қауқарлы кәсіпорын салу жоспарланып отыр. Жобаға 60 млрд теңге инвестиция тартылып, 300-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылады. Зауытты 2029 жылы іске қосу көзделген.
Қазақстанда шыны ыдыс өндірісін дамытуға бағытталған жаңа инвестициялық жоба қолға алынды. Үкімет Ақтөбе қаласында шыны ыдыс шығаратын зауыт салу жөніндегі инвестициялық келісімге қол қоюды мақұлдады. Келісім Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Aktobe Steklo ЖШС арасында жасалады.
Жобаның жалпы құны — 60 млрд теңге. Құрылыс жұмыстарын 2026 жылдың төртінші тоқсанында бастау, ал кәсіпорынды 2029 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Өндіріс орны толық қуатына шыққанда жылына 256 млн дана шыны ыдыс шығара алады.
Өнімнің 80 пайызы Қазақстанда сатылады
Жаңа зауыттың негізгі мақсаты — отандық нарықты шыны ыдыспен қамтамасыз ету және импортқа тәуелділікті азайту. Қазіргі уақытта Ақтөбе облысында шыныдан жасалған өнімдерді өндіретін кәсіпорын жоқ.
Жоспар бойынша, зауыт өнімдерінің 80 пайызына дейін ішкі нарықта сатылып, қалған бөлігі Орталық Азия елдеріне экспортталады. Бұл жоба отандық тамақ өнеркәсібі мен қайта өңдеу кәсіпорындарын қажетті қаптамамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Өндірісте шыны қалдықтары да пайдаланылады
Кәсіпорын заманауи автоматтандырылған жүйелермен жабдықталады. Өндіріс барысында шикізатты сұрыптау, технологиялық процестерді басқару және өнім сапасын бақылау жүйелері қолданылады.
Жобаның тағы бір ерекшелігі — қайталама шикізатты өндіріске тарту. Қаржыландыру кезеңінде 245 мың тоннадан астам шыны қалдығын қайта өңдеп, өндірісте қайта пайдалану жоспарланған. Сонымен бірге отандық минералды шикізат пен қазақстандық өндірушілердің тауарлары мен қызметтерін пайдалану көзделеді.
300-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады
Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде 300-ге жуық тұрақты жұмыс орны құрылмақ. Қазақстандық мамандарды үздіксіз оқыту және олардың кәсіби біліктілігін арттыру да қарастырылған.
Зауыт іске қосылғаннан кейін шыны ыдыс жеткізу мерзімін қысқартуға, отандық кәсіпорындардың өндірістік қажеттіліктерін қамтамасыз етуге және шыны қалдықтарын қайта өңдеу саласын дамытуға жағдай жасалады.
Дереккөз: Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсы.