Өндіріс

«Астана Моторс»: автокөлік өндірісінен индустриялық кластерге дейін

«Астана Моторс» үшін өндірістік бағыттың негізін Алматыдағы Hyundai Trans Kazakhstan зауыты құрайды

Қазақстанның автомобиль нарығында «Астана Моторс» компаниясының атауы бұрыннан белгілі. Алайда компанияның бүгінгі жұмысы автокөлік сатумен ғана шектелмейді. Соңғы жылдары кәсіпорын өндіріс көлемін арттырумен қатар, автокомпоненттер шығаруды жолға қойып, жаңа технологияларды енгізіп, Қазақстанда толыққанды автомобиль өнеркәсібін қалыптастыруға бағытталған ауқымды жобаларды жүзеге асырып келеді.

Компанияның қазіргі құрылымында әлемдік автомобиль брендтерінің дистрибуциясы, өндіріс, автокомпоненттер жасау және сервистік бағыттар қатар дамып отыр. Бүгінде «Астана Моторс» құрамында 22 дистрибьюторлық бөлімше мен 57 дилерлік орталық бар. Компания Қазақстаннан бөлек, Орталық Азия мен Еуропаның бірқатар нарығында да жұмыс істейді.

Өндірістегі жаңа кезең

«Астана Моторс» үшін өндірістік бағыттың негізін Алматыдағы Hyundai Trans Kazakhstan зауыты құрайды. Кәсіпорын Hyundai жеңіл автомобильдерін толық циклмен өндіруге маманданған. Зауыттың жылдық өндірістік қуаты – 50 мың автомобиль.

Кәсіпорында өндірісті ұсақ торапты әдіске көшіру, дәнекерлеу мен бояу процестерін кеңейту және жаңа модельдерді шығару үшін өндірістік қуаттарды жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Бұл қадам Қазақстандағы автомобиль өндірісінің жергілікті үлесін арттыруға мүмкіндік береді.

Компанияның өндірістік жобаларының келесі маңызды бағыты – Astana Motors Manufacturing Kazakhstan (AMMKZ) мультибрендті зауыты. Кәсіпорын 2025 жылы жұмысын бастады. Мұнда Chery, GWM-нің Haval және Tank брендтері, сондай-ақ Changan автомобильдерін шығару жолға қойылды.

2026 жылы өндіріс бағыты одан әрі кеңейіп отыр. Атап айтқанда, OMODA және JAECOO автомобильдерін Қазақстанда шығару туралы техникалық лицензиялық келісім жасалды. Алғашқы кезеңде JAECOO J7 PHEV, JAECOO J5 және жаңартылған OMODA C5 модельдерін өндіру жоспарланған. Қазақстанда шығарылған бұл автомобильдерді сату 2026 жылдың тамызынан басталуы көзделген.

Автокомпонент өндірісі – жаңа мүмкіндік

Автомобиль өнеркәсібінің дамуын тек дайын көлік шығарумен өлшеу жеткіліксіз. Оның айналасында қосалқы бөлшек, электроника, орындық, сымдар шоғы, пластик және басқа да компоненттер өндіретін кәсіпорындар қалыптасқанда ғана өндірістің жергілікті мазмұны арта түседі.

Осы бағытта «Астана Моторс» Алматының индустриялық аймағында автокомпоненттер технологиялық паркін дамытып келеді. Оның құрамында автомобиль орындықтары мен мультимедиялық жүйелер шығаратын өндірістер бар.

Мәселен, Almaty Autoparts Production кәсіпорны жылына 100 мың автомобиль орындықтарының жиынтығын шығаруға есептелген. Қазір мұнда Hyundai Tucson моделіне арналған орындықтар өндіріліп, кейін Hyundai Santa Fe үшін де өнім шығару жоспарланған. 2026 жылы кәсіпорын орындық қаптамасын тігу бойынша локализацияның келесі кезеңіне өтуді көздеп отыр.

Тағы бір бағыт – автомобильдерге арналған сымдар шоғырын өндіру. «Астана Моторс» Оңтүстік Кореяның THN корпорациясымен бірлесіп Қазақстанда Kazakhstan Wire Systems кәсіпорнын құруды қолға алды. Жоспар бойынша 2026 жылдың соңында Kia Sportage-ке, ал 2027 жылы Hyundai Tucson-ға арналған өнім шығару басталады.

Бұл жобалардың мәні – автомобиль өндірісіндегі қосылған құнның белгілі бір бөлігін Қазақстанда қалдыру. Сонымен қатар отандық мамандар үшін жаңа инженерлік және технологиялық құзыреттер қалыптасады.

Коммерциялық техника өндірісі

Компания жолаушылар көлігімен қатар, коммерциялық техника өндірісін де дамытып отыр. Hyundai Trans Almaty кәсіпорнының өндірістік алаңдары жаңғыртылып, оның аумағы 7 мың шаршы метрден 19,4 мың шаршы метрге дейін кеңейтілді. Жобаға 12,8 млрд теңге инвестиция салынған. Негізгі мақсаттың бірі – өндірісті жергіліктендіру деңгейін көтеру және коммерциялық техниканың модельдік қатарын кеңейту.

2025 жылы «Астана Моторс» зауытында BYD электробустарының алғашқы партиясы да өндірілді. Бұл компанияның қоғамдық көлікті электрлендіру бағытындағы жобаларға да араласып отырғанын көрсетеді.

Қазақстандық өндірістің географиясын кеңейту

«Астана Моторс» үшін өндірісті дамыту тек бір зауыттың қуатын арттырумен шектелмейді. Компания автомобиль өндірісінің айналасында бірнеше кәсіпорынды біріктіретін экожүйе қалыптастыруға ұмтылып отыр.

Бұл жерде Алматыдағы индустриялық аймақтың рөлі ерекше. Мұнда автомобиль зауыттарымен бірге автокомпоненттер шығаратын кәсіпорындар мен логистикалық инфрақұрылым орналасып, бір-бірімен байланысты өндірістік жүйе қалыптасып келеді. Компанияның мәліметінше, бұл кластерде 2025 жылдың соңына қарай шамамен 5,5 мың маманды жұмыспен қамту көзделген.

Автомобиль өнеркәсібі үшін қажетті лак-бояу материалдарын жергілікті жерде өндіру де осы экожүйенің бір бөлігіне айналмақ. Алматының индустриялық аймағында автомобиль және өңдеу өнеркәсібіне арналған лак-бояу жабындарын шығаратын зауыттың құрылысы басталған. Оның жылдық қуаты 6 мың тоннадан асады деп жоспарланған.

Өндірістен технологияға

Компанияның қазіргі жобаларына қарағанда, «Астана Моторс» үшін негізгі бағыттардың бірі – дайын автомобильді елге әкеліп сатудан біртіндеп өндірістің тереңдеу кезеңдеріне өту.

Бұған дәнекерлеу мен бояу технологияларын енгізу, автокомпоненттер шығару, мультимедиялық жүйелерді локализациялау, орындықтар мен электр сымдарын өндіру сияқты жобалар дәлел бола алады.

2026 жылы компания автомобиль өндірісінің технологиялық базасын одан әрі кеңейтуге бағытталған жаңа келісімдерге де қол қойды. Соның ішінде АҚШ-тың Open Element және Оңтүстік Кореяның Hands Corporation компанияларымен Қазақстанда жоғары технологиялық алюминий дөңгелек дискілерін өндіру жөніндегі бірлескен кәсіпорын құру туралы меморандум бар.

Сондай-ақ 2026 жылғы қыркүйекте Оңтүстік Кореялық серіктестермен автомобиль өнеркәсібі мен автокомпонент өндірісін дамытуға арналған төрт келісім жасалып, олардың жалпы инвестиция көлемі 78,3 млн долларды құрады. Сол келісімдердің бірі бойынша бесінші буын Hyundai Tucson моделін Қазақстанда шығару жоспарланған. Өндірісті 2027 жылдың желтоқсанында Hyundai Trans Kazakhstan зауытында бастау көзделіп отыр.

Автоөнеркәсіптің болашағы – жергілікті өндірісте

«Астана Моторс» компаниясының соңғы жылдардағы жұмысына қарағанда, оның даму бағыты бірнеше өзекті міндетті қатар қамтиды: өндіріс көлемін ұлғайту, жаңа модельдерді игеру, технология трансферті, автокомпоненттерді жергіліктендіру және білікті мамандар даярлау.

Автомобиль өнеркәсібі – ондаған саланы байланыстыратын күрделі өндіріс. Бір автомобильдің артында металл өңдеу, электроника, химия өнеркәсібі, логистика, инженерия, бағдарламалық қамтамасыз ету және қызмет көрсету секілді көптеген бағыт тұр. Сондықтан бұл саладағы өндірістің тереңдеуі басқа да кәсіпорындардың дамуына серпін береді.

Бүгінде «Астана Моторс» осы тізбекті Қазақстанның өз ішінде қалыптастыруға талпынып отыр. Автомобиль құрастыратын кәсіпорыннан автокомпоненттер шығаратын, технология игеретін және өндірістік кооперацияны кеңейтетін компанияға айналу – осы жұмыстың негізгі мазмұнын айқындайды.

Қазақстан үшін мұндай жобалардың мәні шығарылған автомобиль санымен ғана өлшенбейді. Оның артында жаңа өндіріс орындары, инженерлік мектеп, технологиялық тәжірибе және отандық кәсіпорындардың халықаралық өндірістік тізбекке қосылу мүмкіндігі тұр.

Мәншүк Нұржан