ЖИЫРМА ЕКІНШІ СӨЗ
Мирас Әбіл
Театрдағы негізгі мәселелердің бірі - репертуардың тоқырауы.Бүгін көптеген театрларда жаңа қойылым саны бар, премьера бар, афиша бар. Бірақ афишаның көп болуы репертуардың бай екенін білдірмейді. Репертуар дегеніміз – қойылған пьесалардың тізімі ғана емес. Ол – театрдың дүниеге, адамға, қоғамға деген көркемдік көзқарасы.Театр нені не үшін қойып отыр? Неге дәл осы пьеса? Неге дәл қазір? Ол театрдың бүгінгі уақытқа қалай қарайтынын, көрерменге қандай сұрақ қоятынын, қандай дүниені маңызды деп санайтынын көрсететін көркемдік кеңістік.Қазақ театрына жаңа пьесалар керек деген сөзді жиі естиміз. Бірақ жаңа пьеса санының көп болуы да мәселені шешпейді. Театрға ең алдымен сахналық әрекеті бар, конфликтісі анық, бүгінгі адамды мазалайтын сұрағы бар драматургия керек.Пьеса театр үшін жазылғанымен, театр пьесаның соңынан ғана жүрмеуі тиіс. Театрдың өзі де авторға, драматургке сұрақ қоя алуы керек.Ал театртанушының міндеті – осы процесті сырттай мақтап отыру емес. Репертуардың қалай жасалып жатқанын, қандай көркемдік принципке сүйенетінін, нені іздеп, нені қайталап жүргенін талдау.Өйткені театрдың тоқырауы бір күнде пайда болмайды.Ол бір спектакльден кейін екіншісін ойланбай қайталаудан, бір сәтті форманы қайта-қайта пайдаланудан, көрерменге ұнайтын нәрсені ғана іздеуден, «осылай да болады» деген кәсіби немқұрайдылықтан жиналады. Мүмкін, мәселе жаңа қойылымның аздығында емес, жаңа ойдың аздығында шығар.Репертуарды қалыптастырғанда біз кейде «көрерменге не ұнайды?» деген сұрақты бірінші орынға қоямыз. Ал «көрерменге бүгін не туралы ойлану керек?» деген сұрақ кейін қалып қояды.Көрерменге таныс дүниені қайта-қайта ұсыну оңайырақ. Бұрын нәтиже берген форманы қайталау да қауіпсіз. Белгілі драматург, белгілі шығарма, белгілі режиссерлік шешім – бәрі театрды тәуекелден қорғайды.Бірақ театр өнерінің табиғаты қауіпсіздіктен тұра ма? Бір шығарманы басқа театр да қоя алады. Ал дәл осы театр неге қоюы керек?Осы сұрақтың өзі репертуар мәселесін басқа қырынан қарауға мүмкіндік береді.Осы сұрақтарға жауап болмаса, жаңа спектакльдің өзі репертуарлық тоқырауды жоя алмайды.