Руханият

Елордада «Zhas Alem» балалар мен жастар шығармашылығының алғашқы фестивалі өтіп жатыр

Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда Конституция күніне орайластырылған «Zhas Alem» балалар мен жастардың шығармашылық фестивалі өтіп жатыр. Бұл туралы Астана әкімдігінің ресми сайты хабарлады. Іс-шара Елорда мен Қарағандыдан 370 адамның басын қосып отыр. 

«Zhas Alem» шығармашылық фестивалін құру идеясы биыл жазда пайда болды. Біз бұл идеяны «Көктем» ансамблінің жетекшісі Ғалия Ерсайынқызымен талқылап, оны жүзеге асыруға кірістік. Іс-шараның мақсаты балалар мен жастардың шығармашылық әлеуетін дамыту болып саналады. Біз осындай көптеген конкурстар қаржы ресурстарын талап ететінін білеміз, сондықтан ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға мүмкіндік беру үшін оны өтеусіз негізде өткізуді ұйғардық», – деп атап өтті «Ерекше мерекелер» қоғамдық қорының директоры Ботагөз Игенбаева.

Қор директорының айтуынша, өтінімдер шығармашылық орталықтардан да, мемлекеттік мекемелерден де түскен.

Қатысушылардың 90%-ы балабақша тәрбиеленушілері. Бұл ретте іріктеу өтінімдерді тіркеу арқылы жүргізілді.

Фестиваль қатысушылары вокал, хореография, көркем сөз және аспаптық өнер сияқты бағыттар бойынша 56 нөмір ұсынады.

Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушыларға жүлделі орындар мен қатысқандары үшін атаулы дипломдар табыс етіледі.

Естеріңізге сала кетейік, «Zhas Alem» балалар мен жастардың шығармашылық фестивалі Кенесары көшесі, 32 (Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония) мекенжайы бойынша сағат 17:00-ге дейін жалғасады.

Қатысушыларды марапаттау және гала-концерт сағат 17.00-ден 19.00-ге дейін өтеді. Кіру тегін. «Zhas Alem» фестивалі Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізіледі.