Бекжан Тұрыс: Ұлттық театр өз болмысынан ажырамауы керек
Қазақтың «Қыз Жібегі» атанған Меруерт Өтекешованың 75 жылдығына арналған халықаралық театр фестивалі театр өнерінің бүгінгі бағыты туралы пікірталасқа түрткі болды. Фестивальдің қазылар алқасының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр және кино актері Бекжан Тұрыс қазіргі қазақ театрының даму үдерісіне қатысты алаңдаушылығын білдірді.
Қазақтың «Қыз Жібегі» атанған Меруерт Өтекешова апамыздың 75 жылдығына орай өткен Халықаралық театр фестиваліне қатыса отырып, мені актер ретінде де, қазақ ретінде де алаңдатқан бір ой болды. Бұл – жеке бір спектакльге немесе белгілі бір театрға қатысты пікір емес. Бұл – бүгінгі театрдың қай бағытқа бет алып, қайда бара жатқанына байланысты туған алаңдаушылық. Біріншіден, театрлар заманға байланысты заманауи түрге көшіп келеді. Соның салдарынан кейбір құндылықтар, яғни театр құндылықтары, театр мəдениеті кері кетіп бара жатқандай әсер қалдырды. Жарқ-жұрқ еткен жарық, құлақты тұндырар даңғаза музыка, түрлі техникалық эффектілер, міне, соның салдарынан актер ойыны көмескіленіп, сөздің салмағын сезіне алмайсың.
Театр – ең алдымен, актер;
Театр – сөз;
Театр – адам тағдыры;
Театр – көрерменнің жүрегіне жол табатын тірі өнер. Актердің ішкі толқынысы, үнсіздігі мен көзқарасы – театрдың ең қуатты тілі. Сөздің қадірі кетсе, театрдың тілі жұтайды. Ойдың тереңдігі жоғалса, спектакльдің жаны жұқарады. Бүгінде сол тілдің орнын сыртқы эффектілер басып жатыр. Актердің үнін ести алмаймыз, ішкі сезімін сахнадан анық аңғара бермейміз. Кейде жарықтың өзі актердің жүзіне түспейді. Ал құлақ тұндырар даңғаза музыканың кесірінен актерге дауысын көтеріп, барынша айғайлап сөйлеуге тура келеді. Сонда сахнадағы сөздің құнын, актердің ішкі әлемін қалай сезінбекпіз? Театр заманмен бірге өзгеруі керек. Бірақ заманға ілесу мен заманның жетегінде кетудің арасы жер мен көктей. Заманауи болу бәрін өзгерту емес. Заманауи болу – өз тамырыңды сақтай отырып, бүгінгі күнмен тілдесу. Қазір көзіміз ашық, бәрін көріп-біліп отырмыз. Біреуден көргенін, біреуден естігенін жаңа қойылымдарға әкеліп кірістіріп жатады. Мұның бәрі байқалып тұрады. Театрға керегі – біреуден көшірілген ой емес, өзіндік көзқарас пен шынайы көркемдік ізденіс. Онымен қоймай, қазіргі режиссерлердің кейбірі пьесаның әдеби нұсқасын өзгертіп, өз қалауынша өңдеп, білгенін істейтін болды. Көзі тірі авторлар болса, ештеңе етпес дейсің, ал өмірден өтіп кеткен біздің ұлы жазушыларымыз Әуезов, Мүсіреповтердің мұрасына қол салып, сөзін, стилін өзгертуге кім құқық берді? “Мен пьесаны көрермен үшін қоймаймын” деген пікірлерді де естіп жүрміз. Сонда өзі үшін қойылған қойылым кімге керек? Театр халықтікі емес пе еді? Ақынның өзі үшін жазған өлеңін, суретшінің өзі үшін салған суретін түсінуге болар, ал театр сахнасы — көпшілік қаражатын төлеп келетін, уақытын бөліп, жүрегін ашып отыратын рухани кеңістік. Сондықтан көрерменді мүлде сыртқа ысырып қоюға болмайды. Иә, театр тарихы бір ұрпақтың ғұмырымен шектелмейді. Бізден кейін де өнер бар. Өсіп келе жатқан ұрпақтың өз айтары, өз ізденісі бар. Олардың бізге ұқсауы шарт емес. Жаңа буынның рухани ізденістеріне құрметпен қараймын. Алайда “біз басқа заманның өкіліміз” деген желеумен кешегі алыптар салған сара жолды бұра тартуға, олардың мұрасын өгейсітуге ешкімнің қақысы жоқ. Қайта сол жолды кеңейтіп дамытып, келесі ұрпаққа аманат етуіміз керек. Бұл – ұрпақ парызы, ұлылар аманатына адалдық. Мен қазақ театрының мәдени деңгейі өзге жұрттан кем түспей, қайта оқ бойы озық тұрғанын қалаймын. Енді фестивальден түйген ойларымды ортаға салғым келеді.
