Отамалы итіне көңіл аудармай, сақалын төмен салып жіберіп үнсіз отыр
От пышырлап жанып жатыр.Мінеки, манадан бері от тимей тұрған баялыштың бір жуандау бұтағын жалын тілі бір жалап өтті.
Бірақ ештеңе болмағандай, баялыш бұрынғы күйінде қала берді. От екінші рет соғып өткенде баялыш сәл күңгірттеніп қалды. Сонда да жанып кетпеді. От тілдері көбейіп келіп, үшінші рет шарпылғанда ғана баялыш денесіне от жабыстырды.Отамалы сол баялыш бұтағына қарап отыр.Жаңағы қара бұтақ енді кызарып, шоққа айналып келеді.От тілдері енді бұдан ауысып, бөтен бұтақтарға қарай шапшуда.Әлгі бұтақ түбірінен сынып жерге түскенше, қызыл шоқ күлге айналғанша, Отамалы соған үнсіз қарап, сақалын ұстап, отырып алды.
Біраздан кейін барып ақырын дауыспен:
— Ошақ, сау бол, — деді.
Сосын белін қаттырақ тартып буды да, далаға шықты.
«Ай, Жетіқарақшының теңселуін-ай!»
Баурайдағы қойларға қарай жүріп келеді. Дала едәуір қараңғы. Біраз жүргеннен кейін пырылдап жайылып жатқан қойлардың шетіне ілінді.Кішкене байырқатып тұрғаннан кейін қойларды жайымен орнынан қозғалтып, күндегі әдетінше Темірқазыққа бағыттап өргізді. Қойлар асықпай қаптап жайылып келеді. Ауа бұрынғыдан да шыңылтыр. Жер дегдіп, қата бастаған. Жұлдыздардың бәрі самсап тұр. Бірақ Отамалыға тұрыстары ұнамайды. Шеттерінен қалшылдап, дірілдеп, бір аяғымен секеңдеп тұрған сияқты.«Жұлдыздарға да қиын-ау, жап-жалаңаш, — деп ойлады Отамалы бір мезет... — бірақ олар көп қой».Отамалы қойдың соңынан ере берді. Үстінде шекпені, аяғында байпағы жоқ, тозған етігі бар. Баста жеңіл тымақ, Белінде шақпақ тасты, білтелі, бір кішкене пышақты ескі қайыс белбеу. Артында иті еріп келеді. Ол әлі бір дыбыс шығарған жоқ. Жайшылықта дыбыс шығармай, қожайынының соңынан жалқау еріп отыратын әдеті бар-ды оның....Жетіқарақшы Темірқазықты айналып, түнді жұта берді.Түн ортасында төбелердің бауырынан әрең көтеріліп, ептеп жел есе бастады. Бұл ешкілерге жақсы болды, олар мұрындарын көтеріп, мүйіздерін артқа тастап, жүрісін өндіртті. Қойлар олардың соңдарынан ентелей өріп, тұяқтың тысыры түннің біркелкі тыныштығын бұзып тұр. Әр жерден-ақ тұяққа тиген тас, сынған бұта, секірген малдың топ еткені сияқты дыбыстар естіледі. Төбелердің тас баурайымен жүргенде, бір-біріне тиген тұяқтар ма, тастар ма, шақпақша жалтылдап, төбенің әр жері бір жалт-жұлт етеді. Жусандардың біркелкі жұлынған пытыры, қойлардың пысқырынуы, олардың иісі, артында қалған жылы булары Отамалыға әлі түннің суықтығын сездірмей келе жатыр.Отамалы қолына таяқ ұстағаны болмаса, оған сүйенбейтін.