Күн-Жария

Түркістан ұғымының ауқымы кеңейді: жаңа энциклопедия таныстырылды

Түркістанда жаңа екі томдық энциклопедия оқырманға жол тартты. 880 беттен тұратын ғылыми еңбекте Түркістан тарихы түркі халықтарының ортақ тарихи-мәдени кеңістігімен сабақтастықта қарастырылған.

Түркістанның тарихы енді жаңа ғылыми еңбекпен толықты. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде екі томдық «Түркістан» энциклопедиясының тұсаукесері өтті.

Астана қаласындағы «Ғылым» баспасынан жарық көрген басылымды дайындау жұмыстары 2021-2025 жылдары жүргізілді. Жобаға 300-ден астам ғалым қатысып, оған академик, қоғам және мемлекет қайраткері Дархан Қыдырәлі жетекшілік етті.

Энциклопедия авторлары Түркістанды қазіргі қала немесе облыс аумағымен ғана шектемей, түркі халықтарының ғасырлар бойғы тарихы тоғысқан кеңістік ретінде қарастырған. Осыған байланысты еңбекке тарих, археология, этнография, әдебиет, фольклор, сәулет, тіл және рухани мәдениетке қатысты материалдар енгізілген.

Жоба жетекшісі Дархан Қыдырәлі Түркістанның тарихи маңызын атап өтіп, жаңа басылымның идеялық бағытына тоқталды.

 

«Мағжан ақын айтқандай “Екі дүниенің есігі, ер түріктің бесігі” саналған Түркістан – түрк халықтарының тұтастығын айқындайтын географиялық, этностық, мәдени және саяси кеңістіктегі ауқымды аймақ. Сондықтан “Түркістан” энциклопедиясы тұтас түрк әлемінің мақтанышы, рухани ордасы Түркістанға арнайы тарту ретінде шығарылып отыр», – деді академик.

 

Ғылыми жұмыс барысында төрт мыңнан астам атау мен ұғым қайта зерделенген. Бұрынғы материалдар жаңа зерттеулермен толықтырылып, энциклопедиялық айналымға жаңадан енгізілген тұлғалар, тарихи оқиғалар, жер-су атаулары мен ұғымдарға арналған мақалалар әзірленді.

 

Жалпы, екі томдықта үш мыңнан астам мақала мен ғылыми-танымдық материал қамтылған. Мұнда түркі әлеміне қатысы бар мемлекеттер, тарихи тұлғалар, этностар, терминдер мен категориялар туралы ақпараттар жүйеленген.

 

«Басылымда түрк әлеміне қатысы бар мемлекеттер, шетелдік және отандық ірі тұлғалардың есімдері, этностар, терминдер, категориялар және басқа да тарихи-мәдени, ғылыми-танымдық түсініктер жүйелі топтастырылып, кешенді ақпараттар кеңінен қамтылды», – деді Дархан Қыдырәлі.

 

Еңбекте Түркістан қаласының тарихы мен мәдени мұрасынан бөлек, ежелгі және ортағасырлық кезеңдерге қатысты деректер, археологиялық ескерткіштер, сәулет нысандары, тарихи тұлғалар, әдеби және фольклорлық мұралар қамтылған.

Энциклопедияны тарихи карталар, тұлғалардың портреттері, миниатюралар, жаңғыртпа сызбалар және археологиялық әрі сәулет ескерткіштерінің суреттері толықтырады.

Жаңа басылымның шығуына өңірдегі соңғы онжылдықтардағы өзгерістер де әсер еткен. 1998 жылы жарық көрген бір томдық «Түркістан» халықаралық энциклопедиясынан бері 28 жыл өтті. Осы кезеңде Түркістан облысы құрылып, Түркістан қаласы облыс орталығына айналды. Сонымен қатар өңірдің тарихы мен мәдени мұрасына қатысты жаңа зерттеулер жүргізілді.

Жаңа екі томдық еңбек тарихшылар, түркологтар, археологтар, этнографтар, әдебиеттанушылар, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен білім алушыларына, сондай-ақ Түркістан мен түркі әлемінің тарихына қызығушылық танытатын оқырманға арналған.