Бірінші мәселе: Фестиваль барысында тым батысшыл бағытқа бет бұрып бара жатқанымызды аңғардым. Көп жерде осыған көз жұма қараймыз. Бірақ бұлай болмауы керек.

Ақселеу Сейдімбектің “бізде екі түрлі рухани мәдениет бар. Бірі – халқымыздың дәстүрлі өнері. Екіншісі – сыртқа еліктеу арқылы қалыптаса бастаған электикалық өнер. Біріншісінің тамыры тереңде. Екіншісі – қаңбақ сияқты” деген сөзі бар. Қазір біз сол екінші бағытқа қарай ойысып бара жатқандаймыз. Сыртқа еліктеуді “жаңашылдық” деп қабылдайтындар да аз емес. Алайда өзгенің сыртқы пішінін қайталау өнерді жаңарту деген сөз емес. Жаңашылдықтың өзегі – ұлттық болмысты жоғалтпай, жаңа көркемдік жол табу.
Екінші мәселе: Халықаралық фестивальдерде қазақ театрының нені ұсынатыны. Біздің режиссерлеріміз осы жөнінде тереңірек ойланса деймін. Шекспирді, Толстойды, Чеховты қойып, жұртты таңғалдыруға, көрерменді таңдай қақтырып, тамсандыруға деген ұмтылыс басым секілді. Ал біз әлемдік мәдениетке біреуді қайталау арқылы емес, өзіміздің төл өнерімізбен, ұлттық болмысымызбен үлес қосуымыз керек.

Гогольдің көркем шығармадағы ұлттық сипаттың маңызы туралы айтқан бір ойы бар: “Шығармада ұлттық пішін айқын көрініс таппай, ұлттық сипат басты орынға қойылмаса, оның көркемдік нәтижесі де көңіл көншітпейді”. Іргеміздегі қырғыз бен өзбек театрларының тәжірибесіне де назар аударған жөн. Олар ұлттық кодынан ажырамай-ақ, өздерінің төл дүниелерін әлемге танытып келеді. Осыдан сабақ алғанымыз жөн. Өз өнерімізді өзіміз тұқыртып, өзгенің жетегінде кете берсек, ұлттық сахна өнеріміздің өзгеге айтары қандай болмақ? Театр ұлттың тілі мен жүрегін сақтап тұрған мәдениет ошағы екенін ұмытпайық.
Үшінші мәселе: “Мұндай фестивальдер тәжірибе алмасу үшін өткізіледі” деген уәж жиі айтылады. Бірақ сол тәжірибе алмасудың өзі қаншалықты жүзеге асып жүр? Жылтыр сөз. Неге? Өйткені ұйымдастырушылардың материалдық күші әр жақтан келген театр ұжымын 3-4 күн бойы тұратын жерімен, ас-ауқатымен қамтамасыз етуге жетпейді. Театр ұжымдары қатысып, өнерін көрсете сап, өзгенің өнерін көре алмай қайтып кеткенде қайдағы тәжірибе алмасу? Сондықтан мұндай фестивальдерді ұйымдастыруға бір жыл бұрын үлкен дайындық жасалса, жан-жақты – Мәдениет министрлігінен бастап қолдау көрсетілсе, “әйтеуір, өткіздік” деген емес, “нәтижесі қандай болуы керек”-ке жұмыс істелсе, сонда мақсат орындалған болар еді;
Төртінші мәселе: Театр фестивальдері көп болсын. Оған қарсылығым жоқ. Керісінше, өнер додалары көбейіп, театрлар арасында шығармашылық байланыс нығая түскені жөн. Бірақ бір театр ұжымының бір қойылымы осындай фестивальдерге қайта-қайта қатыса беруі қаншалықты орынды? Фестивальдің мақсаты – жаңа туындыларды таныстыру, өзара тәжірибе алмасу, өнердегі ізденістерді дамыту емес пе? Ендеше, бұл мәселеге де мән берген жөн. “Айтпаса, сөздің атасы өледі” дейді халқымыз. Әзірге айтарым — осы. Алдағы уақытта көтерілген мәселелердің әрқайсысына жеке-жеке тоқталатын шығармын. Өйткені ұлттық театрдың болашағына қатысты мұндай әңгімелер айтылып, талқыланып отыруы керек деп ойлаймын.